Бүгінде Наурыз мерекесін Шығыс елдерінің басым көпшілігі тойлайды. Наурыздың исламға қатысы болмаса да көптеген мұсылман елдерінде, мұсылман халықтары арасында кең тараған. Мәселен, ол мемлекеттік деңгейде Албания, Әзербайжан, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және басқа елдерде тойланады. Сондай-ақ Татарстан мен Башқұртстан сынды Ресей аймақтарында, Қытайдың, Үндістанның, Ирактың жеке аймақтарында атап өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды дәстүрге айландырған.
Наурыз мейрамының шығу тегіне үңілер болсақ, зороастризмді ұстанған парсы елінің ежелгі тарихына тірелеміз. Зороастризмнің «Авеста» қасиетті кітабында Новруз мерекесі туралы айтылған. Авестаның іліміне сәйкес, адамдар әр көктемде жердегі тіршіліктің пайда болуын атап өтуі керек. Парсы деректері бойынша, Наурыз мейрамы біздің дәуірімізге дейінгі 550-330 жылдар шамасында, яғни осыдан 2500 жылдай бұрын Ахеменидтер династиясы кезінде тойланған. Зороастризмді ұстанушылар үшін жаңа жылдың келуін көңілді тойлау адамзаттың шүбәсіз міндеті, әлемдік қараңғылықпен, зұлымдықпен күресудің күшті қаруы, маңызды сәті болды. Ертеде отқа табынушылардың мейрамы болған Наурыз бірнеше ғасырлар бұрын өзінің діни мәнін жоғалтып, шын мәнінде көктемгі жаңару мен табиғаттың оянатын мерекесіне, халық үшін жаңару мен шабыт, ынтымақ пен бірігу мерекесіне айналды.
Иранның бай мәдениетінде зороастрийлерден мұра ретінде ерекше қамқорлықпен сақталып қалған мерекенің бірі – Наурыз мерекесі. Наурыз сөзі – парсы тіліндегі «ноу» (жаңа) және «руз» (күн) сөздерінің қосындысы ретінде, «жаңа күн» мағынасын береді. Наурыз – ирандық күнтізбе бойынша жыл басталатын күн, көктемнің астрономиялық басы, көктемгі күн мен түннің теңелу уақыты. Ирандықтар минутына дейін есептелген жыл басының дәл уақытын «сал тахвил» деп атайды. Мәселен, биыл 2023 жылдың 21 наурызында Иран күнтізбесі бойынша 1 фарвардиннің 00.54 минутында ирандықтар 1402 жылды қарсы алатын болады.
Наурыз тамырын өте ежелгі кезеңнен алатындықтан, оның тарихы мифтік, тіпті ертегілік сипатта қабылданады. Қазіргі Иранда Наурызға дайындық күндерін қоспағанда, жаңа жыл келгеннен кейінгі мерекелік іс-шаралар 13 күн бойы жалғасады. Халықтық шараларға тоқталар болсақ, Наурыз мерекесінен бірнеше күн бұрын, Иран қалаларының алаңдары мен көшелерінде Наурыз мейрамының келуінің хабаршылары ретінде «аму Ноуруз» немесе «Хаджи Ноуруз» атты адамдар шығады. Олар ерекше дәстүрлі қызыл түсті киім, бастарына үшкір бас киім киеді, беттеріне қара түсті май жағады. Осылайша қолдарына сыбызғы алып көшелер мен алаңдарда Наурыз келуі жайлы хабар беріп, өлең оқып, ән салады.
Наурыздан бір апта бұрын барлық үйлерде арнайы көктемгі тазалық – «Хане текани» өткізіледі, үй іші міндетті түрде тазартылады, кілем, паластар, перделер жуылады, үй ағартылады, тұрмысқа қажетті жаңа заттар сатып алынады. «Үйді қағып-сілку» мереке алдындағы тазалау ғана емес, бұл көктемнің, тазалық пен жаңару уақытының символы. Бұл іске барлық отбасы мүшелері қатыстырылады, себебі осындай жұмыстар жақындардың бір-бірімен одан да тату, бауырмал болуына ықпал етеді.
Иран базарларының ерекше жандануы осы мереке қарсаңына сай келеді. Мейрамнан екі апта бұрын халық жаппай сауда жасауға кіріседі. Бұл күндері базар, дүкен сияқты сауда орындары кілем, палас, аяқ киім, тәтті тағамдар, жеміс-жидек, боялған жұмыртқа, қызыл балық сияқты мерекеге қажетті бұйымдарға толы болады. Одан өзге үй қожайындары – Наурыз күндері үйіне қонаққа келетін балаларға арнап банктен ұсталмаған жаңа ақша қағаздарын алады. Банктер де үлкен мейрамға арнайы дайындалып, барлық қызметкерлер жалақыларын жаңа банкноттармен береді.
«Сабзе» – бидайдың немесе жасымықтың жасыл өскіндері – өмірдің, көктемгі жаңаруының символы, мерекенің ажырамас атрибуты саналады. Наурыз басталғанға дейін екі-үш апта бұрын арнайы дәндер дайындалып, денсаулық, бақыт пен амандық тілей отырып, олар сумен толтырылған таяз қыш ыдысқа салынады. Наурызға қарай «сабзе» жақсы өсіп шығады. Өскіндер қызыл лентамен байланып, жаңа жылдық дастарханға «хафт син» элементтерінің бірі ретінде қойылады да үйде жаңа жылдың 13-күніне дейін сақталады.
Наурызға байланысты көне дәстүрдің бірі ол – «хафт син» (жеті «син» әрпі) дастарханның дайындалуы. Әр әулет өз үйінің ең жақсы бөлмесіне дастархан дайындайды. Дастархан үстінде міндетті түрде басқа мәзірден өзге «син» әрпінен басталатын жеті элемент болуы қажет, олар: сир (сарымсақ), сиб (алма), сабзе (жасыл өскін), сенджед (шығыз жиде), серке (уксус), саману (пудинг), сомағ (сумах). Бұдан өзге дастархан үстіне Құран, айна, шырақ, жұмыртқа, алтын балық, анар, нан қойылуы қажет. Мерекелік үстелді безендіретін заттардың әрқайсысы символдық мағынаға ие.
Ирандықтар ескі жылдың соңғы аптасының сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнін «чахар шанбе сури» деп атап, ерекше тойлап өтеді. Бұл күнге арнайы көже – «Ош Чахаршамбе Сури» әзірленіп, тәтті дәм жасалынады, туған-туысқандар шақырылады. Бұл күні көженің бір бөлігін кедейлерге тарату дәстүрі бар. Бұл дәстүрдің маңызды бөлігі от жағылып, отбасы мүшелерінің оттан секіруінде. Ондағы негізгі сенім, барлық жамандық пен дерт отқа жанып кетеді де, адам қасиетті қызыл оттан денсаулық пен жақсылық алады. Сонымен қатар, аптаның соңғы бейсенбісінде туысқандар бейіт басына жиналып, қайтыс болған адам үшін Алладан медет сұрайды.
Наурыз мерекесі қарсаңында араз адамдар өкпелерін ұмытып, қайта табысады, қарыздарын қайтарып Жаңа жылға ерекше дайындықпен аяқ басуға тырысады.
Осылайша, жаңа жыл келуіне бірнеше минут қалған уақытта отбасы мүшелері жаңа киімдерін киіп, «хафт син» дастарханы басына жиналады. Үй иесі қасиетті Құраннан бірнеше аят оқиды. Бұл күні алыстағы барлық отбасы мүшелері дастархан басына жиналуға тырысады. Жаңа жыл келген дәл уақыт радио, теледидар арқылы жария етіледі де, «накоре» атты музыкалық аспапта ежелгі әуен орындалады.
Жаңа жыл келген алғашқы сәттен әулет мүшелері жаңа жылдың табысты болуын тілеп, жақсы тілектер айтады, бір-бірін құшақтап, беттерінен сүйеді. Ата-аналар балаларына мерекелік сыйлықтар береді. Көбіне бұл сыйлықтар, ақша немесе алтын монета түрінде табыс етіледі. Сыйлық беру мен сыйлық алу Наурыз мерекесінің негізгі дәстүрі саналады. Мейрамның алғашқы күнінен-ақ кездесулер мен қонаққа бару рәсімі басталады. Ең алдымен ата-ана үйіне, жасы үлкен туысқандар үйіне, кейінірек басқа туысқандар, достар, қызметкерлер үйіне құттықтап кіру абзал.
Наурыз мерекесінде барша халық қуанышты болсын деген ниетпен ауқатты адамдар мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге тырысады. Кез келген адам қалауынша таныстарына, зәру адамдарға немесе алдын ала банктегі есеп нөмірі жарияланған орындарға қаражат бөле алады. Қоғамдық орындарда арнайы сыйлық пен ақша жинастырылады. Бұл шаралар Иранда «Қайырымдылық мерекесі» деп те аталады. Одан жиналған ақша жетімдер үйі, интернат, кәрілер үйі, мұқтаж отбасылар, қаражаты аз студенттер мен оқушылар сияқты орындарға беріледі.
Жаңа жыл мерекесінің тағы бір негізгі іс-шарасы «сиздах бе дар» (он үші – үйден тыс) деп аталады. Зороастризм мифологиясы бойынша 13 санының жағымсыз деп саналуына байланысты, фарвардин айының, яғни жылдың алғашқы айының 13-күнін жұрт үйден, қаладан тысқары өткізеді. Бұл күні таңертең адамдар арнайы дайындықпен жақындары немесе көршілерімен жиналып қала сыртына немесе демалыс орындарына шығады. Әңгіме айтып, тамақ жеп, қыздар болашақтарына тілек айтып, бал ашады. Дем алып болған соң, үйлерінде арнайы бидай, бұршақтан өсірілген өскіндерін су ағатын арық пен жылғаларға тастап, кешкісін үйлеріне оралады.
Иранда фарвардин айының 1-нен 4-не дейінгі күндер және 13-і барлық мемлекеттік мекемелер үшін демалыс күндері саналады. Ал мектеп және басқа да оқу орындары 1-нен 13-фавардинге дейін демалыста болады.
Наурыз дәстүрлері діні мен сеніміне қарамастан оңтүстіктегі Парсы шығанағынан солтүстіктегі Каспий теңізі жағалауына дейінгі барлық ирандықтарды біріктіріп келеді.
Ежелгі заманнан бері иудаизм, христиан және ислам діндерін ұстанатын көптеген халықтардың арасында тамыр жайып, Наурызды тойлау дәстүрлері кең таралып жалғасып келеді. Наурыздың ежелгі әдет-ғұрыптары бізді өткен өркениетпен біріктіріп қана қоймай, өткен, қазіргі және болашақ арасындағы «алтын көпір» болып табылады.
Жасай бер, Әзиз Наурыз! Құтты қадамың барша халыққа ынтымақ, бейбіт өмір, өркендеу мен молшылық алып келсін!
Мәдина ӘБІШЕВА,
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты
дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы