Осы жерде Селжұқилер салтанатының қысқа мерзімде парсы-мұсылман үлгісіндегі иерархиялық ұйымы бар мемлекетке айналғанын да атап өту керек. Ұлы Селжұқилер империясы өзінің шырқау шегіне жетті. Шығыста Хорезм мен Батыс Ауғанстан Ғазнавилерден бөлініп алынды. Мәлік-шахтың тұсында Селжұқилер Мауераннахрға келіп, Караханилерді бағындырды және Қашғар ханына өзінің билігін мойындатты.
Рухани өмір саласында уәзір Низам әл-Мүлік жанына ғалымдарды да жұмылдыра отырып (олардың ішінде әл-Ғазали де болған) күш салып шиизмді саяси жеңіліске ұшыратады, ал сүннизмнің нығая түсуіне жол ашады.