Сұрақ: Ораза айт қандай мереке?
Жауап: Ораза айт – Рамазан айы аяқталып, Шәууәл айының алғашқы күндерінде мұсылман қауымының шүкіршілік ретінде тойлайтын мерекесі. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Ораза айт мерекесін мұсылмандардың хижраның алғашқы жылдары тойлағанына куә боламыз. Алла Елшісі (с.ғ.с) Мәдинаға қоныс аударғанда, мұндағы яһуди қауымының тойлайтын айтулы екі мерекесі бар еді. Әз пайғамбар (с.ғ.с) ол мерекелердің орнын Ораза айт және Құрбан айт мерекесімен алмастырды (Әбу Даут, Салат, 239).
Ораза айтты тойлау үшін Рамазан айы аяқталып, Шәууәл айының айы тууы керек. Рамазан айының жиырма тоғыз күнінен кейін келер айдың айы туылғаны көрінсе, онда Ораза айт басталады. Егер, көк жүзін бұлт торлап, ай көрінбесе, онда Рамазан айы отыз күнге толтырылып, келесі күні Шәууал айы кірді деп есептелінеді (Әбу Даут, 3/306).
Ханафи және Ханбали мәзһабы ғұламаларының көзқарасынша Шәууал айының кіргендегі түнде белгісіз болып, келесі күні түске дейін анықталса, онда дереу Ораза айт намазы оқылады. Егер, Шәууәл айының кіргені түстен соң белгілі болса, онда Ораза айт намазы келесі күні оқылады. Бұл жөнінде Әбу Дауттың «Сунанында» мынадай хадис келтірілген:
«Бір топ адам Алла Елшісіне келіп, бір күн бұрын туған айды көргенін айтты. Сонда Алла Елшісі оларға сол күні ауыз ашып, келесі күні Мусаллаға (Ораза айт намазы оқылатын алаң) келуін бұйырды» (Әбу Дауд, ІІ, 227).
Жалпы, Ораза айтты мұсылмандар Рамазанның аман-есен аяқталғанына шүкіршілік ретінде тойлайды. Ораза айтта мұсылмандар бір-бірін құттықтап, әсем киімдерін киіп, көңіл көтеріп, дастархан жайып, бір-бірінің үйлерінен дәм татып, жоқ-жітікке садақа беріп, сый-сияпат жасап, балаларға тарту-таралғы үлестіріп, бір-біріне қуаныш сыйлайды.
Ораза айттың алғашқы таңында күн найза бойы көтерілгенде мұсылмандар мешітке жиналып, Ораза айт намазын оқиды. Ораза айт намазы үшін бой дәреті болсын, болмасын ғұсыл алыну, таза киім кию, жағымсыз иісі бар тамақ жемеу, тісті мисуакпен тазалау, иіс су сеуіп, шаш пен сақалды, тырнақты және дененің түгін сүннетке сай қырып, мешітке келу мұстахап болып саналады.
Ораза айт намазына шығардан алдын үйден құрма немесе өзге де азықтан дәм татып шығу, күлімсіреп жүру, қарсы ұшырасқан мұсылмандарды Ораза айт мерекесімен құттықтау, мешітке жеткенше Алланы зікір ету, мешітке барарда бөлек, қайтарда бөлек жолмен жаяу қайту сүннет амалдардың қатарына жатады.
Таңғы намаздан кейін Ораза айт намазы арасында басқа намаз оқуға болмайды. Бұл жөнінде Ибн Аббас:
«Алла Елшісі (с.ғ.с) Ораза айт күні екі рәкағат намаз оқытып, оның алдында және соңында басқа намаз оқымайтын еді» – дейді. (Тәжрид-и Сарих, ІІІ, 174)
Ораза айт намазын ашық алаңда оқу сүннет. Алла Елшісінің (с.ғ.с) дәуірінде мұсылмандар «Мусалла» деген алаңда Ораза айт намазын оқыған. Бұл жөнінде Әбу Сайд әл-Құдри: «Алла Елшісі (с.ғ.с) Ораза айт намазында «Мусаллаға» шығатын еді. Бірінші намаз оқытатын. Намаздан кейін уағыз-насихат жасап, өзінің ұсыныстарын айтатын еді» дейді. (Әбу Дауд, ІІ, 225)
Ораза айт намазы үшін азан шақырылмайды.
Мұхан Исахан