Ислам тарихында «абадилә» деп танылған төрт мәшһүр «Абдуллаһ» бар. Бұлардың барлығы да – дініміздің білгір ғалымдары. Солардың бірі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере ағасы Аббастың ұлы – Абдуллаһ.
Абдуллаһ ибн Аббас һижреттен үш жыл бұрын Меккеде дүниеге келген. Дүниеге келе сала оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құшағына алып келеді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) мүбәрак аузында шайнаған құрма мен түкірігін Ибн Аббастың таңдайына жағып, «тахник» жасайды да:
«Уа Раббым! Оны үлкен дін ғалымы, факиһ қыл және оған Құранды үйрет», – деп, дұға етеді. Туа сала Пайғамбарымыздың осындай көркем батасын алған Ибн Аббас ақиқатында дінді терең меңгерген ғалым әрі Құранды ең жақсы білген сахаба болады. Тарихта «Тәржуман ул-Құран» (Құранның тәржіманы) және «Хибр ул-Умма» (Үмбеттің ең үлкен ғалымы) атағын алған да осы Абдуллаһ ибн Аббас. Қазақтың салиқалы адамдарға баланың аузына түкіртіп, бата бергізу ырымы да осы бір сүннеттен келсе керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озғанда Абдуллаһ небары 13 жаста ғана болатын. Алайда, осыншама жасына қарамастан өзінің алғырлығымен әрі зеректігімен сахабалардың арасында ерекше көзге түседі. Халифа Омар (р.а.) оны үнемі мәжілістеріне шақыратын. Абдуллаһ ибн Аббастың өзі былай дейді.
«Бірде Халифа Омар мені Бәдір соғысына қатысқан ақсақал сахабалардың отырған мәжілісіне ертіп апарды. Мені көрген Абдуррахман ибн Ауф:
– Мына жас баланы не үшін біздің мәжілісімізге қатыстырып отырсың? Біздің де бұл секілді балаларымыз жетеді, – дейді. Халифа Омар:
– Бұның орны бөлек екенін сіздер де жақсы білесіздер! – деді.
Тағы бір күні Омар мәжіліске мені және сахабалардың алдыңғы қатарлы ақсақалдарын шақырды. Омардың мақсаты оларға менің ілімімді көрсету екенін іштей сездім.
Халифа Омар сөз алып:
– Алланың жәрдемі мен (көптеген жеңістерге жол ашқан) ұлы жеңісі келген кезде, сондай-ақ адамдардың лек-легімен Алланың дініне кіргенін көргеніңде, міне, сонда Раббыңды мадақ айтып ұлықта һәм Одан кешірім тіле! Өйткені Ол – Тәууәб (құлдарының шынайы тәубесін қабыл етуші, онымен қоймай, оларды артығымен сауапқа бөлеп, сый-сияпатқа кенелтуші)! («Наср» сүресі), – деген Құран аяттарын оқып:
– Бұл аяттар жайлы не дейсіздер? – деп сұрады. Отырғандардан бірнешеуі:
– Алланың жәрдемі мен жеңісі келгенде Алла өзіне мақтау-мадақ айтып, өзінен кешірім тілеуімізді әмір етуде, – деді. Ал кейбіреулері:
– Білмейміз, – деп жауап берді. Қалған бөлігі болса, үн қатпады. Осы кезде Омар маған бұрылып:
– Ей, Аббастың ұлы, сен де осылай ойлайсың ба? – деп сұрады. Мен:
– Жоқ! – деп жауап бердім.
– Онда сенің де пікіріңді білейік… – деді Омар. Мен:
– Алла Тағала бұл аяттар арқылы Пайғамбарының (с.ғ.с.) дүниеден озатын уақыты жақындағанын білдірген. Алланың жәрдемі мен жеңісіндегі мақсат – Меккенің алынуы. Адамдардың лек-легімен дінге кіретіндігін айтуы арқылы Пайғамбарымыздың дүниеден озар уақытының таяғанын айтады. Олай болса, Раббыңды кемшіліктен пәкте, Одан кешірім тіле, Ол үнемі тәубелерді қабыл етуші, – дедім.
Бұл сөздерімнен кейін Омар:
– Бұл мәселеде менің де пікірім – осындай, – деді».
Бұл мәжілісте Абдуллаһ бар болғаны он бес жастарда еді. «Болар бала он бесінде «баспын» дер» деген осы болса керек. Бұл сұрағымен Омар мәжілісте отырғандарға «Қой асығы демеңіз, қолға жақса, сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» дегендей.
Кім білер, қазақтың бұл мақалдары, бәлкім, осы оқиғалардан тамыр алған болар… Қалай десек те, бұл мақалдарға Омар мен Ибн Аббастың осы оқиғасы сұранып-ақ тұр…
Салтан САЙРАНҰЛЫ