Құран мен сүннетті әртүрлі тәпсірлеу әдістерінің негізінде VIII-IX ғасырларда мұсылман құқығы мектептері – төрт мәзһаб қалыптасты. Олар теологтар арасындағы заңи және культтік мәселелерді айшықтайтын келіспеушіліктерге байланысты пайда болған. Сондықтан да әралуан ғалымдар қауымдастықтары даулы мәселелерге өзіндік жауаптарын берді. Құқықтық мектептерді беделді теолог-имамдар негіздеді.
Төрт мәзһаб та мұсылман шындығының түйткілдерін әрқайсысы өзінше шешеді. Дегенмен де олар тең дәрежелі және де бірін-бірі құқықтық тұрғыда мойындайды. Жалпылай алғанда, сунниттік Исламда төрт мәзһаб қызмет етеді – Ханафи мәзһабы, Шафиғи мәзһабы, Малики мәзһабы, Ханбали мәзһабы. Мәзһабтар мектептерді негіздеушілердің құрметіне солардың есімдерімен аталған. Әрбір суннит осы мәзһабтардың бірінің өкілі болып табылады. Сунниттік ілім мұсылманның осынау төрт құқықтық мектептің кез келгенін таңдауына кеңшілік береді.
- Ханафи мәзһабы. Мәзһабтарды негіздеушілердің ішіндегі тұңғышы және беделдісі Имам Ағзам Әбу Ханифа (767 ж. қайтыс болған). Ол «әль-Фикх әль-акбар» кітабының авторы. Бұл кітап Ислам догматикасының тырнақалды жазбаша шығармасы және мәзһабтың негізгі идеялық қайнары.
Ханафиттер негізгі және сөзсіз қабылданатын діни құқықтық қайнар бұлақ ретінде Құранды атайды. Ал сунна жолы мәні мен маңызы жағынан екінші дерек көзі болып табылады, мұның өзінде хадистерді сүзгілеуге барынша мән беріледі.
Ханафи мәзһабы күрделі мәселелерді шешу барысында беделді теологтардың мақұлдауына иек артады. Шариғаттан бөлек сол мемлекетте салтанат құрып тұрған кең қолданыстағы халықтық дәстүрлер мен ғұрыптарға жүгінуге де оң қабақ танытылады. Әдепкі құқық – адат – құқықтың тәуелсіз қайнар көзі ретінде қарастырылып, мұсылмандық нормалардың дүниенің түрлі аймақтарына бейімделуін жеделдетті.
Жергілікті ерекшеліктерге мән беру мен оларға төзімділікпен қарау ханафи мәзһабының барынша кең таралуына жол ашты. Бұл жолды тұтушылар Орталық Азия, Орта Азия, Еділ-Орал аймақтары, Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай және өзге де елдерде басым көпшілікті құрайды. Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі Ханафи мәзһабы жолын ұстанушыларға жатады.
2. Мәлики мәзһабы. Бұл мектептің негізін қалаушы – теолог және құқықтанушы Малик ибн Әнәс (713-795 ж.ж). Ол Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистері мен сахабаларының пәтуаларын зерттеген. Құқықтық нормалардың негізгі көзі – Құран мен Сунна. Бұл ретте сүннет Құранның мазмұндық жалғасы ретінде қарастырылады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жан жолдастары – сахабалар таратқан хадистер толықтай мойындалып, қандай да бір тездеуге салынбайды. Сондай-ақ адат нормаларын қолдануға да жол беріледі.
Бұл мектеп ханафиттерге айтарлықтай жақын, ал айырмасы – қаталырақ және кейбір мәселелерге төзімсіздеу. Мәлики мәзһабы көбіне-көп Мағриб (Марокко, Алжир, Тунис, Ливия) елдеріне кең таралған, қысқасы, африкалық мұсылман елдеріне десе де болғандай, мысал ретінде Мысыр мен Суданды атасақ болады.
3. Шафиғи мәзһабы. Мәзһабтың негізін аш-Шәфии (820 ж. қайтыс болған) қалады. Ол өз ілімінде Әбу Ханифа мен Малик ибн Әнәстің жекелеген ұстанымдарын біріктіруге тырысты. Мұның өзінде шафиғилар құқықтық тармақтар бойынша ханафиларға қарағанда айтарлықтай қатал тәпсірлерді ұстанады. Шафиғи мәзһабы Сирияда, Шығыс Африка, Үндістан, Пәкістан мен Индонезияда зор ықпалға ие.
4. Ханбали мазһабы. Бұл мәзһабтың негізін қалаушы – Ахмет бин Ханбал (778/780-855 ж.ж). Аталған мәзһаб Исламға қатысты аса сақтанымпаз түсініктерді қуаттаған қозғалыс негізінде пайда болды. Ханбалилар Исламның негізгі догматтарын рационалдық тұрғыда тәпсірлеудің барлық бағытын жоққа шығарады және де Құдай жазмышының кәмілсіздігіне имандай ұйиды. Олар сүннетті Құран тәпсірінің басты көрсеткіші көреді, тиісінше (Құранмен қатар), бұл мұсылмандар дінінің негізгі критериі саналады.
Ханбалилар төзімсіздігі мен сақтығымен ерекшеленеді. Олар Құран мен Суннамен тікелей үндеспейтін құқық пен сенім жүйелеріндегі барлық жаңалықтарды жоққа шығарады. Қасиетті мәтіндерді аллегориялық тұрғыда тәпсірлеуге жол берілмейді. Ханбали мәзһабы шариғаттың рәсімдік және құқықтық нормаларын қатаң ұстануымен ерекшеленеді. Араб түбегінде пайда болған бұл мәзһаб мұсылман әлемінде кең таралған.
Барлық төрт мәзһаб та құқық пен рәсім мәселелері бойынша түрлі көзқарасты ұстанғанымен, көбіне-көп бір мемлекеттің аясында бейбіт жасаса береді. Барлық төрт мектепке де сунниттер теңдік белгісін қояды, әркім өз ықыласын осы мәзһабтардың біреуіне аударуға немесе бірінен біріне ауысуға хақылы және де ол мектептердің оқу құралдарын теңдей пайдалана алады.
Х ғасырда мұсылман теологтары арасында «Беделді мәтіндердің түпкілікті тәпсірі жасалып бітті» деген пікір кең тарады. Жаңа құқықтық мектептер (мәзһабтар) ашудың қажетсіздігі және бұл үрдісті тоқтату жөнінде шешім қабылданды. Бұдан әріде жаңа дербес тұжырымдар тек мәзһабтар аясында ғана жасалатын болды.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ