Күнделікті болып жатқан жағдай!

Бізде әдетте имам мешітте неке қию үшін жастарға некенің талап-шарттарын, отбасын құрудың мәнісін түсіндіреді. Сол шарттардың бірі – неке қиятын ер мен әйелдің мұсылман болуы тиіс.

Әдетте, имам жастарға кәлиманы айтқызады. Бұл – заман талабы! Себебі, неке қиятындардың ішінде намаз оқып, ораза ұстағаны былай тұрсын, кәлиманы айта алмайтындар баршылық. «Қазақ болсаң болды, сен мұсылмансың» деген сенімде жүрген адам мұсылмандықтың құжаты, жәннаттың кілті болған кәлиманы білсін бе?! Осы себептен жастардың ішінде кәлиманы өмірінде неке қиятын сәтте ғана, тілі күрмеліп айтатындары тым көп.

Бір күні мешітке жастардың некесін қидыру үшін бір топ адам келеді. Имам жастарға некенің шарттарын түсіндіреді. Некелесетін екі жас кәлиманы айтатын кезде жігіт кәлиманы айта алмай мүдіріп қалады.

Сол сәтте арадан біреу жігіт үшін намыстанып: «Молдеке, жастарды сонша қинамасаңыз еді», – деп наразылығын білдіреді. Бірақ кәлиманың маңыздылығын түсінген имам, сабырлық етіп, жігітке кәлиманы буындап болса да айтқызады.

Негізінде имам біреудің перзентіне кәлиманы айтқызумен машақаттанбастан, екі жастың некесін қиып қоя салу керек еді. Алайда…

Өзін мұсылман деп есептеген, бірақ бір сөйлемнен тұратын кәлиманы білмеген адам жайында не десе болады?! Біз сол кәлиманың себебінен мұсылман емеспіз бе?!

Абдуссамад МАХАТ

Пікір жазу