Чарли Чаплиннің өз қызына жазған хаты
Ата-ананың өз балаларына деген махаббатынан асқан шынайы да шүбәсіз сүйіспеншілік жоқ шығар…
Чарли Чаплин, 12 баланың әкесі, 1965 жылы 76 жасқа қараған шағында Париж сахнасында биші болып жүрген жиырма бір жасар қызы Джеральдинаға хат жазады. Терең көңіл сезімдеріне толы хатта айтылған ойлы өсиеттер бүгінгі алаңсыз күн кешкен адамдарға да сабақ боларлық.
Бұл әкелік махаббат пен қамқорлықтың, мұң мен қуаныштың, мақтаныш пен уайымның, сандаған жылдар бойы көңілге түйген даналық пен ақылдың үлгісі. «Мен ешқашан періште болған емеспін, – дейді кинематорафтың хас шебері. – Алайда, әрдайым адам болуға тырыстым. Сен де солай бол!».
Осы хатты оқып шығып, сіздерге әке-шешелеріңіз нені үйреткендерін және сіздер өз балаларыңызға нені үйреткілеріңіз келетінін ойланыңыз.
«Қызым менің!
Қазір түн. Мейрам түні. Менің кішкентай қамалымның барлық қарулы әскерлері ұйқыға кетті. Інің де, сіңлің де тәтті ұйқыда. Тіпті анаң да ұйықтап жатыр. Осы жартылай жарық көмескі тартқан бөлмеме келемін деп, сілтідей тыныштықта көз ілген балапандарымды оятып ала жаздадым.
Сен қазір менен алыстасың! Бірақ та сенің бейнең үнемі менің көз алдымда. Міне, сенің портретің менің үстелімде тұр және ол менің жүрегімде де бар. Ал сен сонау ертегіге айналған Парижде, Елисей алаңындағы сәулетті театр сахнасында би билеп жүрсің. Мен мұны жақсы білемін, сонда да түнгі тыныштықта сенің басқан қадамыңды естимін, қысқы аспанда жылтылдаған жұлдыздай көздеріңді көремін.
Осы мерекелік тамаша спектакльде сен татар ханының тұтқынындағы парсы сұлуының рөлін сомдайтыныңды естідім. Әдемі бол және билей бер! Жұлдыз болып жарығыңды шаш!
Алайда, осынау шаттық пен құрмет есіңді алып, көрермендер ұсынған құшақ толы гүлдердің хош иісі басыңды айналдырса, онда бір бұрышқа барып отыр да, менің хатымды оқы, жүрегіңнің үніне құлақ сал.
Мен сенің әкеңмін, Джеральдина! Мен Чарлимін, Чарли Чаплинмін! Сенің сондай кішкентай күніңде қаншама түндер кереуетіңнің басында отырып алып, саған ұйқыдағы ару туралы, қырағы аждаһар туралы ертегі айтатынымды білесің бе? Содан кірпіктерім айқасып, кәрі көздерімді ұйқы қыса бастағанда мен ұйқыны келеке қылып: «Кет әрі! Менің ұйқым – ол менің қызымның арманы!» – деуші едім ғой.
Мен сенің армандарыңды көрдім, Джеральдина, сенің болашағыңды, бүгінгі күніңді көрген едім. Мен сахнада билеп жүрген қызды, көкте қалқыған перизатты көргенмін. Жиналған қауымға: «Мына қызды көрдіңдер ме? Бұл қартайған қалжыңқойдың қызы. Чарли деген қалжыңқой естеріңде бар ма?» – деген сөздерді естігенмін.
Иә, мен Чарлимін! Кәрі қалжыңқоймын! Бүгін сенің кезегің. Биле! Мен кең пішілген жыртық шалбармен билегенмін, ал сен ханшайымның жібек киімімен билеп жүрсің.
Осы би мен қошеметтер кей кездері сені көкке көтеріп әкетеді. Иә, ұш! Ұша бер! Бірақ, жерге де түсе біл! Сен суық пен аштықтан діріл қағып, көшеде билеп жүрген бишілердің де өмірлерін көре білуің тиіс. Мен солардай болғанмын, Джеральдина. Сен менің ертегілеріме елтіп тәтті ұйқыға кеткен сол түндерде, ғажайып түндерде мен ұйықтамайтынмын.
Сенің кішкене жүзіңе қарайтынмын, бір уыс жүрегіңнің қағысын тыңдап, өз-өзімнен: «Чарли, мына кішкене мысық та сені білетін бола ма?» – деп сұрайтынмын. Сен мені білмейсің ғой, Джеральдина. Сол алыс түндерде саған қаншама ертегілер айттым, алайда өз ертегімді ешқашан айтқан емеспін. Ол да қызық.
Ол Лондонның кедей-кепшіктер тұратын көшелерінде ән айтып, би билеп, сосын садақа жинайтын қарны аш қалжыңқой туралы. Міне, осы менің ертегім! Мен аштықтың, өз баспанаң болмаудың қандай екендігін жақсы білемін. Иә, сонда да мен тірімін, сондықтан бұл тақырыпты қоя тұрайық.
Одан да сен туралы сөйлеселікші. Сенің Джеральдина атты есіміңнен кейін менің Чаплин деген тегім тұрады. Осы тегіммен мен 40 жылдан астам жер бетіндегі адамдарды күлкіге батырдым. Бірақ, олардың күлгенінен гөрі менің жылауым көп болды.
Джеральдина, сен өмір сүріп жатқан дүние тек би мен музыкадан ғана тұрмайды! Түн ауа зәулім залдан шыққанда сен өз өнеріңе бас июші байларды ұмытуың мүмкін, алайда сені үйіңе алып бара жатқан такси жүргізушісінен оның әйелі туралы сұрауды ұмытпа.
Егер оның әйелі жүкті болса, егер болашақ сәбилеріне жаялық алатын мүмкіндігі жоқ екенін білсең, оған ақша беріп, көмектесуді естен шығарма. Кей кездері метромен немесе автобуспен жүр, жаяу да жүр, қаланы аралап көзіңмен көр.
Адамдарға назар сал! Жесірлер мен жетімдерге қара! Сосын күніне бір мәрте болса да өз-өзіңе: «Мен де солар секілді адаммын», – деп айтқын. Иә, сен де солар секілдісің, қызым.
Содан кейін. Өнер, адамға көкке шарықтауға қанат берместен бұрын негізінен аяқтан да шалады. Бір кезде сен өзіңді жұрттан жоғары санайтын күн туа қалса, сол сәтте-ақ сахнаны таста. Бірінші тоқтаған таксимен Париждің шеткері жақтарына бар. Мен ол жерлерді жақсы білемін. Онда сен өзің секілді, тіпті сенен де әдемірек, келбеттірек биші қыздарды көресің. Сенің театрыңдағы көз қарықтырар жарық шамдардың ол жерде аты да жоқ. Олардың шамы – Ай.
Көзіңді сал, жақсылап қара! Олар сенен жақсы билей ме екен? Мойында, қызым менің! Сенен де жақсы билейтін, сенен де жақсы ойнайтындар әрдайым табылады! Және есіңде болсын: Чарлидің отбасында арбакешке жекіп ұрсатын немесе Сенаның жағасында отырған қайыршыны келеке қылып күлетін дөрекі болған емес.
Мен өлермін, бірақ сен өмір сүресің. Сенің ешқашан кедейшілікті көрмегеніңді қалаймын. Осы хатпен саған қалағаныңша жаратарсың деп чек кітапшамды салып жіберемін. Алайда, екі франк жұмсасаң, үшіншісі сенікі емес екенін өз-өзіңнің есіңе салып отыр. Ол – осы ақшаға мұқтаж бейтаныс адамға тиесілі болуы керек. Ал ондай адамды сен оңай тауып аласың. Оларды тек іздеп көрсең болды, кез келген жеден кездестіруіңе болады.
Ақшаның әзәзіл күшін білуің үшін мен сенімен сол туралы сөйлесіп отырмын. Мен циркте көп уақытымды өткізген адаммын. Сол кезде жіптің үстімен жүретін адамдарға үнемі алаңдап уайымдап тұратынмын.
Бірақ та, саған айтуға тиіспін, тербеліп тұратын жіптің үстімен жүретіндерден гөрі, адамдар қатты жердің үстінде көбірек құлайды. Күндердің-күні кешкі қонақасылардың бірінде әлдебір бриллианттың жарқылы сенің көзіңді қарықтыруы мүмкін. Сол кезде ол сенің аяқ астыңдағы жүретін жіпке айналады, одан алмағайып құлап кетуің де ғажап емес.
Бәлкім күндердің бір күні әлдебір ханзаданың әдемі келбеті сені тас құрсап тұтқындауы мүмкін. Сол күні сен тәжірибесіз жіптің үстімен жүрушіге айналасың, ал тәжірибесіздер көбірек құлап жатады.
Жүрегіңді алтынға да, қымбат тастарға да сатпа. Ең алып бриллиант – Күн екендігін біле жүр. Бақытымызға орай, ол бәріне бірдей сәулесін шашуда.
Ал уақыты келіп біреуді ұнатсаң, ол адамды жүрекпен сүйе біл. Осы жайында саған хат жаз деп анаңа айтқанмын. Ол махаббатты менен жақсы біледі, сондықтан сенімен оның өзі сөйлескені жөн.
Қазіргі күні сенің тәнің жібек матаның кішкене бір қиындысымен ғана жабулы. Өнер үшін сахнаға жартылай жалаңаш та шығарсың, алайда одан кері шыққанда етегіңді қымтап қана қоймай, таза қайтуың да керек.
Мен қартайдым, сондықтан бәлкім сөздерім де күлкілі естілетін шығар. Бірақ, меніңше, сенің жалаңаш тәнің сенің жалаңаш жаныңды сүйе білген адамға ғана арналуы керек. Бұл тұрғыдағы сенің пікірің өткен шаққа тиесілі болуы қиын мәселе емес…
Мен таңғажайып нәрсенің болатынына, саған айтқан сөздерімнің бәрін шын мәнінде түсінетініңе сенгім келеді. Чарли қартайды, Джеральдина. Ерте ме, кеш пе, бір күні саған сахналық ақ көйлектің орнына қара жамылып, менің зиратыма келетін күн туады.
Қазір сенің көңіліңді түсіргім келмейді. Тек кей кездері айнаға қарап тұр – сонда одан менің кескінімді көресің. Сенің бойыңдағы шұрқыраған қан – менің қаным. Бір күндері мендегі қан тоқтағанда да, әкең Чарлиді ұмытпағайсың. Мен періште болған жоқпын, бірақ әрдайым адам болуға тырыстым. Сен де соған талпын.
Сүйдім сені, Джеральдина. Сенің Чарлиің. Желтоқсан, 1965 ж.».
Қазақ тіліне аударған Ескендір ТАСБОЛАТ