Сұрақ: Нағыз патша қандай болуы керек?
Жауап: Омар ибн Абдулазиз Хасан әл-Басриге елші жіберіп, әділ билеушінің сипаттарын айтып беруді өтінеді. Хасан әл-Басри оған хат жазып, былай деп жауап береді:
«Уа, мүміндердің әміршісі! Мынаны білгеніңіз жөн, кемеңгер билеуші тура жолдан тайғандарды, тура жолға түсіреді, жөнсіздікке кедергі болады, қыйсайғанды түзетеді, әлсіздерді демейді, қиянат көргеннің ақысын қорғайды және көмекке мұқтаждарға қол ұшын береді.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші түйелеріне (мал-мүлкіне) мейіріммен қараған, олардың жайлы өрістеткен, оларды қауіпты жерде қалдырмаған, оларды жыртқыштардан және ыстық пен суықтан қорғаған шопанға ұқсайды.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші, балаларын бүлдіршін кезінде мәпелеп өсірген, ер жеткенде жақсы тәрбие берген, көзі тірісінде жұмыс істеп табыс тауып, өлгеннен кейін балаларына мирас қалдырған саналы әкеге ұқсайды.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші, баланы құрсағында аялап күткен, шыр еткізіп дүнииге әкелген, сәбиін аялап өсіріп, оны бағып-қаққанынан керемет ләззат алған, сәбиін алпыс екі тамыры иіп емізген, денін сау етіп өсірген, баласы атын бәйгеге қосса, үйде отырып тақымын қысқан, жүрегі нәзік мейірімді анаға ұқсайды.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші жетімдерді қол ұшын созып жылатпаған, жоқ-жітікке қарасқан, кішіні жетілдіріп, үлкенінің қолтығынан демеген кең-пейіл жанға ұқсайды.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші дене-мүшеміздің ішіндегі жүреккке ұқсайды. Жүрек түзу болса, өзгелері де түзу болады. Жүрек бұзылса, өзге дене-мүшелдері де бұзылады.
Уа, мүміндердің әміршісі! Кемеңгер билеуші Хақ мен құлдарының арасындағы дәнекер. Хақтың бұйрығын құлдарына паш етеді. Хаққа қарап, елін Оған бастайды. Хаққа мойынсұнып, Оған елін мойынсұндырады.
Уа, мүміндердің әміршісі! Мынадай бір құлға ұқсама. Иесі құлына сеніп мал-мүлкі мен отбасын тапсырды. Құл болса иесінің мал-мүлкін шашып, иесінің отбасын қараусыз қалдырып, осылайша иесінің отбасына, мал-мүлкін қиянат жасайды.
Уа, мүміндердің әміршісі! Менен бұрынғы ақыл иелерінің дәрежесінде болмасам да, мен саған мейірім мен насихатты айтудан тартынбадым. Бұл хатымды – сүйіктісінің ғашығы дәйім жақсы болсын деп берген ем-шипасы секілді бағаларсың.
Ықшамдап тәржімалаған Мұхан Исахан