Пенденің бұл өмірдегі мақсаты мен міндеті – Аллаға құлшылық ету. Қамшының сабындай қысқа бұл дүниеде, Алланың сынақтарынан сүрінбей өтіп, мәңгі болған пейішке кіре білу. Яғни, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өсиеттерін негізге ала отырып, Алланың разы болатын амалдарын орындау. Жер бетінде Алланың разы болатын амалдардың барлығын орындауға рұқсат етілген және мұсылман үшін бұл өмірде пейіштің жолын іздеу. Бұл жолда музыка тыңдау арқылы да, Алланың разылығын табар болсақ неге тыңдамасқа?! Алайда, ислам ғұламалары музыкаларды өз арасында пайдалы, зиянды немесе әсерлі, кері әсерлі секілді сатыларға қарай бөліп қараған.
Осы тұста мұсылмандар бір істі бастамас бұрын және бір сөз сөйлемес алдын, оның дұрыс па, әлде бұрыс па екенін білу үшін ең алдымен Құран Кәрімге қарайды. Құран Кәрімде үкімін таба алмаған мәселелерді, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистеріне қарайды және қай мақсатта, не себепті айтылғанымен қоса қандай оқиғаға қатысты айтылғанын зерттей келе, ислам ғұламалары үкім шығарады. Құранда тікелей музыкаға тиым салған аят жоқ. Пайғамбарымыздың хадистеріне қарайтын болсақ, тиым салынған музыкалар мен рұқсат етілген музыкалардың болғанын байқаймыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) музыкаға қатысты үкімін зерттеген, Египеттің солтүстігінде орналасқан Буһайре провинциясында дүниеге келген Ислам ғұламасы Шалтут Мухаммад (1893-1963) Әл-Пәтуа, дираса Ли-мушкилати л-муслими л-муашар фи хайатихи л-иеумиати л-амма (Каир, 1959 және Бейрут, 1983) жарық көрген бұл еңбегінде қандай музыкаларға рұқсат, қандай музыкаларға тиым салынғанын нақты көрсеткен.
Бұл еңбектің қорытындысында, қандай да болсын музыка мұсылманды ғибадатынан кешігуіне не болмаса орындауына кедергі болатын болса, онда бұған батыл үкім беріледі. Рұқсат етілген тағам да болса, сіздің ғибадатыңызға кері әсері тигізетін болса, онда ол асты жеуіңіз де батыл.
Музыка адамдарды азғындыққа шақырып, тиым салынған амалдарды істеуге себепкер болатын болса, рұқсат етілмейді. Яғни ібілістің арбауына түсірмейтін болуын шарт қосқан.
Музыка тыңдаған адамдарды қоздыратын болса, бұның нәтижесінде зина немесе зинаға апарар жолдар ашылатын болса, тиым салынған.
Музыканың сөздерінде тағдырға разы болмайтын, Алланың барлығы мен бірлігін мойындамайтын және әдепсіз сөздер айтылатын болса, онда рұқсат етілмейді.
Адамгершілік міндеттерімізді ұмыттырып, тәрбиесіз іс-қимылдарды орындауға мәжбүрлейтін болса, рұқсат етілмейді. Яғни, әке-шеше немесе үлкендерің сөзін тыңдаудың орнына музыканы таңдайтын болса.
Күпірлікке барған адамдарға еліктеу мен олардың әрекеттерін жаттанды халге айналдырумен қатар әдетке айналдыратын болса, тиым салынады. Ал, егер бұл айтқан мәселелер болмаған болса, барлық музыка адал және рұқсат етілген болып есептеледі.
Қорытындылай келе, Абай атамыздың мына сөзімен тәмамдауды жөн көрдік: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй» деп өлең жазған. «Нан бар жерде – ән бар» демекші, ән – халықтың тыныштығы мен бейбітшілігінің көрінісі.
Исатай Бердалиев