23 қаңтар – қасиетті Ережеп айының алғашқы күні.
Ардақты сахаба Әнәс (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала жерді жаратқан кезде жер құрма ағашы секілді оңға-солға сілкініп, теңселе бастады. Сол кезде Алла Тағала жерде таулар жаратып, жердің теңселгенін басты. Періштелер таудың күштілігіне қарап таңғалысып Алладан:
– Уа, Раббымыз! Таудан да күшті бір мақұлық жараттың ба? – деп сұрайды. Алла Тағала да:
– Иә, темірді жараттым, – дейді.
– Темірден күшті не жараттың?
– Отты жараттым.
– Ал оттан күшті не жараттың?
– Суды жараттым.
– Судан күшті не жараттың?
– Жел жараттым.
– Желден күшті не жараттың? – дейді періштелер. Сонда Алла Тағала:
– Адамды жараттым, – деді де сөзін жалғап,
– Егер ол адам оң қолымен садақа беріп, берген садақасын сол қолы көрмейтіндей жасырса, онда одан да күшті болмақ, – дейді (Тирмизи).
Мына дөңгеленген дүниеде Ұлы құдіреттің шеберлігімен жасалған өте көп жаратылыстар бар. Сол жаратылыстардан асып түсетін адам баласы екені хадисте меңзеледі. Себебі, өзінің нәпсісін тежеп, оның ырқына бой бермей шайтанмен күресу оңай емес. Адам баласының болмысында сараңдық, тәкаппарлық, менмендік, дүниеге, атаққа, таққа деген махаббат бар. Десе де, соның бәріне қылбұрау салу мықтының мықтысының, күштінің ең күштісінің қолынан ғана келеді екен.
Дінімізде қасиеті мол, пендені жақсылық жасауға ынталандыратын қасиетті айлар бар. Тіпті, әрбірімізде мүмкіндік бар деп айта аламын. Осындай «мүмкіндікке толы мүбәрак айда» қоғам ішінде жақсылықтың жаршысы болып, жүрекке мейірім, құшаққа жылулық сыйлауға болады.
Қарап отырсақ, жақсылық пен мейірімнің мына дүниеде атауы өте көп. Тек жақсы істі, жақсылықты көретіндей даналық жетпей жатады. Бір адамның қарнын тойдырып не киіндіріп, болмаса аз ғана жәрдеміне жарасаңыз, оның өзі жақсылық деп есептеледі.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған «Фирдаус» жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар», – делінген.
Жоғарыдағы хадистің өзінен біраз нәрсені пайымдауға болады. Рахманның рахымына бөленіп, күнәларымыздың кешірілуі бәлкім жақсы іспен жалғасса керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Алла төрт түнде жақсылықты төгіп шашады. Олар: Құрбан айт түні, Ораза айт түні, Шағбан айының он бесінші Бәрағат түні және Ережеп айының бірінші түні».
Міне, қасиетті үш айлардың басталуымен Ережеп айы да келіп (23 қаңтар – Ережеп айының алғашқы күні) жетті. «Ережеп – пейіштегі суы сүттен ақ, балдан тәтті, сап-салқын дарияның аты. Оның суынан ережеп айында ораза ұстап, жаман істерден арылғандар ғана іше алады» деп айтылады.
Адам баласы күнәсіз емес. Бос сөзі мен көп қателігі болуы бек мүмкін. Осы мүбәрак айлар бізге Алла тарапынан берілген үлкен мүмкіндік айы.
Жасаған қателік-күнәларымызға кешірім тілеп, Жаратқаннан үздіксіз жарылқау тілеу арқылы жанымыз бен тәніміз тазарады. Тіпті біз үшін рухани тәрбие айының бастауы деуге болады.
Ережеп сөзі «Бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп айы харам айы болып саналады, яғни бұл айда Алла Тағаланың тыйым салған харам нәрселерден барынша алыс болуымыз қажет.
Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ережеп айы келген уақытта: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді рамазанға аман-есен қауыштыра гөр!» – деп дұға тілейтін.
Ережеп айы туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың күнәларды кешіретін әрі Алла Тағала үшін сүйікті ай екендігі, бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылғандығы, осы айда пайғамбарлардың тәубесі қабыл болғандығы жөнінде айтылатын хабарлары бар.
Қазір адам баласын азғыратын, оп-оңай аяғынан шалып адастыратын азғындық атаулы жетіп-артылады. Кейде желіге кіріп, көңілің құлазитын кез болады. Неліктен? Азғындық атаулының шектен шығуынан. Сананы улап, адамдар тек қана жамандықты таратып жатқандай бойыңды ауырлық сезімі басады.
Ал адам баласының өмірінің мәні, қадірі жақсы із қалдырып, өзгелерге пайдалы болуымен арта түспей ме? Сондықтан да біреуге жақсылық жасай алмасаң да, зияныңды тигізбеу де садақа іспетті.
Ал қасиетті айларды негіз етіп, жақсылықтың бағасын арттырсақ нұр үстіне нұр емес пе?! ?!
Ардақты сахаба Әбу Хурайра (р.а.): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Құлдың таң аттырған әр күнінде екі періште аспаннан түседі және бұлардан бірі былай дұға жасайды: «Уа, Жаратушымыз! Бергеннің нығметін арттыр». Екіншісі былайша дұға жасайды: «Уа, Жаратушымыз! Сараңды шығынға ұшырат, нығметін азайт».
Қазақ халқында да «Береген қол алаған қолдан қайырлы» деген тәмсіл бар. Ғасыр ауып, уақыт көшсе де ізгілік ешқашан өшпейді!
Алла Тағала бізді Өзі берген дүниесін разылықпен сарп етушілердің қатарынан етсін. Ережеп айында Раббымызға тәубе етіп, кешірім сұрауды, айналамызға жақсылықтың дәнін себуімізді нәсіп етсін. Қоғамда АДАМГЕРШІЛІКТІҢ салтанат құруына өз үлесімізді қосайық. Өмір сүрудің алтын қағидасы, негізгі ережесі ол – адами қалпыңды жоғалтпау.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
Дінтанушы-сарапшы