Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы орталық мешітте медиа орталық ашылды. NAQYL MEDIA деп аталатын кешеннің ашылуына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Бас мүфти алдымен жақында Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан атын иеленген мешітті аралап, соңғы жасалған құрылыс жұмыстарымен танысты. Мешіттің бас имамы Естай Айтуғанұлы 11 айда атқарылған жұмыс есебін беріп, алдағы жоспарын бөлісті.
Наурызбай қажы Тағанұлы қала әкімінің орынбасары Самат Саятұлымен бірге медиа орталықтың тұсаукесер шарасына қатысып, орталықпен танысты.
«Біз әр өңірде «Халық арна» телеарнасының филиалдарын ашу арқылы діни контентті көбейтсек дейміз. Сіздер жаңа төл телеарнамызға бір жағынан демеу білдіріп, сапалы, мазмұнды материал дайындауға тиіссіздер. Студияларыңыз бар, осыны сәтімен қолданып, сапаға жұмыс істейік» деді Бас мүфти орталықтың ашылуында.
25 шаршы метрді алып жатқан жаңа студияда уағыз-насихат, онлайн дәріс, Құран үйрену сабақтары және түрлі бейнероликтер дайындалады.
Айта кетейік, 24 мамырда Қарағандыда басталған Бас мүфтидің ресми сапары Теміртауда аяқталды. Сапарын қорытындылаған Наурызбай қажы Тағанұлы аймақ бас имамына нақты тапсырмалар жүктеп, бірнеше нәтижелі келісімге қол жеткізді.