Бір күні түнде сахаба Хазіреті Омар (р.ғ.) қаланы бақылап шығу үшін көшелерді аралап жүргенде бір үйдің шамының жанып тұрғанын көреді. Үйдің жанына жақындағанда жүн иіріп, өлең оқып отырған бір кейуананың дауысын естиді. Өлеңнің мағынасы былай болатын:
«Ізгі жандардың салауаты мен сәлемі Хазірет Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) болсын! Уа, Алланың Елшісі барша салихалы жандардың саған Алладан рахым тілесін. Сен түнде құлшылық жасап, сахар (түннің үштен бір бөлігі) уақыттарында жылайтын едің. Дегенмен өлім уақыт өткен сайын барлық адамдарға жетеді. Шіркін, ақыретте Алла Тағалам мені сүйікті пайғамбарыммен қауыштырар ма екен, осыны білсем ғой?».
Омар (р.ғ.) бұл өлеңнен қатты әсер алып, көңілі босап жылап қоя береді. Біраз уақыттан соң есікті қақты. Кейуана одан кім екенін сұрады. Ол:
– Омар бин Хаттаб, – деп жауап берді. Кейуана алаңдаулы күйде «Омардың менде не жұмысы бар, түн жарымда бұл жерден не іздеп жүр?» деп ойлады. Сонда Омар (р.ғ.):
– Құдай үшін есікті ашыңызшы, қорықпаңыз, – деді. Кейуана есікті ашқан кезде Хазірет Омар:
– Бағана оқыған өлеңіңізді тағы да қайталып оқисыз ба? – дейді. Кейуана Омардың өтінішімен тағы қайталап оқыды. Өлеңнің соңғы қатарына келгенде Омар (р.ғ.):
– Мені де араларыңызға қосуыңызды өтінемін! – деді. Сонда кейуана өлеңінің соңғы жағына:
«Әттең білсем ғой, ақырет жұрты сүйікті Пайғамбарыма мені мен Омарды қауыштырады ма екен? Аса кешірімді Аллаһым! Омарды жарылқа!» деп аяқтады. Омар (р.ғ.) дән риза болған күйде кері қайтты
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ