Сөздікте нәпсінің «рух, жан, өмір, тыныс, болмыс, адам, нәпсі, тән, тәннен туындайтын қалау» деген мағыналары бар. (Рағиб Әл-Исфахани, Әл-Муфрадат «нфс» бабы; Лисану л-Араби «нфс» бабы).
Құран Кәрімнің бірнеше аятында «Нәпсі» түрлері мен қызметтері туралы хабар берілген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде нәпсінің танымы мен дәрежелері туралы көптеп айтылған. Міне осы себептен сахабалар және олардан кейін келген алғашқы екі буын нәпсінің танымын жасауға мұқтаж болмады. (Ибн Жәузи әл-Қаииум, Әр-Руһ, 178 бет)
Құран Кәрім (Әл-Имран 28, 30; Мәйда 116; Әнғам 12, 54; Таха 41) аяттарында адамдардың және жындардың (Әнғам 130), жансыз пұттардың (Әнбия 43; Фурқан 3) нәпсісі бар екені жайында айтылған. Алайда періштелердің нәпсісі бар екені айтылмаған. Міне осы себептен адам – жан мен тәннің бірігуінен құралған болмыс және тәннің іс-әрекетін жандандыратын рух екені күмәнсіз.
Ал сопылық ілімі Құран Кәрімге жәна Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистеріне сүйене отырып, адам рухының алты дәрежесі бар екенін нақтылаған. Бұған тағы біреуін қосып, «кемел рухты» нәпсінің жеті дәрежесі болатынын айтқан. Жеті нәпсінің есімдері мен қоса мағыналарын төменде көрсеттік.
- Нәфс-и Әммаре: Алланың әмірлеріне мойынсұнбайтын, тыйымдарын ойланбастан орындайтын, Алланың разылығы деген түсінігі жоқ нәпсі.
- Нәфс-и Ләууәмә: Алланың әмірлеріне кейде мойынсұнып, кейде бағынбайтын, істеген күнәлары үшін қайғыратын және жақсы істеріне қуанатын нәпіс.
- Нәфс-и Мулхәмә: Илһам алатын, таза, пәк болған нәпіс.
- Нәфс-и Мутмаиннә: Иман негіздеріне сенетін, Исламның бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұнатын және күмәнданбайтын, сонымен қатар, тұрақты ғибадат ететін, Алламен рухани байланыс орнатып, ләззат алатын нәпсі. (Құран Кәрімнің бір жерінде айтылған)
- Нәфс-и Радииә: Барлық жағынан Хаққа бет бұрып, Аллаға саналы түрде сенген (әр ісінде Алланың разылығын іздейтін) және Аллаға әр ісінде разы болатын нәпсі.
- Нәфс-и Мәрдииа: Жаратылыс болмысымен Аллаға бағынатын және Алла да оған разы болған нәпсі.
- Нәфс-и Каамила: Барлық жамандықтан арылып, рухани кемелдікке жеткен жан. Бұл нәпсінің дәрежесіне жеткен адамның барлық әрекеті сауаптан және әрбір күйі ғибадат болып саналады.
Шын мәнінде, нәпсі сол нәрсенің өзі, мені, мәні және шындығы. Оның пікірінше, «Нәфс-и мутмаинне» сол дәрежеге жеткен адамды білдіреді.
Сөзімізді Құран Кәрімнің «Фәжір» сүресінің 27-30 аяттарымен қорытындылайық. «Әй, жай тапқан жан! Сен Раббыңа разы болған, Раббың саған разы болған жағдайда оның алдына қайт. Менің құлдарымның қатарына қосыл! Жұмағыма кір!»
Исатай БЕРДАЛИЕВ