Аллаға деген махаббат жайында көптеген пайғамбарлардың өмірлерінен мысалдар келтіруге болады. Солардың бірі, Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға отар-отар қой берген екен. Бір күні Жәбірейіл періште Ибраһимге (ғ.с.) адам кейіпінде келіп:
– Мына отар-отар қой кімдікі? Маған бір отарын сатасың ба? – дейді. Сонда Ибраһим (ғ.с.):
– Бұлар Раббымның қойлары. қазір менде жай ғана аманат ретінде тұр. Егер Раббымды бір рет зікір етсең, олардың үштен бірін беремін, ал үш рет зікір етсең, бәрін беремін! – депті.
Жәбірейіл періште сонда үш мәрте: «Суббухун, қуддусун Раббуна уә Раббул мәләәикәти уәрруух. (Мағ.: Біздің Раббымыз, әрі періштелердің Раббысы, әрі Жәбірейілдің Раббысы өте пәк, тым кіршіксіз)» деп зікір етіп еді Ибраһим (ғ.с.):
– Енді осы отар-отар қойдың барлығы сенікі, ал да әкет! – деді. Жәбірейіл періште болса:
– Мен адам емеспін, періштемін ала алмаймын, – дейді. Сонда Ибраһим (ғ.с.):
– Сен періште болсаң, мен Халилмын (Алланың досымын). Берген нәрсені қайтып алған маған жараспайды, – деді.
Соңында Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар барлық қойларын сатып, орнына басқа мүлік алып уақыф еткен екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ