Ислам діні мұсылмандарды татулық пен бірлікке, ынтымаққа шақыратынын ұмытпауымыз керек. «Мүміндер бір-біріне бауыр» (Хужуруат сүресі, 10) деген аят, ««Бір-бірлеріңді жек көрмеңдер, бір-бірлеріңді қызғанбаңдар, бір-бірлеріңнен теріс айналмаңдар. Әй, Алланың құлдары, бауыр болыңдар!» деген хадис осының айғағы. Мұсылман қоғамында діни құндылықтарға ерекше мән берілетіндіктен, ол қоғамда дінді үйретушілер де, үйренушілер де әрдайым болатыны сөзсіз. Өйткені дін дұрыс сенімді әрі талаптарын іс жүзінде дұрыс атқаруды талап етеді. Бірақ дұрыс сенім мен дін талаптарын дұрыс орындау керектігіне көңіл бөлумен шектеліп, діннің өзара татулық пен ауызбіршілікті сақтау секілді өзге де талаптары бар екенін ұмытуға болмайды.
Әрине, хадисте «Дін – насихат» делінгендіктен, діннің насихаты жүрген ортада сұрақтар мен жауаптар болуы заңды. Десе де сұрақ көбіне білу үшін қойылса, кейде айтушыны тұқырту үшін де қойылатын кездері болады. Сондықтан тыңдаушылардан орынды сауал қою талап етілсе, айтушы оған егер білсе, байыпты жауап беруі тиіс. Алайда айтушыға бәрін білу шарт емес, барлық сұраққа жауап айтуы да міндет болмаса керек. Өйткені мұсылман ғалымдарының ескертуінше, «білмеймін» деп айта білу де қажет. Бәрін білуші тек қана Алла. Бұған қоса, тыңдаушылар да жөнсіз сауал қоюдан тартынғаны дұрыс. Өйткені хадисте ертеде кейбір қауымдардың жөнсіз сауалдар қоя беруі себепті жер бетінен жойылып кеткені айтылады. Жалпы алғанда, Ислам мәдениеті адамды сыпайылыққа, байсалдылыққа, сабырға шақыратындықтан, діни ақпарат алмасу мәдениеттілік пен сыпайылық шеңберінде жүруі тиіс. Одан асып талас-тартысқа ұласпауы керек. Өйткені ешқашан қызу айтыс, талас-тартыс, дау-дамаймен діннің көсегесі көгермейді. Сондықтан мына өлшемге қараған дұрыс: сөз таластырған жағдайда арадағы сыйластыққа сызат түсе ме, түспей ме? Егер ол адамдардың арасына сына қағып, бір-біріне салқын қарауға, тіпті жағаласуға дейін апаратын болса, ондай таластан ешқандайда пайда жоқ. Таласпен біреуді дегеніме көндірем деу әбестік. «Талас достың достығын азайтып, дұшпанның дұшпандығын арттырады» деген сөз бекер айтылмаған. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) «Таласпаған әрі ешкімді ренжітпеген мұсылман жұмаққа барады» (Тирмизи), «Өзінікі дұрыс бола тұра, дауласпаған адамға жұмақта сарай беріледі» (Табарани) деп, өсиеттерінде арнайы ескерту жасаған.
Ғылыми мәселеде пікірталас үлкен ғалымдардың арасында кездескен. Дегенмен олар да ескертілген хадистерге сай бұны өте сыпайы ғана жүргізген. Бұл бір жағы олардың әр түрлі көзқарасқа ашықтығын да білдірген. Мәселен, Әбу Ханифа бірде ұлы Хаммадқа ешкіммен таласқа бармауын ескертеді. «Әке, өзіңіз де пікірталасасыз ғой» дегенінде, «Біз мәселенің ақиқатын білдіру үшін қарсыласқа сыпайы ғана ой тастаймыз. Оны ренжітіп алмауға, көңіліне келер іс жасамауға қатты көңіл бөлеміз. Ал сендердікін байқасам, тым қатты кетудесіңдер. Қарсыласты тұқыртпай қоймаймын деп бекінгендейсіңдер. Оның ренжігеніне көңіл бөлмейсіңдер, бұл дұрыс емес» деген.
Ойлап тұрсақ, талас-тартыстың арадағы татулықты бұзып, мұсылманды биязы мінезден ажырататын кері жақтары көп. Атап айтсақ, ол егес пен ерегеске себеп болады. Ал ерегес бар жерде илігу, дұрыс сөзге тоқтау деген болмайды, адамдар қайта қырсыға түседі. Ондайда ол қайткенде де өз уәжіне жығуға тырысады. Шайтан үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Осы пайдаланып ол адамдар арасына от салып, екі адамды бір-бірін енді көрместей етеді.
Таласта өзімшілдік, менмендік пен менбілемдік те қатар жүреді. Сен менің білгенімді білмейсің дегендей кеудемсоқтық та араласпай қоймайды. Құранда періштелердің өзі «Раббымыз, біз сенің білдіргеніңді ғана біле аламыз» деуде. Өзіне жолдас болып ерген Мұса пайғамбарға Қызыр «Әй, Мұса, Алланың ілімінің қасында екеуміздің білгеніміз ана теңізден құстың тұмсығына ілінген судай ғана» дегені бар. Сондықтан мен білем деп кеуде қаққан адамның шын мәнінде түк те білмейтінін айтуға болады.
Талас қызғаныштан да туады. Исламда қызығуға орын бар, алайда қызғануға орын жоқ. Өйткені хадистерде адамның бар жақсылығын қызғаныштың жалмайтыны ескертілген.
Талас жеңген адам үшін де, жеңілген адам үшін де жақсылық әкелмейді. Жеңген адам қарсыласын тұқыртқанына мәз болып, өзін одан артық көре бастауы мүмкін. Тәкаппарлыққа баруы мүмкін. Ал хадисте жүрегінде тозаңдай тәкаппарлығы бар пенденің жұмаққа кірмейтіні ескертілген. Жеңілген адам болса, «Жеңілген күреске тоймайды» демекші, іштей дайындалып жүріп, тағы бір жерде таласып, қайткенде де сөзімді дәлелдесем деген ойдан арылмайды.
Сөз таластырғандар бір-бірінің артықшылықтарын көрмей, екеуі де мүдірту үшін қарсыласынан кем-кетік іздей бастайды. Айыбы болса әшкерелеп тастаудан да тайынбайды. Тіпті жасын сыйлау, ілімін сыйлау секілді тұстар да еленбей қалады. Ал бұның мұсылманға жараспайтын қылық екені белгілі.
Талас-тартысқан мұсылмандар сырт көзге жағымсыз көрінеді. «Сенің айтқаның дұрыс емес, менің дерегім дәлелді» деп, не айтса да дәлел сұрап қызылкеңірдек болып айтысқандар өзара сыйластықтан жұрдай болады. Көбіне бір айтысып, ренжіскендердің қайта татуласып баяғы сыйластығына келуі қиын. Сондықтан білгенін ғана айтқан адамды білмеген тұсына қыстаудың қажеті жоқ.
Анығында, бүгінгі күні елімізде оқырмандардың діни сұрақтарына берілетін жауаптар бұрынғыға қарағанда жүйеленіп келеді. Қазір әр сұраққа саласына қарай арнайы мамандар жауап бере бастады. Мысалы, ислам бойынша фиқһ, тәпсір, хадис, ақида, тарих секілді әр саланың өз мамандары қалыптасу үстінде. Ендігі жерде халық сұрағын маманға қойып, одан тұщымды жауап алуға мүмкіндік тауып отыр. Бұған қоса, оқырмандар өздерін толғантқан сұрақтарын мешіт имамдарынан бастап, муфтият.кз, пәтуа.кз, е-ислам.кз, ислам.кз сынды бірқатар беделді сайттардағы арнайы мамандарға қоя алады.
Сондықтан діни мәселені талас-тартыс, дау-дамайға айналдырудың орынсыз екенін әрдайым қаперде ұстағанымыз дұрыс.
Дайындаған А.Алтынбекұлы