Сұрақ: Исламда тазалық маңызды ма?

Жауап: Исламды тазалық діні деп атасақ қателеспейміз. Өйткені дін исламда жан тазалығы мен бірге тін тазалығы да маңызды. Бұл екі мәселеге (жан тазалығы мен тән тазалықтарына) қатысты көптеп айтуға болады.  Мүмкіндік болған уақытта бұл екуіне алдағы сұрақ-жауаптарымызда арнайы тоқталып өтеміз деген ойдамын. Біз бұл жолы қысқаша түрде исламдағы жалпы тазалықтың орны туралы айтып өтпекпіз.

Сонымен ислам тазалыққа ерекше көңіл бөледі. Бұған дәлел ретінде Құраннан бір аят келтіре кетейік: Алла Тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға былай деп әмір қылған: «Әй, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» (Мүддәссир: 1-5 аяттар).

Екінші жағдай, исламдағы ең маңызды әрі негізгі құлшылықтардың бірі – намаз. Ешбір намаз дәретсіз, тазалықсыз тәмам болмас. Бес уақыт намаз үшін күніне бес мәрте дәрет алынады. Намаз оқудың шарты –дәрет алумен бірге намаз оқылатын орынның да таза болуы міндет. Осы жағдайдың парасатты жан үшін көп нәрсені аңғарса керек. Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Тазалық – иманның жартысы» деп айтқан (Мүслим).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Садақаның қанша түрі бар?

Үшінші жағдай, дін исламда таза жүрудің өзі құлшылық саналады. Сіздің басқан әрбір қадамыңызға сауап жазылады. Мысалы, әр уақыт дәретпен жүрген Біләл тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген.

Төртінші жағдай, астан бұрын және кейін қол жуу, жұма күндері бой дәрет алу (шомылу), тырнақ пен сақал-мұртты басу және шашты қысқарту сияқты амалдардың барлығы исламда қош көрілген сүннет амалдарға жатады. Исламдағы тазалықтың маңызын көрсететін әрбір құлшылықты сайып кете беруге болады. Осылайша ислам адамды жанның һәм тәңңің тазалығына шақырады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу