Сұрақ: Мен құмар ойындарын жиі ойнайтын едім. Қалай тәубе етсем болады?
Жауап: Кезінде Адам мен Хауа анамыз жасаған амалдары үшін Алладан қатты ұялған. Қолмен жасаған күнәларын мойындап, тәубе жасайды. Олар Алладан жарылқауын тілейді. Алла Тағала олардың тәубесін қабыл алған.
Сол үшін құмар ойнау райынан қайтқан адам әуелі қатаң түрде жалпы құмар аталыдан бас тартады. Құмар ойнағыш достардан арылады. Яғни, құмарға жақын әрі өзін құмар ойнауға шақыратын адамдармен қатынасты шектейді. Кейін өткенге өкініп, құмарға қайтып оралмайтындай берік шешім қабылдайды, тәубе етіп, садақа таратады. Жасалған тәубе жәй сөз емес, шынайы болуы тиіс.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Кім ант беріп: «Лат пен Ғуззаның атымен!» деп айтқан болса, сол адам: «Лә иләһа иллалла» (Алладан басқа құдай жоқ)» деп айтсын. Ал кім өзінің досын: «Құмар ойнайық» деп шақырса, садақа берсін» деп айтқан.
Имам ән-Науауи ғалымдардың бұл мәселеге қатысты: «Ол адам садақаны өзінің амалын жуып-шаюы үшін береді» деген пікірін айқан. Ал Хаттаби болса: «Беретін садақаның мөлшері ол адамның құмарға тіккен немесе тігуді ниет еткен көлеміндей болуы тиіс» деп айтқан.
Дегенмен, имам Науауи және басқа да ғалымдар жоғарыдағы хадистің жалпы мағынасын алға тартқан. Яғни, тәубе ретінде берілетін садақаның мөлшері шектелмеген. Адам садақаны шамасы келетін көлемде береді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ