Егер, ата-бабамыз мумин болып жантәсілім еткен болса, онда жасалған дұға-тілектер мен қайырлы сауапты істер оның рухын шаттандырады. Берілген қайыр-садақалардың сауабы қабір азабынан құтқарып, ақыреттік есебінің жеңілдеуіне сеп болады. Хақ Елшісі (с.а.у) жеткізген хадис-шарифтерінің бірінде марқұмның кіндігінен ізгі ұрпақ қалса, сондай-ақ, тірі күнінде дәйім рухына сауап жазылатын қайырлы іс жасаған болса, онда оның амал дәптері қияметке дейін ашық тұратындығы айтылған.
Ал, бізден бұрын өткен ет-жақындарымызға дұға-тілек жасау бұл біздің міндетіміз. Осылай етуге Хақ Тағаланың Өзі Құран Кәрімде бұйырған. Мысалы, әрбір намазымызда сәлем берместен бұрын оқитын «Раббанағфирли…» атты дұғамыда: «Раббымыз! Есеп құрылатын күні мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа» (Ибраһим, 41) деп жалбарынамыз. Сондай-ақ, Құран Кәрімнің Хашыр сүресінде де: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр!» (Хашыр, 10) деп бұйырылған. Яғни, жақын-жуықтарымыздың арғы дүниеде жүзі жарық болып, жұмақтық болуына дұға-тілек жасап, қайыр-садақа беруіміз, бұл шариғат құптаған сауапты амалдардың санатына кіреді.
Қазақтың салтындағы өлген адамның жаназасы шыққаннан кейін оның артынан жыртыс, тәбірік, киім таратуы т.б шаралар бұл халықтық сипат алған садақа берудің бір жол-жорасы. Базбір дәстүрлі емес діни танымдағы мұсылман бауырларымыз айтқандай, бұлай жасау ешқандай да теріс амалға жатпайды. Сондықтан, өлген адамның артынан қайыр-садақа беруді шариғатқа қайшы деп айта алмаймыз. Бірақ, жағдайы жоқ мұсылман өлген туысы үшін садақа жасауға міндетті емес. Жағдайы келмеген адам марқұмға сауап болатын шариғат құптаған басқа амалдарды жасаса құба-құп.