Нұр-Мүбарак университетінде алғашқы курс студенттеріне арналған арнайы салтанатты шара өтті. Биыл 856 білім алушы университетке түскен болатын, яғни 817 бакалавр, 31 манистрант, 8 докторант еліміздегі жалғыз ислами білім ордасында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Студент қатарына қабылдауға арналған «Qosh keldin, Student» салтанатты шарасы қасиетті Құран аятымен басталып, ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат құттықтау сөз сөйледі: Сіздер білім талап етушісіздер. Өздеріңіздей білімді сүйгендердің дәрежесін Алла Тағала көтеріп қоятындығы Құран Кәрімде ерекше айтылған. Сондықтан білім алып, дінге, Отанға қызмет етуді негізгі мақсат етіп, білім жолында ешқашан жалықпаңыздар,-деп білім иелерінің артықшылықтарын айтып, жастарды жігерлендіріп қойды. Білім жолына түскен алғашқы қадамдарымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Ал проректор, доктор Қайрат Құрманбаев университеттің ерекшелігі мен артықшылығын айта келе, студенттерді білім алудағы уақытты бағалауға шақырды. Мысыр мен Түркиядан келген 20-дан аса шетелдік ғалымдар білім беретін еліміздегі бірегей білім ордасында оқу, дін маманы болудың жауапкершілігі мен болашақ мүмкіндіктері жайлы айта келе, білім иелерінің өзгелерден артықшылығы жайлы насихатымен жастарды ынталандыра түсті.
Сондай-ақ проректор кеңесшісі Ерлан Надиршин университеттегі комплаенс-қызметін түсіндіріп өтті. Жемқорлыққа қарсы кез келген сәтте сенім телефонына хабар беруге болатынын әрі құпиялылық сақталатынын де атап өтті. Ал Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Бауыржан Шайзан университет құрылымымен таныстырып, ішкі тәртіпке тоқталды. Қоғамдық шаралараға берсенді араласып, қосымша сабақтарды тиімді пайдалануға шақырды. Қосымша дәрістерге қатысты Нұр-Мүбарак мешітінің бас имамы Жалғас Жақсыбекұлы жан-жақты түсіндірді. Ал жоғары курс өкілдерінің өз тәжірибелері мен қателіктеріне қатысты сыр бөлісуі студенттер үшін құнды ақпарат болғаны рас. Салтанат шара соңында студенттерге студенттік карталары табысталып, жаңа қадамдарына сәттілік тіледі.