Кеше Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңес отырысының күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселелері, сондай-ақ «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін құрылған Парламенттегі «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының қызметі талқыланды. Бұл депутаттық бірлестік өз жұмысын биыл маусым айында бастады. Оны сарапшылар парламентаризм дамуының жаңа кезеңі деп бағалап отыр, себебі жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша палатааралық және партияаралық өзара іс-қимылдың нақты құралы қалыптасты.
Кеңес отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов, сондай-ақ Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Закиржан Кузиев баяндама жасады. Жиынды ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның маңызына тоқтала келе, «Елімізде өткен конституциялық реформа, Президент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, Ұлттық құрылтай форумдары, «Әділетті Қазақстан» идеясы ел дамуына жаңа серпін берді. Бұл әділеттілік векторы, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуының жаңа мүмкіндіктері, қосымша әлеуметтік және саяси баспалдақтар» деп атап өтті.
Бірлік пен ынтымақты ту қылған ел қоғамының әртүрлілігі – жекелеген бөліктерден тұратын құрылым емес, бөлінбейтін біртұтас ағза екендігін атап өткен ол мемлекеттік тілдің халықты біріктіруші күшін арттыру қажеттігіне тоқталды. «Біз «Адал азамат» тұжырымын тек идеологиялық конструктор ретінде емес, қоғамның негізі және қозғаушы күші ретінде танытуымыз керек. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің халқымызды біріктіруші фактор ретіндегі рөлін күшейту – уақыт талабы. Елімізде барлық ұлттардың мүдделерін көздейтін салиқалы тіл саясаты жүргізіліп келеді. Бұл бәріміздің құндылығымыз, жетістіктеріміздің кілті. Қазақ тілін дамыту басқа тілдерге нұқсан келтіру арқылы жүргізіліп жатпағанын ұмытпау керек. Ол – біздің азаматтық бірегейлігіміздің символы. Қазақстан халқы Ассаблеясының осы бағыттағы еңбегі өз жемісін беріп келеді» деді Марат Әзілханов.
Ел халқының этносаралық бірлігін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде биылғы оқу жылынан бастап тәрбие жұмыстарын күшейту мақсатында біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. «Осы бағдарлама шеңберінде 2023-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес ассамблея жастарымен бірлесіп білім орындарында арнайы педагогикалық, психологиялық түсініктерін жетілдіру бойынша біліктілікті арттыру курстары, бейбітшілік пен келісім сабақтары, мотивациялық келісімдер, өзара қарым-қатынас әдебі тақырыбында кездесулер өткізіледі» деді ол.
Сонымен қатар, білім алушыларға мемлекеттік тілді үйрету бойынша жүйелі қадамдар іске асып жатқанын әңгімелеген оқу-ағарту министрі мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз», «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаттарына негізделген ауқымды іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. «Осы бағыттағы нақты іс-шараның бірі – «Қазақша ойлау» жобасы. Балабақшадан басталып, одан әрі бастауыш сыныптарда жалғасатын бұл жоба арнайы әдістеме негізінде барлық оқушының ерте жастан мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашады. Бүгінгі таңда жоба мектептерде апробациядан өтіп, жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Осы оқу жылынан бастап ел мектептерінде кезең-кезеңмен енгізу көзделген» деді министр.
Сонымен қатар, кеңес барысында өзге қатысушылар да бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Парламенттегі өзі жетекшілік ететін «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының мақсаты мен жұмысына тоқталып өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобын құру туралы бастама көтерген болатын. «Сенат бюросы осы топты құрды. Еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселесін келісу – топтың басты міндеті. Жұмыстың бұл түрі Парламент пен Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара тиімді іс-қимылына және азаматтық қоғам институттары арасындағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге ықпал ететін болады. Топтың құрамында Парламенттің 30 депутаты бар» деді сенатор.
Сонымен бірге, Нұртөре Жүсіп жиын басында көтерілген негізгі мәселе – мемлекеттік тілдің еліміздегі ұлтаралық тілге айналуына қатысты да өз ойын білдірді. «Қазіргі күні ақпараттық жүйе қарқынды дамып келеді. Соның ішінде жасанды интеллекттің орны ерекше. Оқу-ағарту министрі мен ғылым және жоғары білім министрі бұл бағытта өз ойлары мен бастамаларын ортаға салды. Оның бәрін депутаттар қолдайды. Расында, біз тілімізді заман көшінен қалдырмаймыз десек, осы бағытқа көңіл бөлуіміз керек. Бұл жерде ІТ мамандарымен бірлесіп жұмыстар жүргізуіміз қажет. Сонымен қатар, ассамблея жастары қолға алып отырған «Үйде сөйле» жобасын ерекше айтқым келеді. Біз, Парламент депутаттары тарапынан оған қызу қолдау көрсетуге дайынбыз» деді ол.
Кеңес отырысы аясында ұйымдастырылған оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрлерінің ҚХА Кеңесінің мүшелерімен кездесуі барысында қатысушылар еркін форматта өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін қызықтырған мәселелерді талқыға салды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
Кеңес отырысында қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін құрылған Парламенттегі «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының қызметі жайлы толық ақпарат бергенінің озыншама түсіндігі бар ма? Теплые пожелания Telkom University