Мекке – мұсылмандардың қасиетті шаһары, оның «мүкәррәмә» («аса касиетті») деген теңеуі бар. Құран Кәрімде Меккені «Умм әл-қура» («қалалардың Анасы»), Бекке (шаһардың көне атауы), «әл-Бәләд әл-әмин» («Қауіпсіз қала») деп те кездеседі.
Мекке Мүкәррәмә – Адам Ата мен Һауа Ананың өмір сүрген жері, бұл қасиетті жерде Ибраһим пайғамбар мен Исмайыл пайғамбар (ғалейһима-с-сәләм) халыққа уағыз айтқан. Мекке Мүкәррәмә – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған жер. Осы қасиетті мекеннен Ислам дінінің ақиқат жолы бастау алады. Мекке Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласынан 74 шақырым жерде таулы аймақта орналасқан.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туып-өскен, Алла тағаланың ақиқат дінін насихаттаған Меккеге Ислам дінін ұстамайтын адамдарға кіруге тыйым салып, әл-Кағба, Ибраһим мақамы, Зәмзәм кұдығы бар бұл қасиетті мешітті «Мәсжид әл-Хәрәм» деп атаған.
«Мәсжид әл-Хәрәм» – мұсылмандардың басты мешіті .«Мәсжид әл-Хәрәм» Мекке қаласының ортасында орналасқан. Қазіргі уақытта Мешіттің көлемі 309 мың шаршы метрді алып жатыр. Мешіттің 9 мұнарасы бар, олардың биіктігі 95 метр. Мешіттің 4 үлкен қақпасы және 44 кіретін есіктері бар. Мешітте бір уақытта 700 мың адам намаз оқи алады.Бүгінгі күні Кағбаның аймағын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.