2019 жылғы 17-18 қыркүйекте Елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтті.
Әлемнің 14 мемлекетінен ислам, православие, буддизм, католицизм, иудаизм, даосизм, индуизм діндерінің өкілдері қатысқан осы жиында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі Съезінің қорытындылары мен Хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмасылып, 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу бойынша ұсыныстар талқыланды.
20 жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан өзінің өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің сырын білу үшін оның тарихына қысқаша шолу жасаған жеткілікті болады. 2003 жылы Елбасымыз Н. Назарбаевтың бастамасымен алғаш рет әлемдік дін лидерлерінің басын қосқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бүкіл әлемнің назарын өзіне бірден аударған болатын.
Себебі, әлемді мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және тағы да басқа діндерге бөліп тастап, бір-бірімен қырқыстыруды көздеген алпауыт күштердің арамза пиғылдарын жүзеге асыруына тосқауыл болып, ауыздарына құм құйылғандай болған еді.
Бүгінде әлем тез өзгеріп жатыр, жаһандану процестерінің дамуы, жаңа үрдістердің күшеюі геосаяси ландшафтты өзгертті. Жаңа егемен мемлекет ретінде Қазақстан бұрынғы жұмыс бағдарларларының орнына жаңаша бағдарларды іздестіріре отырып, мемлекет ішінде де, халықаралық аренада да өзіндік құндылықтар жүйесін құрды. Жалпыға белгілі бірлік принципі қазақ халқының шынайы философиясына айналды. Біздің еліміз ынтымақтастық, сыйластық пен толеранттылықтың ерекше рухымен ерекшеленеді. Әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан Республикасы бейбітшілік пен татулыққа бағытталған процестер мен бастамалардың маңызды орталығы ретінде танымал болды.
Қазақстан заманауи дәуірде бірінші болып дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетумен айналысты, енді өзге мемлекеттер біздің елімізді үлгі тұтып, осы елеулі бастамада өз үлестерін қосуда. Қазақстан осы бастама үшін жауапкершілікті өз мойнына жүктеп, халықаралық құқық субъектілері арасында әр түрлі әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары диалогын ілгерілетуге кіріскен мемлекеттердің көшбасшысы ретінде орнықты.
Осындай жаңа бағыттардың бірі 2003 жылдан бастап өткізіліп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі. Бүгінгі күні Съезд Қазақстанды әлемге танытқан ерекше шараға айналды. Біз Астананы барлық мәдениеттерге ашық, Еуразиялық болашақ қала ретінде тұрғыздық. Бұрын адамзат тарихында діндер арасында көпір құру ниеті байқалмаған. Біздің форум рухани көшбасшылар мен саясаткерлер ынтымақтастығының ертеде кездеспеген жаңа форматтағы жүйесі болып табылады.
Астаналық дінаралық форум 16 жыл ішінде конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселесінде беделді диалог алаңына айналды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына тұрақты емес мүшесі ретінде қатыса отырып, адамзат дамуына кедергі келтіретін жаһандық мәселелерді шешуде шұғыл шаралар қолдануды ашық түрде талап етудеміз. Алайда халықаралық ұйымдардың талпыныстары жеткіліксіз, ал біздің Астаналық дінаралық форум рухани көшбасшылардың өзіндік ұстанымдарын еркін білдіретін бірегей алаңға айналды.
Астанада өткен барлық алты Съез әр түрлі мәдениеттер, діндер мен қоғам басшыларының сындарлы ынтымақтастығының және өзара құрмет идеясының өмірлік маңыздылығын дәлелдеді. Дін әрдайым мәдениет пен әлеуметтік қатынастарды қалыптастыратын іргелі күш. Ғаламдық ойлаудың парадигмасын қарама-қайшылықтардан ынтымақтастыққа көшіру үшін, әлеуетті эгоизмнен, әлеуметтік нигилизмнен, экономикалық ұлтшылдықтан орынды ымыраға келу мақсатында діни дәстүрлерді адамзат игілігіне пайдалану қажет.
Астана Съезі әлемдік дін өкілдеріне заманауи қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша сөз сөйлеуге және оларды шешудің жолдарын ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Астана дінаралық форумының қорытындысы, түпкілікті құжаттарда Үндеу немесе Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қатысушылардың декларациясы түрінде көрініс тапты. Әрбір съездің Декларациясы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдарға құжат ретінде таратылып отыруда. Осы ұйымдарға әлемнің барлық дерлік елдері мүше екенін ескерсек Қазақстанның өркениеттер диалогы жолындағы көрсетіп отырған табанды саясатынан бүкіл әлем хабарлар деген сөз.
Әлем халқы тыныштықты, бейбітшілікті қалайды. Ешкім де өз елінде бомбалар жарылып, халқының күйзелгенін, бала-шағасының босқын болып безіп кеткенін қаламайды. Осыдан болар, елімізде өтіп жатқан съезге қатысушылардың да саны жыл санап артып келеді.
Көптің көкейінде пікір қалыптастыратын, санасына ой салатын Қазақстанның бітімгершілік бастамасы әлемдік сахнадағы берекелі тірлік ретінде ұмытылмас тарих болып қалады.
Балғабек Мырзаев