“Нұр-Мүбарак” университетінде жаңа 2023-2024 оқу жылына қабылдау емтихандары өтіп жатыр. Яғни бакалавриат бағдарламасы бойынша исламтану, дінтану, теология, аударма ісі, шетел филологиясы шығармашылық емтихандар өтуде. 8 шілде күні маңызды сынаққа сай университеттің Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет профессор-оқытушылар құрамы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерінен құралған мемлекеттік қабылдау комиссиясына емтихан талаптары жайлы таныстырды. Әрқайсысында 4 комиссия мүшесі бар 6 топқа бөлінген емтихан қабылдаушы пәндік комиссия өкілдері талапкерлердің шығармашылық қабілеттерін таразылады. Сондай-ақ болашақ мамандығына сай кәсібін меңгерудегі тұлғалық алғышарттарының болуына зер салынды.
Департамент директоры Мұратхан Махмет: «Биыл діни мамандықтарға қатысты бакалавриат бойынша мемлекет тарапынан 300 білім гранты бөлінді. Оның 270-і 4 жылдыққа, ал 30 орын медресе-колледж түлектеріне арналған. Сондай-ақ биылғы өзгешелік, әрбір университет білім беру бағдарламалары бойынша өздігімен шекті ұпай санын қоя алады. Нұр-Мүбарак университетінде шекті ұпай саны – 60»,- екендігін алға тартты. Шығармашылық емтиханның алғашқы күні медресе-колледждер мен Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курстарының түлектері сынақтан өтті Шілденің 8-15 аралығына бекітілген шығармашылық емтихан 45 балдық жүйе бойынша бағаланса, оның ең төменгі дәрежесі – 15 балды құрайды.
Мемлекеттік грант иелерін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі барынша көп ұпай санына ие болған талапкерлерді саралау арқылы анықтамақ. Биылғы қабылдау барысы жайлы ақпараттарды инстаграмдағы @priem_nmu, @nmu_kz парақшалары арқылы таныса аласыз.