Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының 2007 жылғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген. Ол қағидалардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау болатын.
Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV Заңмен Білім туралы заңға толықтырулар енгізілді. Яғни заңның 47-бабының 15-1-тармағынаа білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті» деген ереже енгізілді.
2015 жылдың 13 қарашасында мәселені одан әрі тиянақтай түсу мақсатында Білім заңының 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі көрсетілді.
Сондықтан мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім саласындағы уәкілетті орган сол ережелерді бөлек құжатқа біріктіріп, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» ретінде бекітті.
Ал мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қоспау» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа атрибутика мен элементтерді қолданбау» дегенді білдіретіні белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді.
Форма тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі.
Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар. Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді. Төртіншіден, мектеп формасына қойылатын талаптарда оның сапасы мен талғамға сай болуы қадағаланады, яғни өсу-жетілу кезеңіндегі бала үшін қолайлы әрі эстетикалық тұрғыдан ұнамды киім үлгісі талап етіледі.
Айтылғандардан аңғарылатынындай, мектеп формасын сақтаудың көптеген артықшылықтары бар, сондықтан оған қойылатын талаптардың орындылығы және заңдық тұрғыдан негізделгені дау туғызбайды.
Мектепте хиджабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық ретінде бағалау дұрыс па?
Кез келген мемлекеттің барлық құқықтық нормалары оның Конституциясынан – Ата Заңынан бастау алады. Басын ашып алатын бір мәселе – біздің Ата Заңымызда «діни сенім бостандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.
ҚР Конституциясының 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Яғни сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген.
Ата Заң ең негізгі құқықтық қағидаттарды ғана айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйеніп, Білім туралы заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.
Дәл осы секілді Ата Заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдарын себеп етіп, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.
Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген… жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше, олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді.
Әрбір саналы азамат заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қоса мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді де жүктейтінін есте тұтқаны абзал.
Фото: Азаттық Радиосы