Сұрақ: Пайғамбар жақындары қайтыс болған уақытта көзіне жас алған ба?

Жауап: Алла Елшісінің (с.а.с.) әрбір амалы мұсылман үмбеті үшін үлгі. Ол кісінің басынан кешкен оқиғалары және көрген өмір сынақтары мен машақаттары – ғибрат. Алла Тағала басқа пенделерге қарағанда Өзінің пайғамбарларына және жақын құлдарына (әулиелерге) көп сынақ жібереді. Сондықтан Мұхаммед пайғамбар да (с.а.с.) мұндай сынақтардан тыс қалмады.

Ол кісінің де отбасына өлім-жітім, қайғы-қасірет келген. Мысалы, оның Ибраһим есімді ұлы бар болғаны он сегіз айлығында көз жұмды (Ибн Сағд, «Тaбaкaт»). Сәбидің енді қылықтары шығып, көзге ілінген шағында оны жоғалтып алу кімге болсын оңай емес.

Пайғамбар (с.ғ.с.) қызуы қатты көтерілген Ибраһимді қолында ұстап отырып мәңгі өмірге шығарып салды. Көздері ыстық жасқа толған Мұхаммед (с.а.с.) үнсіз отырды. Оның жасын көрген Әнас ибн Мәлик таң қалып: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз жылап отырсыз ба?» – деп сұрайды. Өйткені дін Ислам қайтыс болған адамның артынан есінен танып, киімін жыртып немесе үсті-басын тырнап жылауға тыйым салған (Мүслим, «Иман»).

Алланың елшісі (с.а.с.) Әнас ибн Мәликке: «Бұл – мейірім жасы. Көз жасқа толады, жүрек қайғырады. Біз Раббымыз разы болатын сөздерді ғана айтамыз. Ей, Ибраһим! Шынында біз сенімен қоштасатынымызға қайғылымыз», – деп  жауап береді (Бұһари).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Беретін садақаның мөлшері бар ма?

Сондай-ақ Зейнеп анамыздың ұлы қатты науқастанып қалады. Ұлының өлім аузында жатқанын сезген Зейнеп дереу әкесіне хабар жібереді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қызына Алланың сәлемін айтып былай деп хабар айтады: «Алатын да, беретін де Алла. Әр нәрсенің өз мерзімі бар. Сабыр қыл және сабырдың сыйын күт».

Мұнан соң Зейнеп анамыз тағы хабар жіберіп, оның міндетті түрде келуін өтінеді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бірнеше сахабаны ертіп, қызы Зейнептің үйіне келеді. Пайғамбар нәрестені құшағына алады. Оның соңғы демін көрген Мұхамедтің (с.ғ.с.) көзіне жас келеді. Мұны байқаған Сағд ибн Убайда:

– Уа, Алланың Елшісі! Бұл не? – деп сұрайды.

Бұл, Алланың жақсы көрген пендесінің жүрегіне салатын мейірімі. Ол мейірімді құлдарын ғана рахмет етеді. (Бұһари, Әбу Дәуіт)

Демек, Алла мейірім қасиетін Өзінің жақсы көрген пенделеріне береді. Мейірімді адам – жұмсақ, адамгершілігі мол, өзге адамға жақсылық жасауға, мұқтажға жәрдем беруге әзір тұратын ізгі жан. Алланың елшісі (с.а.с.) мейірімді, жылы жүректі болған.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу