Сұрақ: Нахшбанди мектебі Баһауаддин Мұхамед Нахшбандиге (1318-1389) дейін қандай атаумен өмір сүрген?
Жауап: Нахшбанди сопылық мектебінің ескі атауы – Қожагани еді. Оның Қожагани аталуының себебі, Қожа Абдулхалық Ғыждуанидің (1218 ж.қ.б) атымен байланысты. ХІІ ғасырда Қорасан, Иран, Ирак аумақтарында сопылық ілімді насихаттаған Жүсіп Хамаданидің сопылық көзқарастарын оның мүриттерінің бірі Қожа Абдулхалық Ғыждуани (1218 ж.қ.б) дамытты. Ол негізін салған тариқат «қожагани» деп аталды. Абдулхалық Ғыждуани Бұхара маңындағы Гуждуан кентінде дүниеге келіп, осы өңірде (Мәураннахр) өмір сүрді. Қожагани тариқатының өкілдері Бұқара аймағында дауыстап зікір салуды бидғат (дінге кейін қосылған жаңалық) деп есептеген ғұламаларға қарсы келмеу үшін құпия зікір салатын. Зікірді іштен айтуға қатысты дін негіздерінен көптеген дәлелдер көрсетті*.
Әһлі-сүннет ақидасы бойынша Алла Елшісінен (с.ғ.с.) кейін мұсылмандардың ең абзалы әзіреті Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) болып есептелгендіктен, қожагани өкілдері тариқат силсиласын алғашқы халифаға (р.а.) жалғады. Тариқат силсиласының осылай өрбуіне рухани себеппен қатар сол кезеңдегі діни-саяси ахуал да әсер етті. ІХ ғасырдан бастап Орталық Азияда әһлі-сүннетті ұстанушы ханафи фиқһы және матуриди ақида мектебі салтанат құра бастаған болатын. Қожагани тариқатының сопылық ұстанымы толықтай әһлі-сүннет ілімінің аясында дамыды.
Абдулхалық Ғыждуанидің сопылық көзқарастары «Уасайиа» атты еңбегінде қамтылған. Ол осы еңбегінде: «Ұлым, саған айтар өсиетім. Қай кезде де ғылым мен әдебиет және тақуалық жолында бол. Сәлафи-салихиннің еңбектерін оқып, олардың ізімен жүргейсің. Әһлі-сүннет шеңберінен шықпағайсың. Фиқһ пен хадис үйрен, надан сопылардан аулақ бол. Атақ-даңққа құмартпа, Себебі, атақ-даңқ – апат. Зікір мен музыкаға берілме, өйткені оған көп берілу жүректі өлтіреді. Сыртыңды әсемдеуге көп мән берме. Сыртқа көп мән беру, іштің бұзылғандығын білдіреді. Дүние мен дүниеқоңыздарға бейім болма. Киімің қарапайым, жолдасың дәруіш, байлығың фиқһ кітаптары, үйің мешіт, досың бір Алла болсын!» деп, мүриттеріне өсиет айтады.
Абдулхалық Ғыждуаниден соң қожагани тариқатын Бұхарадағы Ариф Ривгари, Махмұт Әнжирфағнауи, Әли Рамитани, Мұхаммед Баба Самаси және Әмір Құлал жалғастырды. Кейін қожагани тариқатын Әмір Құлалдың шәкірті Баһауаддин Нақшбанди (1389 ж.қ.б) дамытып, оның шәкірттері арқылы қожагани сопылық қауымдастығы мұсылман әлеміне «нахшбанди» атауымен танымал болды.
Мұхан ИСАХАН
* «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер» (Ағраф, 55).
Шын сопы Қожа-Ахмет Йассауи терең иман жайлы 79-хикметінде былай деп шын сөзін төгеді: «Тариқатқа шариғатсыз кирганларни, Шайтан келип иманын алур ермиш», яғни, «Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің, Шайтан келіп иманын алады екен». Осыған қарап-ақ сопының қандай жан екенін аңғаруға болатындай. Сопының тағы бір міндеті шынайы – намаз.
Сопылық мектебіне өз қалауымен ғана кіре алады. Сопылық мектебі тамаша мектеп. Бұл тақырып осымен қалмау керек.