Ата Заңымыздың алғашқы тармағында баяндалғандай, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Осы қағидаттар негізінде мемлекет азаматтарының өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан орын алған.
Ата заңымызға сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында да көрініс тапқан. Сонымен қатар аталмыш Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі көрсетілген.
«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерінен бастау алады. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді. Зайырлы қоғамның маңызды сипаттық ерекшеліктерінің бірі діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бір мемлекет ішінде өмір сүруіне негізделген.
Сондай-ақ, зайырлы мемлекет дегеніміз дінді мемлекеттен ажырату идеясының жүзеге асырылуы болып табылады. Қазіргі заманғы зайырлылық аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді.
Зайырлылық діни таным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды.
Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
«Зайырлылық» ұғымына француз философы Эмиль Литтре: «Барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі»,- деген анықтама береді.
Зайырлы дүниетанымның қалыптасуында позитивті білімдер жүйесі маңызды рөл атқарады. Алайда, ғылыми таным зайырлы дүниетанымның маңызды элементі болғанымен, оның мазмұнын толық қамтымайды.
Зайырлылықты өзіндік құндылықтар жүйесі ретінде адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылуымен ғана емес, сонымен бірге, атеистік және өзге де дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.
Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Оның отаны Франция болып саналады. Протестанттық мәдениетін сіңірген герман, англо-саксондық елдерде (Германия, Ұлыбритания, АҚШ т.б.) зайырлылық «секуляризм» ретінде қабылданған.
Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе береді.
Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:
– ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;
– мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;
– мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады;
– мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатындағы тұжырымдамалық негіздерде діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды;
– мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.
Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.
Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.
Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады.
Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, ал зайырлы мемлекеттілік заңдылық пен құқыққа негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.
Дайындаған – Тұрар ӘБУОВ
Ассалаумағалейкум,
1. “екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе береді.” деген сөйлемнің саяси-құқықтық мағынасы қандай екен.
2. “Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады.” бұл қай жағдайлар?
Уағалайкумуссалам!
1. Біріншісі – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе береді. Бұл жерде әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралғаны жөнінде айтылған. Қазақстанға қатысты емес.
2. Діни фанатизм мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуіне себеп болса, құқықтық нигилизм заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуына себеп.