Ұлттық болмысымыз бен дінімізді сақтап қалуда халықтың рухани дүниесін байыту үшін діни білім мен мешіттердің үлесі зор. Алaш қoзғaлыcының қaйpaткepi, aқын Мағжан Жұмабай «Түкістан – екі дүние есігі ғой…» деп жырлағандай, бүгінгі әңгімеміз қасиетті Түркістан өңіріне арналмақ. Осы орайда Түркістан облысының діни ахуалы, мешіт пен имамдардың білім деңгейі, теріс ағымдармен күресте ақсақалдар кеңесінің рөлі жайлы ҚМДБ-ның Түркістан облыстық және «Түркістан-Қожа Ахмет Ясауи» мешітінің Бас имамы Мұсабек қажы Ақтамбердімен сұхбаттасқан едік.
Ауылдық жерде дін маманы жетіспейді
– Мұсабек қажы, әңгімемізді өңірдегі діни ахуал қандай деген сауалдан бастасақ?
– Еліміздің рухани астанасына айналған, қазақ тарихында қастерленіп, қасиетпен құрметтелген мекен – Түркістан қаласының келбеті соңғы екі жылдың ішінде көз жауын алатындай ерекше кейіпке енуде. Дегенмен, жаңа құрылған облыста атқарар еңбек те қыруар. Соның қатарында, өңірдегі діни ахуалдың да жұмысы жетіп артылады. Облыс көлемі үлкен. Орталықтан шалғайдағы аудандарға бір іс-шараға барып-қайтудың өзіне жобамен бір тәулік уақыт жұмсалады.
Мемлекеттік бағдарламаларының бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасын дін бағытына да бұрса екен деген үміт бар. Заң аясында дін мемлекеттен бөлек деп қарастырамыз. Елдің тыныштығы мен бірлігі – бәрімізге бірдей ортақ. Облыс атауының өзгеруі, сондай-ақ мешіт пен діни қызметкерлердің құжаттары да жаңа облыс атауына кезең-кезеңмен өзгеруде. Жалпы, өңірдегі діни ахуалды тұрақты деп айтуға болады…
– Шалғайдағы аудан деп жатырсыз… Ондағы діни қызметкерлердің жай-күйі қалай?
– Шағын ауылдарда дін маманының жетіспеушілігі мен оларды еңбек ақымен қамтамасыз ету тетігін табу – күн тәртібінен түспей тұр. Ауылдың да өз тыныс-тіршілігі мен рухани дүниеге қажеттілігі бар екенін ескеруіміз қажет. Бұғанасы қатпаған өскелең ұрпақты жас кезінен бастап, асыл дініміз бен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып тәрбиелеуіміз керек. Ал осындай күрделі мәселені шешу үшін маман керек.
Білім мен тәжірибе – екі бөлек дүние
– Түркістан өңірі имамдарының діни сауатына тоқталып өтсеңіз…
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алға қойып отырған талаптарының бірі – дін қызметкерлерінің біліктілігі мен білімін жетілдіру.
Облыс бойынша мыңнан аса дін қызметкері, оның ішінде 38 бас имам, 110 имам, 103 наиб имам, 108 ұстаз, 77 азаншы, 500 молда, 29 іс басқарушы жұмыс істейді. Олардың 14-і қари.
Діни біліктілігіне келер болсақ, 142 қызметкер жоғары, 318 орта оқу орнын тәмамдаған. Оның ішінде 45-і шетелдік жоғары, орта діни оқу орындарында білім алған және 5 магистр бар. Діни курсты оқығандар – 541.
Егемендігімізді алған алғашқы жылдары дін қызметкерлері жас білімді маман болған кезінде, ел ағалары мен ақсақалдарымыз жастарды қамқорлық қанатының астына алып, өмірлік тәрбиелерін беріп қанаттандырып шығарған.
Сол кісілердің өмірлік тәжірибесінен тәрбиеленіп шықтық. Білім мен тәжірибе – екі бөлек дүние. Сондықтан жас мамандарды халықпен жұмыс жасау дәрісінен өткізіп, имамдық жүгінің ауыр екенін, әрі бұл дүние ахиреттің сауабына кенелетінін үйретіп, түсіндіруге тырысамыз.
2019 жылы 36 кадр қызметке тағайындалып, діни оқу орындарының 17 түлегі облыс мешіттеріне қызметке тұрды. 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында бітіруші түлектерден Сарыағаш медресесінен 35, Шымкент медресесінен 68, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінен 5 түлек облыс көлеміндегі мешіттерімізге қызметке тұрды.
Ауыл имамдары Ислам институтына жіберіледі
– Имамдардың дінмен қатар жергілікті дәстүр туралы біліміне тоқталсаңыз. Олардың білім деңгейі тексеріле ме?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ешуақытта дін мен дәстүрді бөлген емес. «Дін мен дәстүр» жылы да жарияланып, осыған орай кітаптар да жарық көрген болатын. Өткен жылдары «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдардың форумында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы да қабылданды. Осы тұғырнама имамдарымызға бағыт-бағдар беріп, дәстүр мен дінді ұштастыру арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауда жетекші құрал болып саналады.
Ал, ауыл имам-молдаларының білім деңгейі назардан қалыс қалмайды. Олардың білім деңгейлері тексеріледі, одан әрі жетілдіру үшін Ислам институтына жіберіліп отырылады. Сондай-ақ, ауылдағы дін қызметкерлері жастарының ұлғаюына байланысты сол жердің тумасы әрі дін жолына ыңғайланған жас азаматтарды қысқа мерзімде оқыта отырып, асыл дінімізге қызмет етуге дайындаймыз…
Әлеуметтік желі – дін насихатының маңызды құралы
– Насихат деп жатырсыз, оңтүстік өңірде мешіт жұмыстары қалай насихатталуда?
– Бас имамдар мен имамдар жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аудан орталықтарында телеарналар, газеттерге сұхбаттар мен мақалалары жарияланып отырады. Облыс орталығының арнайы бағдарламысында әртүрлі өзекті тақырыптар төңірегінде бейнетүсірілімдер жасалуда. Бұған аудан имамдары да ат салысып жатыр.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану көзделуде. ҚМДБ тарапынан арнайы тақырыптар мен жобалар ұсынылып, имамдарымыз мешіттің атынан және өз әлеуметтік жеке парақшалары арқылы онлайн уағыз-насихаттар да жүргізілуде.
2 677 отбасыға көмек көрсетілді
– Мешіттер тарапынан қандай қайырымдылық істері жасалып жатыр?
– ҚМДБ жыл өткен сайын имам, молдалардың білім-біліктілігімен қоса қай бағытқа аса мән беру керектігін талдап, жұмыс барысын бағыттап отырады. Атап айтар болсақ, уағыз-насихат, қайырымдылық, деструктивті дін өкілдерімен жұмыс, оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру.
Уағыз-насихаттар мешіттер, түрлі форматтағы кездесулер, медиа уағыз, бұқаралық ақпарат құралдарымен жүзеге асып жатыр. Әр аудан имамдары жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасап, мақалалары мен діни мерекелер турасында бұқара халыққа мағлұмат беріп отырады.
Келесі бағыт – қайырымдылық. ҚМДБ-ның түрлі жағдайларға байланысты қайырымдылық акциялары мен жобалары ұйымдастырылып отырады. Мәселен, «Тайқазан» мұқтаж отбасыларға арналған азық-түлікпен, «Қолдан қолға» жобасы қаржылай көмекпен, «Ел үлесі – пәтерге» көпбалалы және жалғыз басты, жетім, мұқтаж жандарға пәтер сыйлаумен, «Өмірге үміт сыйла» акциясы науқас жандарға көмекпен, сондай-ақ «Жетім көрсең, жебей жүр», «Аялы алақан», «Құрбан шал да қайырымды бол», «Мейірімділік – жан шуағы», «Алтын алқалы аналарға – тосын сый» жобасы, «Мақтаарал, біз біргеміз», «Жүрек жылуы» секілді қайырымдылық шаралары облыс көлемінде атқарылып, былтыр 2 677 отбасыға көмек көрсетілді.
Биыл «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 9 жанұя пәтерлі болды. Оның алтауы көпбалалы отбасына, біреуі жетім балаға, ал ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты 2 дін қызметкеріне баспана берілді.
Жергілікті билік көп қолдау жасауда
– Әкімдік тарапынан қолдаулар болып тұра ма?
– Әуелі Алла Тағаланың қалауымен, одан қала берді асыл дініміздің өркендеп дамуына мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында деп білемін. Елімізде көк аспанмен менмұндалап салынып жатқан мешіттердің өзі де мемлекет қамқорлығы болмаса, қайдан болсын…
Бұған қарапайым халық мән бере бермейді. «Пәленше салып берді» деп ойлайтын шығар. Ал сол жерге мешіттің салынуы, елдегі медреселердің бой көтеріп, балаларымыздың діни сауат алуы, имам-молдаларымыздың уағыз-насихаттарын емін-еркін айтуы да осындай қамқорлықтың аясында болып отыр.
Әкімдік пен аудан бас имамдары қандай да бір шара ұйымдастырмасын, жергілікті басқарушы билікпен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың қолдауына ие болып отырады. Діни мерекелік іс-шараларға әрқашан көмек қолдарын созып, қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, елдің ынтымақ-бірлігі үшін көптеген ізгі дүниелерді бірге атқарып келеміз.
Ақсақалдар кеңесін құруға мүмкіндік болмай жатыр
– Өңір мешіттерінде Ақсақалдар кеңесі бар ма?
– Қазіргі таңда мешіт жамағаттары арасында жат ағым өкілдері имамдарға қарсы шығып, оғаш әрекет көрсетулері байқалмайды. Ең басты байлық – бейбітшілік пен ынтымақ екендігі басты назарға алынған.
Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған уақытта ақсақалдар кеңесі құрылып, олармен облыс көлемінде барлық аудан орталықтарында «Шариғат пен әдет-ғұрыптың бірізділігі» атты жоба аясында жұмыстар жүзеге асты. Аса мән берілген жағдай, әсіресе, қазалы отбасында ысырап пен даңғазалыққа жол бермеу керектігі назарға алынған. Бұл шара әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
Жаңа облыс құрылғаннан соң Ақсақалдар кеңесін құруға мүмкіндік болмай жатыр. Елдегі жағдайға байланысты оны алдағы жоспарымыздың еншісінде қалып отыр.
Жалпы ақсақалдардың қоғамға ықпалы болмаса, жат ағым өкілдеріне ықпалы бола алады деп айту қиын.
Сондықтан жасы келген ел ағалары өз ақсақалдықтарын мойындап, тәубесіне келіп, Алла үйінің табалдырығын аттап жатса деп жаратқаннан жалбарына сұраймыз.
Мешіт имамы өз жамағатына жауапты
– Жат ағым өкілдері деп жатсыз, оларды түзу жолға қайтару жұмыстары жемісті болып жатыр ма?
– ҚМДБ жұмыс бағыттарының бірі – жат ағым өкілдерімен жұмыс істеу. Алғашқы уақыттарда мұндай азаматтармен кездесу мүмкіндігі туғанда мешітте, қоғамдық және өздерінің жұмыс орындарында кездесіп, сұхбат құрылады. Қазіргі таңда олармен байланыс жасауда сол жамағат баратын мешіт имамы арқылы жүзеге асып жатыр.
Ел ынтымағы мен бірлігіне сызат түсіретін қандай да бір радикал азамат мешітте не қоғамда болатын болса, алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, алған бетінен қайтпайтын жағдайда тиісті құзырлы орындар шара көрсетеді.
Екі медресе-колледжден 103 түлек түледі
– Шымкент және Сарыағыш медреселерінің жұмыстарына тоқталып өтсеңіз? Қанша шәкірт білім алып жатыр?
– Қазіргі таңда Шымкент медресе-колледжінде 256 ұл, 100 қыз бала оқып жатыр. Ал Сарыағаш медресе-колледжінде 894 шәкірт оқып, оның 220-сы тәмамдады. Екі оқу орнына шәкірттер 9-сынып және 11-сыныптан кейін қабылданады.
Медресе-колледждермен тығыз қарым-қатынас жасап, бітіруші шәкірттерді облысымыздың маманға мұқтаж елді мекендеріне ұсыныс жасалады.
Жамағат намазы оқылмайды
– Қазіргі коронавирус жағдайына байланысты мешіттер қалай жұмыс істеп жатыр? Қандай сақтық шаралары қолға алынуда?
– Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда ҚМДБ республика көлемінде мешіттердің жұмыс тәртібі Ғұламалар кеңесінде талқыланып, өкілдіктерге бағыт-бағдар ұсынылған. Өңірдегі аудан орталықтары мен қала ішіндегі үлкен мешіттерде тек бес уақыт намаздың уақыты кірген кезінде азан шақырылады, жамағат намаздары оқылмайды.
Пандемия кезіндегі ҚР Бас санитарлық дәрігердің және ҚМДБ берген нұсқаулықты басшылыққа аламыз. Ол жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Сақтық шаралары: әуелі тазалық, антисептик, бетперде. Сондай-ақ, дизенфекциялау жұмыстары да жүргізіледі.
Бір елді мекенге – бір мешіт
– Соңғы жылдары халық арасында «мешіт көп салынып жатыр, орнына неліктен балабақша, мектеп салмасқа…» деген уәждер айтылуда… Бұған байланысты не айтар едіңіз?
– Егемендікке қол жеткізген кезеңде өңірімізде кейбір мешіттер халықтың шама-шарқына қарай салынған болатын. Қазіргі уақытта халықтың тұрмыс-тіршілігі көтерілгеннен кейін, сол кеткен олқылықтың орнын толтыру үшін заман талабына сай етіп қайта салу қолға алынып жатқандығын ескеруіміз қажет.
Елді мекенде бір мешіт болған жағдайда жаңадан құлшылық үйін салуға жол берілмейді. Дегенмен, бұған байланысты өткен шақтарда кеткен олқылықтар да жоқ емес. Бір ауылда, бір мешіттің болуын қатаң сақтауымыз керек.
Жалпы, мешіт – елді ынтымақ пен бірлікке, халықты бір арнаға ұйыстыратын құтты мекен. Оны ата-бабаға бөліп, елдің арасында ынтымақ пен бірлікке сызат түсіретін болса, ондай мешіттің барынан жоғы жақсы.
«Жаңадан мешіт саламын» деген азаматтарға келетін болсақ, алдымен олардың мақсатын анықтаймыз. Мысалы, мектеп, балабақша, фелдьшерлік орталық, көпір, құдық, жол және басқа да істер арқылы оларды ел игілігіне бағыттап, одан да сауапқа кенелуге болатынын айтып, мешіт салғанмен тең сауап ала алатынын тілге тиек етеміз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Мына пандемия уақытында ешнәрсені жоспарлай алмай-ақ қойдық. Сондықтан ҚМДБ бекіткен жоспар бойынша, Алланың көрсеткен тағдырымен жүреміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін!
Cұхбаттасқан Руслан БЕГЕН