Әрбір халықтың өмірінде ұлттық әдеби мұраларының алар орны ерекше. Қазақ әдебиетіндегі асыл қазыналардың қатарына ұлтымыздың ақын-жырауларының өлең-жырлары да жатады.

Әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы қазақ ақын-жырауларының шығармашылығына былай деп баға береді:

«XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар мен ақындар поэзиясы негізінен, қазақтың таза өз тілінде туған қуатты да құнарлы, өмірді танытушылық, философиялық-дидактикалық мағынасы мол мұра еді».

Расында осынау мол мұраның арасында дін феномені де көрініс тапты. Ақын-жыраулар қоғамдағы рухани мәселелерді шешу үшін ислам дінінің құндылықтарына да жүгіне білді. Олар өз ізденістерінде ұлттық құндылықтарды сақтауға, халықтың имандылығын нығайтуға барынша күш салды. Ақын-жыраулар шығармашылығындағы дін тақырыбы – қазақ жеріндегі ислам мәдениетінің маңызды жәдігерлерінің қатарына кіреді.

Қазақтың әдебиеті ауызша дәстүрде таралуына орай, әуел бастан-ақ халық ақын-жыраулардың жалынды жырларына, ой-толғауларына үнемі құлақ түрді, оларды жадында ұстады. Діни қиссалар, ақын-жыраулардың шығармаларындағы діни мотивтегі өлең-жырлар халықты ислам дінінің рухында тәрбиелеуге, имандылық құндылықтарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Бұл туындылар халыққа рухани бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі дінмен үйлескен ұлттық тәлім-тәрбиенің жандануына себепкер болды.

Қазақ халқының ақын-жырауларының поэзиялық мұрасында ислам діні құндылықтарының әсері ерекше білінеді. Халқымыздың сөз майталмандары діннің парыздарынан, үкімдерінен тереңінен хабардар болған. Ақын-жыраулар шығармашылығында дін исламның шарттары, моральдық-адамгершілік құндылықтар поэзиялық туынды үлгісінде жеткізілді.

Олардың шығармашылығындағы діни сарындардың мән-мазмұнын аша түсу үшін солардың кейбіріне тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Атап айтқанда, ислам дініндегі ғибадат-құлшылықтың мән-маңызын, құндылықтарын ақын-жырауларымыз өз жырларына арқау еткен. Сол арқылы халықты исламның тірегі болған намаздың қадір-қасиетін ұғынуға шақырған.

Мәселен, Абылай ханның ақылшы биі Бұқар жырау Қалқаманұлы «Тілек» атты жырында былай дейді:

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Әзәзіл, пасық, залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа».

Ал Жетісу жерінен шыққан атақты Қабан жырау «Ай, мұсылман, жарандар» атты өлеңінде:

«Хақ бұйрығын тұтыңыз,

Құдайдың кешпес парызы,

Бес уақыт намазды,

Баққан қойдай күтіңіз»,

дей отырып, Жаратушы бұйырған бес парызды орындауға және діннің діңгегі – бес уақыт намазды қаза қылмауға шақырған.

Сонымен қатар, шығармашылығында дінге қатысты мәселелерді көп қозғаған Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өз жырында халықты құлшылық-ғибадат принциптеріне мән беруге шақыра отырып, дүниедегі тіршіліктің өткінші екендігін жеткізе білген:

«Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң,

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң».

Ал Қабан жыраудың «Бақыт, қайда барасың?» атты жыры ислами тәлім мен өнегеге толы туынды.

«Бақыт, қайда барасың?

Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллалы үйге барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Сыйлай білген молланы,

Діннің жолы қорғаны,

Бісмілләлі үйге барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Үйінде тұрған Құраны,

Расул Алла ұраны,

Тәртіпті үйге барамын».

Қабан жыраудың бұл жырында әрбір мұсылман үшін ислам дінін өмірлік бағыт-бағдар етудің мән-маңызы толыққанды түрде жеткізіліп отыр.

Ислам дінінде мұсылман адам өз-өзін тәрбиелеуге, көркем мінезді болуға тиіс екендігі белгілі. Бұл орайда мұсылман адам өз нәпсісін ауыздықтай білгені міндетті. Қазақтың ақын-жыраулары адам тәнін билеп алатын нәпсінің бейнесін әдеби теңеулермен сипаттай отырып, халықты теріс қылықтардан сақтандырған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Шетелдіктер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы не деді?

Айталық, көшпенділер философы атанған абыз тұлға Асан Қайғының нәпсі туралы пікірі келесідей болып өрбиді:

«Нәпсі – алдаушы дұспанның,

Насихатын алмағыл».

Асан Қайғы осы жыры арқылы халықты нәпсінің қалауына ермеуге, одан сақтануға шақырып отыр. Себебі, нәпсі адам баласына тән құмарлық ұғымын білдіреді. Ислам дінінде саналы тіршілік иесі ретінде әрбір адам өз нәпсісінің қалауын жеңе білуі қажет.

Сондай-ақ Шал ақынның да нәпсіге қатысты теңеулері ұтқырлығымен, мәселенің мәнісін халыққа терең мағынада жеткізе алуымен ерекшеленеді:

«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері,

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле шайтан-пері».

Оның тағы бір жырында:

«Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер».

Шал ақын алғашқы жыр жумағында иманды – қойға, ақылды – қойшыға, нәпсіні – бөріге теңеген. Нәпсі иманды әлсіретіп, өз дегенін жасауына жол бермес үшін адам ақылы дұрыс шешім қабылдай білуі, нәпсінің дегеніне ермеуі міндетті екені осы жырда жеткізілген.

Сондай-ақ Шал ақынның келесі жыр шумағында адамның иманын бағлан қозыға, ал нәпсісін азулы бөріге теңей отырып, нәпсі иманды кез келген уақытта өзіне бағындырып алу қаупі бар екендігін жеткізген. Ол осы жыр шумақтары арқылы нәпсі қалауына алданбаудың мән-маңызын халыққа ұқтырған.

Шал ақынның мына бір өлеңі тіршілік заңдылықтарына көз жүгіртіп, өмір ағысының мәніне үңілуге жол бастайды:

«Дүния деген шолақ депті,

Жан кеудеге қонақ депті,

Ахирет деген бір киім

Алып қайтар сол-ақ депті.

Дүние деген осы,

Ешкімнің емес досы,

Болар еді досы,

Аумаса егер қосы.

Дүниеге қызығамыз несін біліп,

Аз күнгі қызығына есерленіп,

Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой,

Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп».

Шал ақын осы жыр жолдары арқылы жұмыр басты пендеге өткінші тіршіліктің қызылды-жасылды қызығына елітпеудің жөн екендігін ұқтырған.

Қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, рухани қазынаға толы әдебиеті еліміздегі дін исламның сан ғасырлық тарихын айғақтайды. Қазақ ақын-жырауларының мұраларында имандылық, отансүйгіштік, кісілік, қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік, т.б. құндылықтар ұлықталды. Көсемсөз иелері халықтың ақылшысы әрі жол көрсетушісі болды.

Ақын-жыраулар діннен де терең хабардар бола отырып, бұқара халықты өнеге мен тәлімге толы жырларымен сусындатты. Бұл рухани қазыналар болашақта да халық игілігі үшін қызмет ете бермек.

Сөзімнің соңын философия ғылымдарының докторы Бағдат Бейсеновтің ақын-жыраулар мұрасына берген мына бір бағасымен аяқтағым келеді:

«Ақын-жыраулар – ислам құндылықтарын ұлттық діл мен дүниетаным ерекшеліктеріне сай насихаттаған имани әдебиеттің және ғибратты тәлімнің жарқын үлгісі. Ақын-жыраулардың мұрасын бүгінгі заман талабына сай тиімді қолдана білсек, исламның адамзатқа ортақ құндылықтарын тереңнен игеріп, ұлттық әдептегі діни ахлақтық ұстанымдарды түсінуге жол ашылады. Ұлттық тұтастық пен рухани биіктікті жырлаған ақын-жыраулардың ұстанымдары – елдік мұратымызға қызмет ететін асыл мұра». 

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ,

Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің бас маманы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

Пікір жазу