Өткен аптада әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті. Студент кезінен бері Өзбекстандағы Науаи облысында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева жағымды пікірлер жазып, толассыз тілектер жолдап жатқан көпшіліктен, әсіресе Қазақстан халқынан мұндай реакция күтпегенін айтады. 23 жасында Зулфия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып, өзбек басшысының атынан көлік сыйға алған қандасымыз Мерейге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Студент кезіңізден кәсіпкерлікпен айналысқаныңызды естіп, осы сала бойынша жоғары білім алған болар деп ойласам, Науаи мемлекеттік педагогикалық институтында бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқыпсыз. Кәсіпкерлікке бет бұруға не түрткі болды?
– Бала кезімнен шаруашылық жүргізуге қатты қызықтым. Өйткені әкем көп жыл бойы зоотехния саласында бөлім бастығы болып жұмыс істеп, өмірін осы салаға арнады. 9-сыныпты бітірген соң Науаидегі колледжге ветеринария мамандығына оқуға түстім. Оны бітірген соң ауылшаруашылық институтына зоотехниктің оқуын оқимын деп ойлағанмын. Бірақ анам «Қыз балаға шаруашылықты жалғыз жүргізу қиын болады. Одан да мұғалімнің оқуын оқы. Педагогтерге әрқашан жұмыс табылады» деп ақылын айтты.
Сөйтіп, Науаи мемлекеттік педагогикалық институты бастауыш сынып мұғалімін даярлайтын факультеттің қазақ бөліміне оқуға түстім. Диплом алған соң, ауылдағы мектепте бір жыл сабақ бердім. Бірақ кәсіпкерлікке бет бұрған соң, бұл жұмысты жалғастырмадым.
Қазір өзім оқыған институттағы менеджмент факультетінің магистратура бөлімінде оқимын. Негізі, мен – Өзбекстандағы Науаи облысы Нұрата ауданының тумасымын. Біле білсеңіз, қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі Әйтеке би осы жерде жерленген.
Жалпы, Науаи – қазақтар көп шоғырланған аймақ. Мен осы аймаққа кіретін Ұшқырқұдық деген қазақ ауылында өсіп-өндім. Артымнан ерген төрт сіңлім, бір бауырым бар. Әкем 2013 жылы дүние салды. Ол кісі бетімізді қақпай, ерке қылып өсірді. Ол барда еш қиындық көрмедік. Әкем өмірден өткен соң, үйдің үлкені болғандықтан, барлық жауапкершілік менің мойныма артылатынын түсіндім.
Жалпақ тілмен айтқанда, бауырларымды аш қалдырмас үшін анам екеуіміз әрекет етіп, көп еңбектендік. Қазір менен кейін туған сіңлім шетелдік компанияда жұмыс істейді. Қалған сіңлілерім университетте грантта оқиды, ал інім мектепке барады. Анам да институтта оқиды.
Негізі, ол кісі ауылда мен ашқан балабақшаны басқарады. Одан бөлек, шаруашылыққа бас-көз болып отыр. Сіңлім демекші, сіңлілерімнің үлкені Өзбекстанда тіркеуден шығып, Қазақстанға қоныс аударып, Алматыда бір жыл бойы ағылшын тілінен репетитор болып жұмыс істеді. Анамның «Барлығымыз Өзбекстанда тұрамыз, елге бармай, қасымызда жүре берсеңші» дегеніне құлақ аспай, «Ол жақта ата-әжем бар ғой!» деп Қазақстанда қалғысы келді. «Азаматтық алмай қоймаймын» деп ары-бері шапқылап, қағазбастылықтан қиналып, ол талпынысынан ештеңе өнбеді. Ақырында Өзбекстанға қайтып келіп, қазір осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.
– «Анам да институтта оқиды» дедіңіз бе? Анаңыз қазір сіз секілді студент пе?
– Анам кезінде техникумда есепшінің оқуын оқыған. Әкемнің табысы жақсы болғандықтан, ол кісі шаруашылық жұмысына көп көңіл бөлген. Анамның екі жыл қатарынан оқуға түсе алмай, емтиханға дайындалып, қиналып жүргенін көріп «Оқуды не қыласыз? Оданша кәсібімізді жүргізе берсеңізші» десем, «Оқудың ерте-кеші жоқ, білімді жетілдірген дұрыс. Менің оқығым келеді» деп тырмысып-бағып, үшінші жылы Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының Педагогика және психология факультетінің қазақ бөліміне оқуға түсті. Сөйтіп, қазір 47 жасында 2-курс оқып жүр.
– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Алдымен балабақша аштыңыз ба әлде мал шаруашылығының өнімділігін арттыруды көздедіңіз бе? Қайсысын бірінші қолға алдыңыз?
– 2016 жылы колледж бітіргелі жүргенде кәсіпкерлерге пайызсыз несие беретін бір байқауға қатыстым. Ангор ешкісін будандастыру, одан алынатын өнімдердің сапасын арттыруды, бір жылда қанша пайда әкелетінін сараптап, бизнес-жоспар әзірлеген едім. Бірақ облыстағылар менің бұл бастамама «Сен бізді мазақ қылып тұрсың ба?» деп мырс күліп, байқаудан өткізбей қойды. Сол кезде өзіме «Түбі осы жобаны республикалық деңгейдегі байқауға алып шығып, мұның тиімді екенін дәлелдеймін» деп уәде бердім.
Сосын сол жылдың қазан айында «Кәсіпкер қыздың ең жақсы жобасы» деген республикалық байқауға қатыстым. Айым оңынан туып, сол байқауда бірінші орынды иелендім. Марапаттау кезінде Өзбекстанға белгілі қоғам қайраткері Эльмира Баситханова «Мерей, әйел адамның қолынан барлығы келеді. Бұл ісің тіпті де ұят емес. Қолыңнан келсе, қонышынан бас! Сен бастысы тоқтама!» деп арқамнан қағып, жігерлендіріп жіберді. Ол кісінің бұл айтқаны қиялыма қанат бітіріп, тың серпіліс берді.
Сөйтіп, 21 жасымда кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Көптеген жобаға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен байланыс орнаттым. Одан бөлек, лауазымды тұлғалармен көп кездестім. Қазір министрліктегілердің барлығы мені таниды (күліп).
Ал неліктен балабақша ашу ісін қолға алғанымды сұрасаңыз, өткен жылы президенттің ауылды жерде отбасылық балабақша ашқандарға қолдау көрсету туралы қаулысы күшіне енген болатын. Ал біздің ауылда балабақша жоқ. Кішкентай балалар үнемі далада ойнап жүреді, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ісі жүргізілмейді. Оның үстіне, үйіміздің аумағы үлкен, сол себепті үйдің қасынан балабақша ашқым келді.
Оған қоса, үкімет қызметкерлерге жалақы төлейді, құрал-жабдықпен қамтамасыз етеді. Біздің міндет – жұмысты үйлестіру. Қазір жеке шаруашылық пен балабақшадан бөлек, кәсіпкерлік жүргізу бойынша тренингтер өткіземін. Науаи облысы бойынша жастарды кәсіпкерлік және ІТ саласына бейімдеу жауапкершілігі маған жүктелген болатын. Командамда 8 мықты маман бар, соның ішінде экономиканы бес саусағындай білетін профессорлар бар. Сол себепті қазір уақытымның көп бөлігін осы іске жұмсап жүрмін.
– Жиырма үш жасыңызда Өзбекстандағы дарынды қыздарға берілетін Зулфия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атаныпсыз. Бұл марапат та өміріңізге ерекше серпіліс бермей қоймайтыны анық.
– Әлбетте, бұл марапат өміріме көп өзгеріс әкелді. Бұл – қоғамдық істерге белсене араласатын, түрлі салада біраз жақсы нәтиже көрсетіп жүрген, 18-30 жас аралығындағы қыздарға берілетін мемлекеттік сыйлық. Оны президенттің өзі табыстайды. Мұндай ерекше сыйлыққа лайық деп танылған адамның соңынан «Мұны алатындай оның қандай жетістігі бар? Соншама не жұмыс істеді? Неге алып жүр?» дегендей түрлі сөз еретіні анық. Сол сыйлықты алған соң, «Әне, қараңыз. Мемлекеттік сыйлықты иеленіп алып, жұмыс істемей, босқа жүр» дегендей әңгіме айтқызбас үшін бұрынғыдан бетер жанталаса жұмыс істедім. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетумен айналыстым. Әсіресе, пандемия кезінде қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсетуге тырыстым.
– «Өзбекстан президентімен алты рет кездестім» дейсіз. Сонда президентпен өтетін кездесулерде Науаи облысы бойынша жас кәсіпкерлердің атынан сіз сөйлейсіз бе?
– Иә, Өзбекстан президенті қатыстатын кездесулерге біздің облыстағы жас кәсіпкерлердің, сондай-ақ жастардың атынан қатысамын. Президент мен көтерген мәселелердің барлығына қолдау білдірді. Жалпы, біздің президент жастармен жиі кездескенді құп көреді, олардың іркілместен ойларын ашық жеткізгенін жөн санайды. Мейрімділік танытып, жастарды жақын тартады. Мысалы, кеше Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған кездесуде ортаға шығып сөйлеймін деген ой тіпті де болған жоқ. Шавкат Мирзиёевпен кездесудің соңы жылы жүздесуге айналып, соңында өзі «Тағы сөйлеймін деушілер бар ма?» деген соң, қолымды көтеріп, ортаға қалай шыққанымды білмей қалдым. Тіпті көлік сыйлайтынын да білген жоқпын. Ертең Өзбекстан президенті сайлау алдында жастармен тағы кездесу ұйымдастырмақ. Өзбекстанда үшінші ренессанс басталып, демократиялық өзгерістер болып жатыр. Сондықтан ол кісі жастармен жиі кездесіп тұрады. Есептеп қарасам, он бес күнде өзбек президентімен төрт рет кездесіппін.
– Сол кездесуде ортаға шыққанда Өзбекстан президентімен алдымен қазақша сөйлесіп, кейіннен өзбек тілінде сөйлеуге рұқсат сұрағаныңызға көпшілік тәнті болды. Тіпті, Шавкат Мирзиёев сізбен сөйлескен сәті таспаланған видеоны Facebook-тегі жеке парақшасына жүктеп қойыпты. Өзбек президентінің алдында қазақ тілінде сөйлеуді бұрыннан ойластырып жүріп пе едіңіз әлде бұл сол жерде тосыннан келген идея ма?
– Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін. «Президентпен кездесетін болсам, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғастырамын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен. Ал мен керісінше алдымен қазақша сөйлеп, кейін өзбекше сөйлеуге рұқсат сұрадым, бірақ президент өзбекше жалғастыруға рұқсат сұрағаныма қуанып, алғысын білдірді. Мен үнемі айтамын: қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбекстаннан кеудемізді итеріп, ешкім кет деп жатқан жоқ. Керісінше жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Науаи облысының әкімі Қабыл Тұрсынов қазақтарды көп қолдайды. Кәсіпкер болған соң, жолыңды кес-кестеп, күндейтіндер табылады. Сондай теріс пиғылы бар адамдардың маған кедергі келтіруіне жол бермей, әрдайым демеп жүреді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұнатады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақтармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркелесіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақтың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға болады. Ал Қазақстанға бару ниетім туралы сұрағыңыз келсе, жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабарласып, кездесуге шақырды. Командамнан бес-алты маманды ертіп, қыркүйектің жиырмаларына таман елге баруды жоспарлап отырмын. Жалпы, мен Қазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болып, жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын бақылап отырамын. Негізі, елге барсам, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескім келеді. Ол кісіге айтарым бар.
– Біздің Президентпен кездесудің сәті түсіп жатса, не айтар едіңіз?
– Өзбекстандағы қазақтардың ол кісіге тарту етер сыйлығы бар. Одан бөлек, көкейімде түйіп жүрген біраз нәрсені бөліскім келеді. Мысалы, Қазақстан және Өзбекстандағы белсенді қазақтар, әсіресе жастар арасында форум өткізілсе екен деймін. Сонымен қатар екі елдегі мықты кәсіпкерлер арасында пікір алмасулар көп болғанын қалаймын. Көпшілік алдында айта алмайтын тағы басқа жобалар бар. Жалпы, ол кісімен бейресми кездесуде сұхбаттасқым келеді.
– Тағы бір байқағаным, сол кездесуде қазақша сөйлегеніңізге риза болған қазақстандықтардың басым көпшілігі «Қазақ тілін ұмытпағаныңызға рақмет!» деп пікір қалдырып, ақжарма тілектерін білдіріп жатыр. Сол видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қазақстандықтар мұндай реакция танытады деп күтпеген боларсыз, сірә?
– «Қазақ тілін ұмытпағаныңызға рақмет» деген пікірлерді мен де оқыдым. Біз жақта ана тілімізді білмейтін қазақтар жетерлік. Көпшілік сол себептен сұрап жатқан болар. Ал біздің ауылда өзбектер былай тұрсын, тәжіктер де қазақша сөйлейді. Ал Қазақстандағылар осыншалық реакция танытады деп күтпегенім рас. Сол кездесудің ертесінде-ақ, Қазақстандағы БАҚ-тардың мен туралы жарыса жазғанын байқадым. Осыдан соң, «Егер мен мына жақта қиналып қалсам, көмектесетіндер бар екен. Артымда бір қауым ел бар екен ғой» деген ой түйдім. Облыс әкімшілігіндегілер «Президент сыйлаған көліктің кілтін табыстағанда қандай сезімде болдыңыз?» деп сұрайды. Мен болсам «Қазақстандағылардың қалай қолдап жатқанын көріп жатырсыздар ғой. Көліктің кілтін алғанда бұлай қуанбағанмын мен» деп, қуанышымды жасыра алмай, мақтан көріп жүрмін. Арада апта өтсе де, жылы лебіздер, ізгі тілектер легі таусылар емес. Өзбекстандағы көпшілік қазақтілді сайттарды оқиды екен. Тіпті, облыс әкімі «Бүгін қанша қаралым болды? Ал пікірлер саны қанша?» деп сұрап отырады. Сосын ол кісіге «есеп» ретінде скриншоттар жіберемін (күліп). Осы ретте басылымдарыңыз арқылы мені бауырына тартып, тілекші болып жүрген Қазақстан халқына алғысымды жеткізгім келеді. Қай мемлекетте тыныштық болса, сол мемлекетте даму болады. Өзбекстан мен Қазақстан халқының ұйқысы тыныш, аспаны ашық. Лайым солай болсын! «Қазақ» деген атымыз өшпесін! «Мен – қазақпын!» деп мақтана айтатын мақтаныштарымыз көбейе берсін!
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ