Әмәуи халифасы Сүлеймен бин Әбдімәлік тақуа Әбу Хазимге «қандай да бір қажетің болса, маған айт!» деген екен. Сонда Әбу Хазим:
– Мені жәһәннәмнан құтқарып, жәннатқа кіргізе аласың ба? – дейді.
– Ол мен істей алатын іс емес!
– Олай болса, менің бұдан басқа мұқтаждығым жоқ, депті Әбу Хазим.
– Ендеше маған батаңды бер!
– Аллаһым! Егер Сүлеймен Сенің досың болса, оған дүние мен ахіреттің жақсылықтарын сыйла! Егер Сенің теріс жолда жүрген құлың болса, о, Раббым, оның сана-сезімін Өзіңнің разылығыңмен үйлестіргейсің! Оған Өзің жақсы көрген және разы болған істерді істеуіне мүмкіндік бергейсің!
– Осы ғана ма?!
– Егер сен бұл дұғаға лайық болсаң, шын мәнінде, мен ең қымбат, пайдалы дұға жасадым. Ал лайық болмасаң немесе тура жолмен жүруге ниетің болмаса, онда бұл адырнасы жоқ садақпен оқ атқандай мұның еш пайдасы болмайды.
– Маған насихат айт!
– Саған өзекті насихат айтамын: Раббыңа тағзым көрсете отырып құлшылық жаса және мәмілеңе баса назар аудар! Раббыңның сені әр сәт сайын көріп, бақылап тұрғанын жүрегіңмен толық сезінгейсің! Ол тыйған нәрсені істеуден және Ол бұйырған іске немқұрайлы қараудан барынша сақтанғайсың!
Әбу Хазим халифа Сүлейменнің құзырынан шығып кеткенде, Сүлеймен оған жүз динар ақша жіберіп: «Сен бұларды жұмса, саған тағы да осындай көп сыйлық жіберемін!» – деп жазылған хатын қоса беріп жіберген екен. Бірақ Әбу Хазим бұл жүз динар ақшаны қабылдамай, қайтарып берген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ