Сұрақ: Бала кезінен намаз оқитын құрдасым алпысты алқымдады. Оған: «Сен жәннатқа кіресің» деп айтсам, маған ренжиді. Осылай айту дұрыс па?
Жауап: Сіз құрдас ретінде мұндай сөздерді айтуыңыз әбден мұмкін. Бірақ, исламда адам мұндай мақтау сөздеріне масаттанбауы тиіс. Мұсылман өзінің жасаған құлшылығы мен қайырымдылығын міндет қылмайды. «Мен бала кезімнен намаз оқимын», «Мен пәленше мәрте қажылыққа бардым», «Мен түгенше жақсылық жасадым, сол үшін жәннатқа кіремін», – деп сенімді сөйлеуге болмайды. Бұл тәкаппарлыққа ұрындырады. Алла тағала тәкаппарлық турасында былай деп ескертеді:
«Жер жүзінде дандайсып жүрме. Себебі сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың. Осы барлық жаман нәрселер, Раббыңның қасында жек көрілген» (Исра: 37-38).
Тіпті, пайғамбар (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде «Жәннаттық он адам», – деп сүйіншілеген Омардың (р.а.) өзі балиғат жасына жетпеген балақайлардан дұға сұрап жүрген. Ол кісінің ислам жолындағы қызметі сонша, сөзі төрт мәрте аятпен расталған. Солай бола тұра мұсылмандардың әмірі хазіреті Омар өте кішіпейіл, қарапайым өмір сүрген.
Ертедегі тақуалардың бірі: «Қайғы – тәбетті тежейді, Алладан қорқу – күнә жасауға жібермейді, Алладан үміт ету – құлшылық жасауды күшейтеді, ал өлімді еске алу – құмарлықты шектейді», – деп айтқан. Сондықтан да исламда қарапайымдылық, кішіпейілдік сияқты мінездер қош көрілген. Себебі әркімнің жасаған құлшылығы, ізгі амалы немесе берген садақасы жеке басы үшін есептеледі. Ол жасаған құлшылығын міндетсінетіндей басқа біреу үшін жасамайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ