Сұрақ: Мешіттің суреті бар жайнамазда намаз оқуға бола ма?
Жауап: Жайнамаз – намаз оқуға арналған төсеніш түрі. Жайнамазды пайдалану тәжірибесі кейіннен қалыптасқан. Жайнамаз тігу, тоқу мұсылман елдеріндегі дәстүрлі қолөнер түрі. Қазіргі таңда Меккедегі Қағбаның суреті, пайғамбар мешітінің суреті, Ақса мешітінің суреті, жылтыраған мешіттердің күмбездері бар жайнамаз түрлері кең таралған. Мұндай жайнамаздарда намаз оқуға болады. Жайнамаз адамның жеті мүшесіне екі аяқ саусақтарымен, екі тізе, екі алақан, маңдаймен сәждеге ыңғайлы болғаны дұрыс.
Ал Құран аяттары, Алланың есімдері, дұғалар жазылған, жануарлардың суреттері бейнеленген жайнамаздарды жерге төсеу және оның үстінде намаз оқу шариғат әдебіне жатпайды. Құран аяттары қамтылған жайнамаздарды жерге төсеу, оған құрметсіздік жасау саналады. Яғни, адамның ойын алаңдататын заттары бар жайнамаздарда намаз оқу мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құранды жерге, киімге, төсенішке, жастыққа және т.б. жазуды құптамаған.
Икрам АЙТАЕВ