Мектепке дайындық қарсаңы. Шаштараз күтіп тұрмыз. Күн ыстық. Қарсы бетте ашық аспанда кафе жұмыс істеп тұр. Жолға жақындау үстелге екі жігіт жайғасты.
Сол маңайда қайыр сұрап, өткен-кеткеннің мазасын алып бір кісі жүрген. Әлгі екі жігіттің жанына келіп тамақ әпер деп тұрып алды. Олар кет деп айта алмады. Тамақ алып беруге де құлқы жоқ. Мүмкін кісінің мас күйінен жиіркенген болар. Әйтеуір, байқамағансып отыра берді.
Біраздан соң, бізге келіп: «Көрдің ба, байларды. Шетінен сараң», – деп тамаққа ақша сұрады. Теңге жоқ деп біз де бермедік. Сол арада бір көлік келіп, кафе бұрышына тоқтады. Темір тұлпарды тізгіндеген қарапайым әйел екен.
Әлгі мас «көлікті тамаша парковкаға қойдың» дегендей бас бармағын көрсетіп жетіп барды. Көмек бер деп алақанын жайып еді әйел ләм-мим демей теңге ұстатты. Қайыршы тағы бер дегендей ишара қылып еді, тағы да ұстатты да әйел жөніне кетті.
Осы кезде міскіндер анасы жайлы оқиға есіме түсті. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Маған міскін ретінде өмір бер. Міскін күйімше жанымды ал. Әрі міскіндер қатарында қайта тірілт[1]», – деп тілек тілейді екен.
Хадистанушы ғалым Зарқани: «Риуаяттағы міскін сөзі – қарапайым дегенді білдіреді», – дейді. Тирмизи еңбегіне жазылған түсіндірмеде де: «Бұл дұғамен пайғамбар өз үмбетіне қарапайымдылықтың қаншалықты маңызды екенін үйретуде», – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Жәннат қақпасының алдында тұрдым. Жәннатқа кіріп жатқан көпшілік міскіндер еді[2]», – деген екен.
Демек, міскін сөзінің «кедей» және «қарапайым» деген екі мағынасы бар.
Жахшқызы Зейнеп анамыз «міскіндер анасы» деген атқа ие еді. Оны жұрт осылай атайтын. Зейнеп ананың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) шаңырақ көтеруі тікелей Алла Тағаланың бұйрығымен болған. Бұл жөнінде, Құранда аят уахи етілген. «Ахзаб» сүресінің 37-аяты. Зейнеп анамыз ол жайлы: «Менің некем жеті қабат көкте қиылды[3]», – деген сөзі бар.
Жалпы, «міскін» дегеніміз – ішерге асы жоқ адам. Соған қарамай ешкімнен көмек сұрамайды. Демек, міскінге көмек беру кедейге жәрдемдесуден қарағанда анағұрлым қиын.
Зейнеп анамыз мұқтаждарды іздеп тауып көмектесетін. Қазіргі заман тілімен айтқанда Зейнеп ана (р.а.) жеке кәсіпкер еді. Өзінің мал терісін илеп, өңдейтін кәсібі болатын. Өз қолымен тері илеп табыс табатын. Табысының көп бөлігін жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға тарататын. Сондықтан ел оны «міскіндер анасы» деп атайтын.
Демек, бұл дерек Исламда әйелдің қайырымдылықпен айналысуымен қатар өз табиғатына сай еңбек ету құқығын көрсетеді. Құрбысы жайлы мұсылмандар анасы Айша (р.а.): «…Зейнептей дініне берік әйелді көрмедім. Аллаға тақуа, сөзі шыншыл, туысқа қамқор, көп садақа жасайтын әйел еді…[4]», – деп ерекше құрметпен айтқан екен.
Айша анамыз (р.а.) былай деп еске алады: «Алла елшісі (с.ғ.с.) жұбайларына: «Сендердің ішіңнен менің артымнан бірінші боп келетіні қолы ұзының[5]», – деген еді. Біздер қайсыбіріміздің қолымыз ұзын екен деп салыстырып та көрдік. Жылдар өтіп, халифа Омар заманында арамыздан Зейнеп бақи болды. Сол кезде ғана пайғамбардың сөзін түсіндік. Зейнеп арамыздағы көп садақа жасайтын, жомартымыз еді. Қолы ұзын деп Алла елшісі (с.ғ.с.) Зейнепті меңзеген екен», – дейді.
Мұсылмандар анасы Зейнеп (р.а.) қайтыс болар шағында: «Мен кебінімді дайындап қойдым. Омар маған деп кебін жібереді. Екі кебіннің бірін садақ етіп жіберіңдер…», – деп өліммен алысып жатып та, садақа жасаған екен.
Зейнеп анамыз қайтыс болғанда Айша (р.а.): «Мақтаулы һәм ғибадатшыл әйел кетті. Жетімдер мен жесірлердің қамқоры еді», – деген.
Руслан ҚАМБАР
[1] Тирмизи
[2] Бұхари
[3] Бұхари
[4] Муслим
[5] Муслим