Сұрақ: Мемлекет заңдарына қайшы әрекет жасау күнә санала ма?
Жауап: Мұсылман үмбеті 622 жылы Меккеден тік көтеріліп, діни бостандыққа қол жеткізу үшін Мәдинаға қоныс аударғаны көпшілікке белгілі. Сахабалардың туған жерлерін тастап көшуіне түрткі болған жәйт – Меккенің сол кездегі саяси жүйесі дарул-харб (кәпірстан) болатын. Осы тұста, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Құрайыш мүшріктерінің аманатын тапсыру үшін көшке ере алмай, Меккеде біршама уақыт аялдауға мәжбүр болған еді.
Расында да, Мекке дәуірінде Құрайыш мүшріктері мұсылмандарға зорлық-зомбылық көрсетіп, өз діни сенімдерін ұстануға ада-күде тиым салды. Мойынсұнбаған мұсылмандарды қатаң жазалап, тезден өткізді. Мүшріктер тарапынан небір құқай мен теперіш көрген мұсылмандар діни бостандықты аңсап, туған жерлерінен үдере көшті.
Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) мүшріктердің сеніп тапсырған аманатын мұртын бұзбастан өздеріне қайтарып берді Оның себебі, Хақ Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенге дейін өзін Меккенің тұрғыны һәм азаматы деп санады. Осы елдің азаматы болғандықтан де Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мекке заңдарын аяқ-асты еткен жоқ. Туған өлкесінен аттанарында да мүшріктерге парасатын паш етіп, мұқым ғаламға құқықтық мәдениеттің жарқын үлгісін көрсете білді.
Демек, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен алатын ғибрат-тағлымымыз – мұсылман адам қандай бір мемлекетте өмір сүрмесін, ол мемлекеттің қабылдаған заңдарына мойынсұнуға тиісті. Дарул-ислам (мұсылман елі) түгілі мұсылман баласы дінсіз мемлекеттің аумағында өмір сүрсе де, оның құқықтық актілеріне қарсы келуіне болмайды.
Жалпы, ислам ғұламалары тек соғыс жағдайында ғана кәпір елге қарсы айла-шарғы әрекеттерін жасауға болатынын айтады. Басқа уақытта қандай бір мемлекет болмасын, ол сіздің өмір сүруіңізді, білім алуыңызды, денсаулығыңызды, кәсіппен шұғылдануыңызды, отбасын құруыңызды, қоғамдық қауіпсіздігіңізді және т.б. құқықтарыңызды қорғап, қамтамасыз еткендіктен, ол мемлекеттің заңдарына мойынсұнуыңыз керек. Салық төле десе, салық төлеуге міндеттісіз. Қоғамдық тәртіпті сақта десе, сақтауыңыз шарт. Отан алдындағы борышыңды өте десе, өтеуге тиістісіз.
Жоғарыдағы сауалға жауап ретінде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына бір хадис-шарифімен аяқтағым келеді:
Әбу Хунайда Уәли ибни Хужр (р.а) былай деді:
Сәлама Ибни Язид әл-Жуфи Расулуллаға (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың Елшісі! Біздің басымызға өзінің мүддесін қанағаттандыруды қатаң талап ететін, бірақ біздің мүддемізді ескермеген билеуші келсе, біз не істеуіміз керек? деп сұрады.
Алғашқыда Расул-Әкрам бұл сұраққа жауап бермеді. Бұл сұрақты қайта қойғанда барып:
– Оның айтқандарын орындап, мойынсұнасыз. Ол жасаған ісі үшін, сіз де әрекеттеріңіз үшін жауаптысыз, – деп жауап берді (Муслим, Имара, 49-50, Тирмизи, Фитан, 30).
Мұхан ИСАХАН
Тәртіпсіз ел болмайды деген. Тәртіппен, заңмен жүрген мемлекет жаман болмайтыны анық.
Басшыға бағыну міндет деп білемін.