Еліміздің әлемдік аренадағы беделінің артуы, дүние жұртшылығын аузына қаратқан саңлақ таланттарымыздың көптеп шығуы шетел азаматтарының назарын Қазақстанға және қазақ тіліне аударып отыр. Оның бір дәлелі – бүгінде ана тілімізді үйренгісі келетін шетелдіктердің саны көбеюі. Солардың бірі – жапон қызы Мисаки Эбина «Қазақ тілін 7 айдың ішінде үйреніп алдым», дейді. Біз оған арнайы хабарласып, өзі туралы және қазақ тіліне қызығушылығы қалай басталғаны жайында білген едік.
– Сәлем, Мисаки! Есіміңіз әдемі екен. Сұрағымды ең әуелі осыдан бастайын: жапон тілінде атыңыз қандай мағына береді?
– Рахмет! Менің есімім «әдемі гүл» дегенді білдіреді. Соған орай Қазақстандағы досым маған «Айгүл» деген қазақша есім берді.
– Әлеуметтік желідегі ақпараттардан білуімше, сіздің қазақ тіліне, жалпы Қазақстанға қызығушылығыңыз Денис Теннің өнерін көргеннен кейін басталыпты. Осы жайында айтсаңыз.
– Иә, мен Денистің өнерін алғаш рет Сочи Олимпиадасында тамашаладым. Шынын айтсам, оның өнеріне бір көргеннен ғашық болдым. Сондықтан Денистің сөйлеген сөздерін түсіну үшін ең алдымен орыс тілін үйрене бастадым. Қазақстанмен де танысуым осы кездері басталды.
2017 жылы «Астана EXPO» көрмесі өткенде осында келіп жұмыс істедім. Ол уақытта мен орыс тілінде сөйлейтін едім. Дегенмен бір күні «Сәлеметсіз бе», «Рахмет», «Мен Жапонияданмын» деген қарапайым қазақша сөздерді үйреніп, айтып жүрдім. Жапон қызының қазақ тілінде сөйлегенін көрген жергілікті адамдар таңданыстарын жасырмай, қуанып қалатын еді. Олардың жылы ілтипаты мені қанаттандырып, қазақ тілін үйренуге бел будым.
Көрме біткеннен кейін Жапонияға оралып, қаражат жинап, 2022 жылы қыркүйекте Алматыға келдім. Қазіргі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік дайындығы кафедрасында қазақ тілін үйреніп жүрмін.
– Қазақша мәтін жазуыңызға, сөз саптауыңызға қарап тілді жақсы деңгейде меңгергеніңізді байқап отырмын. Жалпы, қазақ тілін білу сізге не берді? Қандай пайдасы болды?
– Ең біріншіден, мен қазақ халқын жақсы көремін. Сондықтан қазақ тілін білудің мен үшін пайдасы мол. Бұрынғы орысша ғана сөйлеген кезбен салыстырғанда қазақ тілі арқылы қазақтармен жақынырақ танысуға болатынын сезінемін. Тіпті таксиде отырғанда да қазақша сөйлесем, жүргізушілер қуанып қалады. Өзім де арамызда осындай сыйластық болғанына ризамын. Сұхбатты да газетке бірінші рет беріп отырмын, бұл да менің қазақ тілін білгендігімнің арқасы. Өте қуаныштымын.
– Жапония – өз тілін, дәстүрін, ділін жоғары деңгейде сақтап отырған ел. Ал біздің елдегі тіл жағдайына қандай баға берер едіңіз?
– Иә, сіз айтқандай, Жапония мен Қазақстанда тіл мәселесінде айырмашылық бар. Меніңше, екі елдегі жағдайдың жақсы жағымен қатар, проблемасы да жоқ емес. Мысалы, Жапонияда халықтың 99%-ы жапонша сөйлейді. Біздің елде жапон тілінен басқа тілді білудің керегі жоқ. Сол себепті мектепте 10 жыл бойы ағылшын тілін оқытқанына қарамастан жапондар ағылшынша сөйлей алмайды. Олар тек емтихан тапсыру үшін оқиды.
Ал Қазақстанда барлық халықпен еркін сөйлесу үшін екі тілді білу керек. Әрине, қазақ тілінің жағдайы алаңдатады. Мысалы, бағана мен шаштаразға барып, қазақша сөйлеп едім, ол өз тілін білмейтін болып шықты. Дегенмен, екінші жағынан сіздерде жапондарға қарағанда екі тіл білудің арқасында басқа да тілдерді үйрену үшін психологиялық кедергі аз. Қазақстанда мектеп оқушылары да ағылшынша жақсы сөйлейді екен. Қазіргі заманда мұның пайдасы көп, өйткені ағылшын тілін білген адам көбірек ақпарат алады. Осы жағынан Қазақстандағы тіл жағдайының пайдалы тұстары да бар екенін айтқым келеді.
– Сіз қазақ тілін 7 айдың ішінде үйреніп алған екенсіз. Біреулер қазақ тілі әлемдегі ең қиын тілдердің бірі дейді. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Адамның тілді меңгеруі оның бұған дейін қандай тілде сөйлейтініне байланысты. Мысалы, қазақ және жапон тілдері грамматикалық тұрғыда ұқсас. Сондықтан жапон тілінің құрылымын білетін адамға қазақшаны үйрену аса қиын емес. Екеуі де жалғамалы тілдерге жатады. Яғни түбір сөз өзгермейді, оған жалғаулар мен жұрнақтар жалғанып отырады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі де екі тілде бірдей. Тек жапондарға қазақша сөздерді айту жағы қиындау. Себебі жапон тілінде 20-ға жуық фонема қолданылса, қазақ тілінде 35-ке жуық фонема бар.
Бір мәселені айтайын. Жапондар үшін қазақ тілін үйренетін оқулықтар мен сөздіктер жоқтың қасы. Бар болса да, табу мүмкін емес. Сондықтан мен жапондарға арнап қазақ тілін үйрететін оқулық жазып жатырмын.
– Денис Теннен бөлек басқа да қандай танымал қазақтарды білесіз?..
– Маған қазақ музыкасы өте ұнайды. Мәселен, Димаш, «Ninety One» сияқты әлемге әйгілі әншілерді тыңдаймын. Айқын Төлепберген, Зируза, Ғазизхан Шекербековті де ұнатамын. Ал соңғы күндері Құрмаш Маханның «Аяулым» әнін тыңдап жүрмін.
– Бір жыл қазақ тілін үйренген соң не істейсіз? Болашаққа жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Менің арманым – Қазақстанды әлемге таныстыру. Сол үшін болашақта интернетте көп мақала және видео шығармақпын. Екіншіден, Қазақстанда жасалған сапалы заттарды Жапонияға апарып сатуды жоспарлап отырмын. Үшіншіден, қазақ және жапон тілдері сөйлемдерінің дерекқорын жасағым келеді. Ал, төртіншіден, Жапонияда қазақ мәдениетін таныстыратын іс-шаралар ұйымдастырсам деймін.
– Соңғы сұрағым, елімізде өз ана тілінде сөйлей алмайтын отандастарымыз әлі де көп. Оларға не айтар едіңіз?
– Мен шетелдікпін, сондықтан бұл тақырыпта ештеңе дей алмаймын. Алайда бір айтатыным: қазақ тілін үйрену өте қызық!
– Ана тілімізге деген махаббатыңыз үшін сізге рахмет!
ӘңгімелЙ