Сұрақ: Неліктен «түшкіру – Алладан, есінеу – шайтаннан» деп айтылады?
Жауап: Мамандардың айтуынша, түшкіру – рефлексті түрде тыныс алу жолдарында тұрып қалған шаң-тозаңдар мен зиянды ұсақ заттарды қас-қағым сәтте сыртқа шығарады. Нәтижесінде адамның дем алуы жеңілдеп, рахаттанып қалады. Сол үшін дінімізде түшкірген адам Құдай Тағалаға «әл-хамду» деп шүкірлік айтуы тиіс.
Ал енді есінеу адамды жалқаулыққа шақырады. Әдетте, бойын ұйқы билеп, жалқаулығы ұстап, жұмыстан жалтарып, қисайып жатқысы келген адамның есінеуі де жиілеп кетеді. Мұндай адамның денесі ауырлап, аз қозғалуды қалайды. Сол үшін есінеуді шайтаннан деп айтса керек.
Себебі пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Расында, Алла Тағала түшкірушіні жақсы көреді де, есінеушіні жақтырмайды. Егер адам түшкіріп Аллаға мақтау айтатын болса, онда мұны естіген әрбір мұсылман «Алла саған рахым етсін» деп айтуы тиіс. Ал есінеу – шайтаннан…», деп айтқан (Бұхари).
Дінде есінеген адам ауызын оң қолымен жабуы – сүннет.
Жалғас САНДЫБАЕВ