Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 18 мамыр күні Мұнайлы ауданы бойынша орта мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен зайырлылық және дінтану пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру семинары өтті.
Семинарды Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы жүргізді.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың діни көшбасшылары, сондай-ақ радикалды идеологтардың дәрістерінде көп қолданылатын «бидғат», «такфир», «мүшрик», «ширк» сөздерінің дәстүрлі ислам тұрғысынан дұрыс анықтамалары берілді. Сонымен қатар мазхаб, ақида, мүжтәһид және тағы басқа діни терминдердің түсіндірмелері талқыланды.
Діни радикалдану – қоғам, мәдениет, ғылым-білім мен өнерден ажыраған кезде бірден пайда болатын құбылыс екені жеткізілді.
Семинар соңында ұстаздар тарапынан қойылған актуалды діни сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жастарды тәрбиелеп отырған ұстаздар Маңғыстау облысы Дін істері басқармасына арнайы алғыстарын жеткізіп, семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Сонымен бірге алдағы уақытта осындай дінтану білімін жетілдіруге бағытталған семинарлар, іс-шаралар көптеп өтуін сұрады.