Баланың есімінің болашақта тұлға ретінде қалыптасуда ерекше мәні зор болғандықтан, балаға ат қою – кез келген халықта бар, ерекше мән беріліп, өмір-салт ерекшеліктеріне қарай түрліше көрініс табатын істердің қатарына жатады.
Ал, ислам дінінде бұл тек қана әдет-емес, ата-ананың баласы алдындағы міндеті саналған. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) ат қоюға айрықша мән берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте өз және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан жақсы ат қойыңдар», – деп мұсылмандарды жақсы ат қоюға шақырған.
Есімдері нашар мағынаға келетін адамдардың аттарын өзгертіп отырған. Адамзаттың асылы (с.а.с.) өзіне берілген ерекше парасаты арқылы атаулардың мән-мағыналарына ерекше назар аударып, жақсылыққа жоритын.
Пайғамбарымыздың: «Ғифар руын Алла кешіріп, жарылқасын, Әсләм руына Алла есендік берсін! Усай Алла мен оның елшісіне қарсы шықты..»,– деген хадисі де осы ұстанымын нақты көрсетеді (Бухари, Манақиб 6; Муслим, Фадаилус-сахаба 183). Бұл хадистегі «ғифар» сөзі кешірім түбірінен туындайтын «ғәфара» етістігінен, «әсләм» сөзі «сәлимә» есендік берсін, сәлем болсын деген түбірден, ал «усай» сөзі қарсы шығу, бас көтеру деген мағынаға саятын «асаия» етістіктен туындайтын есім сөздер. Қазекеңнің де адам аттарын ырымдап жатуының осындай мұсылманшылық ұстанымнан туныдауы бек мүмкін. Сондықтан ата-бабаларымыз: «Атына заты сай болсы!»,– деп бата беретін.
Жақсы ат қоюға шақырған адамзаттың асылынан тәлім алған мұсылман үмбеті үшін пайғамбарлардың, сахабалардың, әулие, ізгі адамдардың аттары қашан да жоғары саналған.
Ал, пайғамбарлардың аттарының ішінде, пайғамбарлар Падишасының (с.а.с.) есімінің орны тіптен айрықша. Сондықтан да мұсылмандардың, әсіресе, араб мұсылмандарының арасында ең көп таралған есімдердің бірі – Мұхаммед. Ислам шариғатында балаға «Мұхаммед» деп ат қоюға қатысты ешқандай тыйым жоқ. Қайта керісінше, рұқсат екендігіне қатысты бірқатар хадистер бар.
Тіпті «Мұхаммед» деп атаудың артықшылығына қатысты хадистер де келген. Ибн Асакирден келіп жеткен: «Кімде-кімнің бір баласы болып, оған тәбәрік ретінде Мұхаммед деп ат қойса, ол да, баласы да жұмақтық» (Мунауи, Фәйзул-қадир, 4-т., 237) деген хадисті имам Суюти хасан деп бағалаған екен (Ф. Бешер. Фыкыһ араштырмалары ышыгында фетвалар. Измир, 1991, 119-б.).
Демек, «сәбиге ұлы кісілердің аттарын қою ауыр» тиеді дегеннен гөрі, соларға, әсіресе, Пайғамбарымызға (с.а.с.) ұқсасын деген ниетпен «Мұхаммед» деп қою мұстахаб (жақсы) саналады.
Ал ата-бабаларымыздың «Мұхаммед» деп атамай «Махамбет, Мәмбет, Мұқан, Мұқаш» т.б. деп атауына келсек оның да өзіндік себебі жоқ емес. Мәселен, Әзірет Омардың (р.а.) кезінде мынадай бір оқиға орын алған екен. Бір күні Мұхаммед ибн Зәйдке әлдекімнің «Әй, Мұхаммед! Осы істі басыңа салған – Алла» дегенін естіген Омар Зәйдті шақырып алып: «Сен үшін адамдар Алла елшісін сөгуде. Аллаға ант етейін, бұдан былай Мұхаммед деп аталмайсың», – деп, атын Абдуррахман деп өзгерткен екен. Осындай жәйттар жанына батқан Омар (р.а.) Куфа қаласындағыларға балаларын Мұхаммед деп атамауға қатысты бұйрық жіберген.
Мәдинадағы «Мұхаммед» деген балалары бар кейбір адамдарға олардың аттарын өзгертуді талап еткен. Алайда, бұған Алла елшісінің өзі рұқсат бергендігін айтқан кезде, Омар оларға ешнәрсе демеген (Нәуәуи, Шарху Муслим, 14-т., 364-б.). Осы жерден де байқағанымыздай Омардың (р.а.) бұл ұстанымы – діни емес, толықай адамның ішкі сезіміне негізделген субъективті көзқарас. Оның бар ойы, пайғамбарға (с.а.с.) деген құрметті сақтап, қастерлеу еді.
Сондықтан да кейбір ғалымдар адамдардың бойында діни жауапкершілік пен тақуалық азайып кеткен шақтарда, балаларды бұлай атамағанның дұрыс екенін айтқан. Демек, баласына ондай атты бергісі келген ата-ананың оның тәрбиесіне ерекше мән беріп, ықтиятты болғаны жөн.
Аталарымыздың да «Мұхаммед» деп ат қойғанымен оны толық атамай өзгертіп айтулары – бір жағынан Пайғамбарымыздың атын қоюдың абзалдығына сенгендіктен туындап жатса, екінші жағынан оған деген құрметтің аяқ асты болмауын қалаған ерекше бір түсініктің жемісі.
Алау Әділбаев