Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Пәкістан елдерінің мемлекеттік органдары мен зерттеу топтары, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қатысуымен «Орталық Азия елдері ХХІ ғасырдағы мәдениеттерінің тату көршілігі» онлайн-конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты – рухани көшбасшылардың аймақтық күш-жігерін, конфессияаралық салада және мәдениеттерді бірлігі үшін мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің жемісті серіктестігін жандандыру.
Іс-шараға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев, ҚР АҚДМ Дін істері комитеті төрағасының орынбасары А. Хатиев, ИЫҰ (IRCICA) жанындағы Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының жетекшісі проф.др. Э.Килич, Мүфти және Тәжікстан Республикасы Ислам орталығы Ғұламалар кеңесінің төрағасы С.Абдукодирзода, Исламабад халықаралық ислам университеті Ислам зерттеу институтының бас директоры др. Зия Уль-Хак Мухаммед, Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі С. Раджабов, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары У.Ғафуров, Орталық Азия католиктік епископтары конференциясының төрағасы, Алматыдағы Қасиетті Троица епархиясының епископы Епископ Хосе Луис Мумбиела Сиерра, ҚР ҚМДБ төрағасының кеңесшісі Қ.Дүйсенбай, Орталық Азиядағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша маманы М.Байбеков, Болгария Ислам академиясының Дінаралық диалог орталығының жетекшісі Е.Садықова және басқа да сарапшылар қатысып, сөз сөйледі.
Өзінің алғысөзінде Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің діни төзімділік пен өркениетаралық диалогты нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды, сондай-ақ бүгінгі конференцияға қатысушылардың алдына қойылған басты міндет – мәдени мұраны сақтай отырып, Орталық Азияны гүлденген аймаққа айналдыруға үлес қосу екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Б.Сәрсенбаев биылғы жылы Съездің ХХ жылдығы екеніне тоқтала келе, бұл – конфессиялар мен ұлттар арасындағы өзара сыйластыққа қол жеткізудің бірегей диалог алаңы деген тұжырымға келді.
Қазіргі уақытта Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының төрағасы М.Әшімбаевтың төрағалығымен Съезд Хатшылығының биыл 10-11 қазанында өтетін ХХІ мерейтойлық отырысын дайындау және ұйымдастыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Диалог – аймақтағы достық, өзара түсіністік пен тұрақтылық атмосферасын нығайтудың ең сенімді жолы. Әртүрлі мәдениет пен халықтардың рухани бірлігі елдеріміздің күш-жігерін ортақ мүддеге негіздей отырып, біріктіру арқылы мүмкін болатынын ескеруіміз керек», – деді Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары А.Хатиев Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі болып табылатын мәдениет, тіл, дәстүр, ғылым және білім саласындағы сындарлы саясатты ілгерілетуге үлкен көңіл бөлетінін атап өтті.
Сонымен қатар, ол болашақта Орталық Азияның барлық елдері де түрлі этностар мен конфессиялардың тату-тәтті өмір сүруінің бесігі болып қалатынына сенім білдірді.
ИЫҰ жанындағы Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының басшысы Э.Килич өзінің бейнежолдауында «Орталық Азияға мүше мемлекеттер әлемдік өркениет аясында өз мәдениеттерінің көршілестігін бейнелейтін ғылыми, көркем және сәулеттік мұраларымен ИЫҰ-ның мәдени саласына маңызды үлес қосуда. Бұл мұрамен Орталық Азия елдері әлемдегі ең ерекше мәдени аймақтардың бірі болып табылады. Біз ислам ғұламалары мен философтарының еңбектерін, кітап және қолжазба қорларын, көркем және сәулет мұраларын олардың мекемелерімен бірлескен жобалар арқылы көрсетуді жалғастырамыз», -деді.
Орталық Азия елдерін мәдени-гуманитарлық салада одан әрі дамыту идеясын жалғастыра отырып, Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Ислам өркениетінің орталығының директоры Ш.Миноваров өз сөзінде «Соңғы жылдары Орталық Азия елдері арасында тату көршілік, достық және өзара тиімді қарым-қатынастардың ерекше серпінді және прогрессивті дамуы байқалады. Өңіраралық көпқырлы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару бауырлас халықтарымыздың ұзақ мерзімді мүдделеріне жауап береді, сонымен қатар Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы болады»,- деді.
Өз кезегінде Исламабад халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры Зия Уль-Хак Мұхаммед Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу жөніндегі бастамасын жоғары бағалай, VII Съезд Декларациясының тарихи маңызын атап өтті: «Әлемдік қауымдастықтың кең ілтипатына ие болған форум Қазақстанның нағыз айшықты белгісіне және бейбітшілік пен келісім мұраттарын ілгерілетудегі күш-жігердің дәлеліне айналды. Бұл сұрақтардың барлығы біздің әлем үшін өте маңызды және өзекті. Қоғамымыздың болашағы, бейбітшілік пен тұрақтылық олардың сәтті шешілуіне байланысты. Съезд әлемдік діндер өкілдеріне арналған интерактивті алаң болып табылады», – деді.
Тәжікстан Республикасы Ислам Орталығы Ғұламалар кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзода өз сөзінде «Қазіргі уақытта барлық халықтар мен ұлттардың игілігі үшін бірігу, құру, біріктіру басты міндет болып табылатынын алға тартып, конференцияға қатысушылардың рухани-мәдени мұраны қорғау, сақтау және арттыру жөніндегі тең құқықты ұстанымы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жалпы, конференция барысында қатысушылар конфессияаралық диалогты дамытудың өзекті мәселелерін, мәдени-гуманитарлық диалог бағытындағы көпжақты ынтымақтастықты, оның ішінде конференцияға қатысушы елдердің өңірішілік байланыстарын талқылады.