Жиырма үш жасынан бастап сауда-саттық ісіне араласқан Пайғамбарымыз (с.а.у.) хз. Хадиша анамыздан өзге де серіктестерімен мудараба келісімшарты негізінде сауда жасаған. Алайда, Алла Елшісінің (с.а.у) өзге серіктестерімен жасаған сауда-саттығы туралы деректер там-тұм, яғни, өте аз десек болады. Десек те, қолда бар деректерде Хақ Елшісінің (с.а.у) жаһилият дәуірінде меккелік Әс Саиб Бин Әбус Саиб атты ауқатты адаммен серіктес болғандығы айтылады.
Әбус Саибтың толық есімі – Сайфи Бин Аиз Бин Абдуллаһ Бин Омар Бин Маһзум. Әс Саибтың анасы – Зайнаб Бинт Осман Бин Абдуллаһ Бин Омар Бин Маһзум. Зайнабтың анасы – Сафия Бинт Үмайиа Бин Абдушамс Бин Абдуманаф. Яғни, Әбус Сайбтың шешесі Құрайыштың Хашым руынан. Алла Елшісімен (с.а.у) ол шеше жағынан барып туысады.
Әбус Саибтың Абдуллаһ атты ұлы Алла Елшісін (с.а.у) көріп, Хақ дінді қабылдап, сахаба болу бақытына ие болған еді. Сондай-ақ, «Кутуби-Ситте» кітаптарында оның Пайғамбарымыздан (с.а.у) хадис риуаят еткендігі айтылады. Әбус Саибтың келесі бір ұлы Абдуррахман болса, Жамал соғысында қаза тапқан еді. Әбус Саиб Меккедегі ауқаттылардың қатарына жатқандықтан, өз ұлдарына ақсүйек әулеттерден қыз айттырған. Оның келіндері – Рамла Бинт Урва Зул Бурдайн, Уммул Харис Бинт Әл-Харис Бин Хубайра Хижаз өңірінің атақты тайпаларының қыздары еді. Яғни, Исламға дейінгі араб қоғамында ақсүйектік һәм трайбалистік қағидалардың басымдыққа ие болғанын ескерсек, Әбус Саиб һәм оның ұрпақтарының сөз ұстар, беделді әулет болғанын аңғарамыз.
Ибн Сад «Табакат» атты шығармасынла Әс Саиб хақында мынадай ақпарат жеткізеді:
«Ол (Әс Саиб Бин Әбус Саиб) Исламның алғашқы кезеңдерінде Хақ Елшісімен (с.а.у) сауда-саттықта серіктес еді. Меккеге фатх жасалып, мұсылмандар қалаға кіргенде, ол Мұхаммедке (с.а.у) келіп жолығып, Исламды қабылдады. Алла Елшісі (с.а.у): «Сәлем бердік, ешкімді алдамаған және тартыспаған бауырым һәм серіктесім Әс Саиб! Жаһилия дәуірінде (Алла құзырында) қабыл етілмейтін істер жасайтын едің. Сен ол істерді рулық және туыстық үшін жасайтынсың. Ол әрекеттерің бүгін (мұсылман болғандықтан) енді сенен қабыл болды», – дейді.
Ал, Ибн Хажар сол күнгі жағдай туралы Әс Саибтің өз сөзімен былай дейді: «Мекке алынған күні кейбір сахабалар мені Алла Елшісіне (с.а.у) ертіп алып барды. Осман мен басқа кісілер мені мақтай бастады. Сол кезде Хақ Елшісі (с.а.у): «Оны маған үйретпеңдер (мақтамаңдар). Ол менің жаһилия кезеңіндегі жолдасым. Мен оны сол кезден бері танимын».
Иә, Алла Елшісі (с.а.у) жаһилия дәуірінде талай игі жақсымен өмірде дәмдес һәм сауда-саттықта әріптес болды. Өзінің серіктестері туралы дәйім жақсы сөздер айтатын. Әс Саиб Бин Әбус Саибты да жақсы көріп, ол хақында жылы пікір білдіретін. Әс Саиб Бин Әбус Саиб та Алла Елшісімен
(с.а.у) сауда-саттық жасаған кездерін қимастықпен еске алып, Оның (с.а.у) сенімді серіктес болғанын жиі аузына алатын. Ол: «ЖаҺилия дәуірінде Хақ Елшісі (с.а.у) менің серіктесім еді. Ол (с.а.у) өте жақсы серіктес болатын. Ешқашан бос тартыспайтын», деп, Хақ Елшісімен (с.а.у) бірге өткізген күндерін масаттана айтатын.
Әбус Саибтың жоғарыдағы пікіріне қарап, Алла Елшісінің (с.а.у) сауда-саттықта қаншалықты сенімді серіктес болғанын байқауға болады. Иә, Хақ Елшісі (с.а.у) туабітті сыдық һәм аманатқа берік жан еді. Илаһи осы сипаттары оның (с.а.у) қандай бір ізгі іс болмасын үдесінен шыға білетін шәһбаз болғанын әйгілейді.