Таяу күндері ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да журналист Ескендір Зұлқарнайдың белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен сұхбаты жарияланып, онда 890 жылғы араб картасынан «әл-Қазақия» сөзі табылғаны туралы жаңалық айтылды. Бұл қазақ мемлекеттілігінің тарихы ІХ ғасырдан басталатынына негіз болады делінген.
Алайда еліміздің бірқатар тарихшылары бұған қарсы шығып, араб картасында Қазақия емес, Қарлұқия деп жазылғанын алға тартты. Бүгін М.Сыдықназаров әлеуметтік желіде өзінің ашқан жаңалығы орынды екенін айтып, пікірін ортаға салды. «Көре алмайтындарға көп уақытымды бөлгім келмейді, онсыз да жұмысын басымнан асып жатыр» деп жазды ол.
Ғалым былай жазды:
– Кейбір пікір жазушылар біздің зерттеуімізде «القزلجيه», «الخزلجيه» және «الحرلحيه» деген сөздерді қате транскрипциялағанымызды, шын мәнінде ол «әл-Қарлұқия» деп оқылуы керек екенін айтты. «Дәлел» ретінде олар «خ», «ز «ج» әріптеріндегі диакратиялық ноқаттардың жоқтығын алға тартты. Сондықтан бұл «Al-Hazalhia» және «Al-Hazalgia» сөздерін «Al-Harluhia» сөзіне айналдырады деді.
Зерттеу жүргізу кезінде біз бұл сөздерді оқудың бірнеше нұсқасын қарастырдық. Соның ішінде «Al-Haralhia» және «Al-Harluhia» нұсқалары да болды.
Я «ه» – И «ي» – Г «ج» – Л «ل» – З «ز» – Х̣ «خ» – Л «ل» – А «ا»
Я «ه» – И «ي» – Х̣ «خ» – Л «ل» – З «ز» – Х̣ «خ» – Л «ل» – А «ا»
Я «ه» – И «ي» – Х «ح» – Л «ل» – З «ز» – Х «ح» – Л «ل» – А «ا»
Я «ه» – И «ي» – Х «ح» – Л «ل» – З «ز» – Х «ح» – Л «ل» – А «ا»
Алайда кейбір факторлар бізге карталардағы бұл сөздерді «Al-Hazalhia» немесе «Al-Hazalgia» деп транскрипциялауға берік негіз береді. Осыған орай өз түсініктемемді берсем.
Жалпы оқырманға түсінікті болу үшін айтарым, араб тілінде әріптер негізгі «фигурадан» және олардың үстіне, астына немесе ортасына қойылатын диакратиялық ноқаттардан тұрады. Бұл ноқаттардың болуы немесе болмауы әріптің оқылуын өзгертеді. Мысалы, салыстырыңыз:
з – «ز» мен р – «ر»;
х – «ح», х – «خ» мен г – «ج»;
с – «س» мен ш – «ش»;
қ – «ق» мен ф – «ف», т.б..
Дегенмен, ортағасырлық (тіпті кейде қазіргі) араб каллиграфиясында диакратиялық ноқаттардың қолданылмайтын кездері де болған және әлі де бар. Сондықтан «ز», «ن», ي», «ش», «ج», «خ», «ق», «ف» әріптеріндегі ноқаттың болмауы біз зерттеген карталарда да кездеседі. Мысалы, әл-Идрисидің біз бөліскен картасында әл-Гуззия (Оғызия) сөзі «العرىه» деп жазылған, ал дұрысы «الغزية» болуы керек еді.
Осындай мысалдар көп:
«نهر» орнына «ىهر»,
«بلاد الترك» орнына «ىلاد الىرك»
«خرخيز» орнына «حرحىر»
«التبت» орнына «الىىں»
«الجبال» орнына «الحبال»
«جيحون» орнына «حىحون», т.б.
Алайда мың жыл бұрынғы карталардағы жазулардың мағынасын ашуда кешенді ғылыми әдіс қолданылады, біз соған жүгіндік.
Біріншіден, біз транцкрипциялаудың бұрынғы тәжіриесін зерделедік. 1929 жылы неміс шығыстанушысы Конрад Миллер өзінің әд-Идриси картасына жасаған белгілі аудармасы Tabula Rogeriana (Роджер кітабы) атты еңбегінде аталған сөзді «Hazilgia», «Al Hizilgia» және «Hizilg» деп транскрипциялаған. Біз К.Миллердің HZLG әріптерінің осылайша түсіндіруімен толық келісеміз. Сондай-ақ бұл жерде жазылмаған дауысты дыбыс фатханы «А» деп санаймыз және бұл сөз «Al Hazalgia» деп оқылады деп есептейміз.
Екіншіден, Ибн Хаукалдың картасында ноқаттар болмаса да, әл-Идриси (القزلجيه) мен Ибн-Варди (الخزلخيـّه) картасында бар. Мұнда атау Al-Qazalgia және Al-Hazalhia деп анық оқылады.
Үшіншіден, біз әл-Идрисидің «Kitāb al-Masālik wa-l-mamālik» қолжазбасына контент-талдау жүргіздік, мұнда автор «الخزلجيه» әл-Қазақийя, әл-Хазахийя (Al-Hazalgia) сөзін 10-нан аса рет қолданған. Оның үзіндісі алғашқы араб карталары туралы посттарымда берілді.
Бұл ортағасырлық карталарда қазақ (хазах) сөзінде «л» әрпі неге қосылғаны белгісіз. Алайда, осы араб карталарының ықпалымен кейінгі ғасырларда еуропалық зерттеушілер де Casalg (Қазақ), Kazalg (Қазақ), Chazalgia (Қазақия), Chalzag Stati (Қазақ мемлекеті), Kakan di Kasalg (қазақ ханы) деп жазған.
Біз қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының этногенезінде ойып тұрып орын алатын Қарлұқ тайпасының тарихи маңызын жоққа шығармаймыз. Алайда «қарлұқ» сөзі араб тілінде «قرلوق», «قرلغ» немесе «قرلق» деп жазылады.