…Намаз маған не берді дейсіз бе? Күні кеше қаланың қақ ортасын ойған зәулім мешіттің жұма намазына бардым. Нанасыз ба, ол жаққа аяқ баспағалы екі жылдың көлемі болыпты.
Екі жылды сұрамаңыз, қажеке, өзіңіз білесіз, баршаны әуре-сарсаңға салып келе жатқан тәжді індеттің ылаңы, одан қалды таң мен кешті таңдамайтын кәсібім бар дегендей.
Бір ғанибеті, індет адам мен адамның арасын ажыратқанымен, Алла мен адамның арасын үзе алмады. «Сақтансаң сақтаймын» деген Құдайға әрдайым үйімнің де, жүрегімнің де төрі дайын. Ал, кешегі мешіт ауласындағы намаздың әсері өтті маған.
Ғажайып бейне, сібірлеп жаңбыр жауғалы тұр, күн де жарқырап тұр, қара жерге төселген бір метрге жетер-жетпес кішкене кілемшелер, оның үстіне жалаң аяқ жайғасқан азды-көпті адамдар. Қашықтықты сақтаған күйде жан-жақтарына қарауға мұршалары болмаса да, ұнжырғалары түспеген үмітті көздер.
Аспанды әуелеткен Құран, азан, насихат, жамағат, жаймашуақ. Осы бір бақытты сәтті ешбір суретші бейнелей алмайтын бейне бір шедеврге қарап шаршағаным бірден басылды. Сенесіз бе, иық тірескен жамағат намазын сағындым, өткен күндеріме ойым жүгірді, өзегіме тығылды, жерді тескен екі көзімнен мына жалған өмір керуен болып ақты…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Бұрын күйеуім ащы суды едәуір жұқалатты, айқай-шуымыз көкке көтеріліп, шаңырақтың шаңы күніге шығып жататын. Ойлаңызшы, мазасыз үйдің дастарханы қандай болушы еді? Азан-қазаннан естері шыққан үш балам не ішіп, не қойғанын білмейтін.
Үйде отырғаннан ба, жан-жаққа қарауға шама жоқ, есіл-дертім күйеумен арпалысу. Туған-туыс, жұрағатты ұмыттым, кеудем тағдырға деген реніш, өмірге деген өкпеге толы. Әрі біреу бірдеңе десе, бастан сөз асырмаймын.
Ол кезде мұның бәрін өзімше қалыпты деңгей деп ұғындым. Алайда, өмір ағысы бір арнамен ақпайды екен. Қалай үйімізге намаз кірді, солай күрт өзгердік. Жамандықтың бәрінен арылдық, есімізді жидық, етек-жеңімізді жинадық. Аллаға шүкір, қазір үйімізде берекет, асымыз адалданды, көңіліміз тыныш, балалар мәз, рахат өмір кешіп жүргендейміз…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Бірден айтам, қатайған жүрегімді жібітті, сабырлық берді, тілімді тыйды, жанымды емдеді. Бұл ғанибетке келуіме тағдырым себепкер. Күйеумен ажырастым, төлейтін алименті аз, еш дүниеге жетпейді, екі ұлымды аяққа тұрғызу оңайға соқпады. Туғандарым көмек берсе де, таңның атысы, күннің батысы, ешқайда қаратпайтын қу бір тірлік. Оған қосылған жалғыздық бар әрі тұйық табиғатыма ашушаңдық қосылды, сөйтіп мейірімсіздене бастадым.
Өзегімдегі өртті қалай сөндірерімді білмей, өшімді ұлдардан алатынды шығардым. Уайымнан қабағым ашылмады, бойымды беймәлім қара күш басқандай, басым дыңылдап көп ауыратын болды, бір сөзбен өзімді бақытсыз сезіндім.
Құдайдың құдіреті шексіз екен, қалай намазға бет бұрдым, төбемді орамалмен жаптым, солай біртіндеп бәрі орнына келе бастады, басымның ауырғаны сап тыйылды. Былайша айтқанда, намаз мені жұбатты, рухымды емдеді, бір қалыпқа келтірді, өмірдің парқын түсіндірді, сол баяғы тірлік, бірақ бақытты намаздан таптым десем артық емес. Қазір екі перзентім екі қанатым, өзімді жалғыз сезінбеймін…
…Маған ба, намаз не берді, ұқтым, аға, ұқтым. Менің бір құлағым толығымен, екінші құлағымның жиырма пайызға естімейді. Туа біткен дерт болуы тиіс, алғашқыда әкем мен анам байқамаған, кейін білді, кеш болды дегендей. Осы кемістігімді ешбір жанға білдірмеймін деп намыстанып өстім.
Сондықтан болар, сәл нәрсеге ашушаң, қызба мінезді болдым. Түрім келіскен өрімдей өсіп келе жатқан ауылдың қызымын. Сабақты беске оқимын, үй шаруасына пысықпын, көзге көрінген кез келген іске ширақпын, бірден іліп алатын қасиетім бар. Нәтижесін бүгіндері көріп отырмын, қазақы ою көрпелердің ісмерімін.
Ол кездері әкем жұма сайын мешітке барады, Құран оқытып, садақа береді. Мешіттен имамдар қолына діни газет-жорналдар ұстатып жібереді. Бірақ, оны өзі оқымайды.
Алғашқы діни сауатымды ашуға «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» жорналдары себепкер болды. Бір кездері елімізге Моңғолия, Қытай елінен қандас бауырларымыздың көші ауған уақыт болды емес пе. Сол тұста сыныбымызға өте биязы, сабырлы, әдемі, қолаң шашты, ақ құба қуыршақ қызды басына тақия киген, жүзі жылы бір кісі ертіп әкелді. Кейін сұрастыра келе, діни тәрбиені сіңіріп өсірген әкесі болып шықты.
Шынымды айтсам, сол қыздың әңгімесімен әлем шарлағандай болдым. Біріншіден өзімді өзім қабылдауды үйрендім, екіншіден сүрелерді жаттай бастадым, үшіншіден мектептен шыға сала мешітке жүгіретінді шығардым. Түні бойы намаз оқуды үйренгенім, таң ата әкеме қуанышымды жеткізгенім, мен үшін бұл естен кетпейтін Алламен қауышқан түн мен күн.
Не керек, Алланың мейіріміне мына әлем аздық етеді екен. Осы бір кемістігіме қаратпастан жар сүйгізді, үш бала берді, жұбайым екеуміз бірге Құран да, намаз да оқимыз, Алламен көп сырласамыз…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Аға, Алла маған күні бүгінге дейін бәрін беріп келеді. Бұрын ойына келгенін істейтін, аузына келгенін сөйлейтін әкемнің ерке қызы едім. Қайта анам қатал қарайтын.
Оныншы сыныптамын, ауылымызда алғаш рет мешіт ашылды, азан айтылды. Еркетотайлықпен желпілдеп бірінші болып барғансың ғой. Бірақ бұл ісімді әкем не анам, туысқандарым құптамады. Алланың құдіреті шығар, оларға беріспедім.
Ауылымыздың молдасы өте жақсы адам еді марқұм, қазір ол кісі бұл дүниеде жоқ, өзен шайып кетті. Алғашқы діни тәрбиені сол кісіден алдым десем болады. Ол кісі насихатты жан-тәнімен беріліп, әрқайсымыздың жасымызға сай, табиғи мінезімізге, көңілімізге қарап, түсінікті тілмен жеткізетін. Сол уағыздары мені басты, сабырға келдім, яғни өзгере бастадым, кешірім сұрауды үйрендім, «өзім білем» деген көкіректік, жаман сөздер, дарақылық, бұзақылық деген көп нәрселерден тыйылдым.
Ал әкем мен анам болса маған қарап аң-таң, бұрынғы еркеліктен түк қалмаған, алдарында басқа қыз. Кейін үлкен қалаға келіп оқуға түскенде де, сондай ортаны өзім іздеп жүріп қосылдым, қалай намазға келдім, солай жақсы адамдар жолыма көп кезікті.
Аллаға шүкір, алғаш кезіккен жігітіме тұрмысқа шықтым, қазір үш балалымыз, осында баспанамыз бар, басымызда бағымыз бар, ата-аналарымыз тірі, бауырларымыз бүтін, ешкімнің ала жібін аттамай адал еңбек етіп, тату-тәтті ғұмыр кешудеміз…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Балам, іздегенімді таптым дейінші. Өз басым солай қабылдадым, білесіз бе, неге? Қазір зейнеткермін, бұрын медицина саласында қызмет еттім. Өмір болғаннан кейін албырт жастықпен құрбы-құрдас, дос-жаран, тамыр-таныс, қызық өмір, сәнді киім, жүріс-тұрыс, күйеу, бала-шаға, бәрі-бәрі болады екен. Алайда, үнемі жаныма бірдеңе жетіспей тұратын. Әрі оның не екенін түсіне алмай, жауабын құрбыдан, күйеуден, баладан, достан іздедім, бірақ таппадым.
Содан өзімді бәрінен алыстата бастадым, іздендім. Өмір біз ойлағандай емес, біраз жасқа жеткенде күйеуден айырылдым, сынақтар басталды. Қиналыстардың ортасында жүргенде осыдан бірнеше жыл бұрын ғажайып түс көрдім. Қолында таяғы бар, ақ киімді ұзын кісі үйіме кіріп келді де, қолыма аппақ қағазды ұстатып ғайып болды.
Ояндым, ойға қалдым, жұмысқа бардым, қасымдағы көмекші қыз келді де, бір қағазды ұстатып, түсіндірместен кетіп қалсын. Қарасам, намаз оқып үйренудің жолдары жазылған парақ. Мұны белгі деп түсіндім, бірақ әрі қарай өрбітпедім.
Құдайдың мейірімі болар, бірнеше айлардан кейін әкемнің Құран кітабы қалай қолыма түсті, солай мешітке бардым, әйел жамағатына қосылдым, Құран үйрендім, намаз оқи бастадым. Міне, сол бір сәтте сонау бір жетіспегенім қасыма келіп жеткендей, өмір бойы іздегенім өз орнын тапқандай, көңілім жайланды, жүрегіме тыныштық енді…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Аға, бір ауыз сөзбен жеткізе алам, құтқарушы! Ол кезде аласұрып тұрған алақандай жас жеткіншекпін әрі өтпелі кезең дегендей. Күнәларды жасырған дұрыс дейді ғой, сондықтан өткен күндерді айтпай-ақ қояйын. Жас болғаннан кейін бәрі болады, толқулар да болды талай, күйзеліске де түстім, рухани дағдарыстарға да ұшырадым, осы өмір жиіркенішті көрінді, мәні жоқ әлемде неғып жүрмін деген сұрақтар қаумалады.
Алайда, бұл бұғаудан шығарған Аллаға қазір алғысымды айтам. Шүкір, көңілім жас, көзім ашық, көкірегім ояу, алдымда арман-мақсаттар…
…Намаз маған не берді дейсіз бе? Ауа берді, иә-иә, таң қалмаңыз. Тіпті, намазға дейін қандай едің деп сұраңызшы. Жүні жұлынған тауықтай немесе түрмеден қашып шыққан біреу тәрізді не болмаса тордан ұшып шыққан құстай болдым. Сіз тағдырынан шаршаған, тауы шағылған, әбден қажыған, көзінде нұры жоқ, іші бос, жүрегі жоқ адамды көрдіңіз бе? Мен көрдім, айнадан.
Бүге-шегелемейін, бірақ шығар жол таппағаным әлі есімде, әулие аралап адасқаным, зират кезіп аруақтарға табынғаным, бір нүктеге қарап күні бойы отырғаным, қорқып үш күн үйден шықпағаным, мешітке бара сала құбыланы сүйіп жылағаным, Аллаға алып кет деп жалынғаным, бұл сәттерді қалай ұмытайын.
Ал, намаз өміріме сәулесін төкті, дем берді, тынысымды ашты, еңсемді көтерді, ауа жұттырды. Қазір менен бақытты жан жоқ бұл әлемде…
***
Қарап отырсаң, мына тағдырлар кино тәрізді. Нағыз өмірдің кілтін іздеген миллиондаған жандар әлеуметтік желіде жекеме күніге бір ғана «Не істеймін?» деген сұрақты қояды.
Айналайын аға-апалар, келін-күйеулер, іні-қарындастар, алдарыңызда атқа мінген кәсіпкер, қызметкер әйел, қара жұмыскер әйел, үйде отырған келіндер, зейнеткер ана, студент баланың өз ауыздарымен айтқан шынайы өмірлерінің үзінділерін келтіріп отырмын. Осыдан-ақ ойлана беріңіздер, баршаңызға намаз деген бір ғана жауапты қайырсам, басқа жол іздеп кетесіздер. Мұны мен ойлап таппадым, намаз – Алланікі, біз де Алланікіміз…
Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
Дінтанушы, имам