Дінімізде мұсылман өзі үшін жақсы көрген нәрсені бауырына да лайық көрмейінше кемел мұсылман болуы қиын. Сондықтан ол туысына, мұсылман бауырына реніш келтіретін нәрселерден аулақ болып, оларға жақсылықта тілектес, қиын-қыстауда қасынан табылатындай болуы тиіс.
Мұсылман бауырын қуанту мақсатында өзі жақсы көрген нәрсені солар үшін де жақсы көреді. Мысалы, Алла Тағала туыстық қатынасты әмір етті делік. Ендеше ағайындық қатынасты үзіп, Алланың мейірімінен ұзақтағаннан гөрі, туыспен жақсы қатынасып, бұл дүниеде береке, ақыретте бақытқа бөленген әлдеқайда жақсы емес пе? Үстіне Алланың мейірімі жауса пендеге одан артық не керек?!
Бірақ, ол үшін тек Алланың мейірімін қалау аз. Ол адам Алланың мейірімі мен рақыметіне бөленуі үшін әуелі өзі басқа кісіге мейірімді болуы шарт. Сіз қалайша басқа адамға мейірімді болмай, Алланың сізге мейірімді болуын сұрайсыз? Біреуге ақысыз жақсылық жасау, әлсізге жұмсақ болу, мүсәпірге жомарттық таныту, танымайтын адамға жылы сөйлеу, мейірімді болу сияқты т.б. ізгі қасиеттерді амалда көрсету қиын. Соған қарамастан адам басқаларға неғұрлым мейірімді, жұмсақ қатынаста болса, Алла Тағала да оған мейірімін төкпек.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадис осыны растай түседі:
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) немересі Хасанды еркелетіп, сүйген еді. Сол уақытта оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересіне деген мейірім-махаббатын көрген Ақрағ:
– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:
– Кім мейірімді болмаса, оған мейірімділік қылынбайды, – дейді» (Бұхари).
Демек, мұсылман заты далада емес, тіпті, өзінің отбасында, балашағасына мейірімді болса, соның өзіне де сауап бар екен. Алланың сауабы мен мейірімін алыстан іздемей, өз отбасымыздан таба алады екенміз. Бар болғаны – балаларға, қасымыздағы кісілерге мейірімдірек болу.
Расында, Алла Тағаланың мейірімі шексіз. Егер Алла қаласа күнәға әбден белшесінен батқан күнәһар пендесін жарылқап, жәннат төрінен бір-ақ шығарады. Оның таудай күнәларын дариядай сауапқа айналдырады. Әбу Сағид пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисін жеткізеді:
«Сендерден бұрынғы заманда дәулетті кісі болды. Алла оған мал-дүние берген еді. Ризығы таусылып, ажалы жақындаған шағында ол балаларына:
– Мен сендерге қандай әке бодым? – деп өзі жайында сұрайды.
Балалары:
– Жақсы әке болдыңыз – дейді.
Сонда әкелері:
– Мен өмірімде бір жақсылық істемеген адаммын. Сондықтан мен өлген соң денемді өртеп, сүйегімді ұнтақтап, күлімді дауылды күні желге шашып жіберіңдер», – деп өсиет етеді.
Балалары оның қалдырған өсиетін орындайды. Әкелерінің денесін өртеп, күлін дауылды күні желге шашып жібереді. Құдіретті Алла әлгі кісінің шашылған күлін жинап, оның неге бұлай жасағанын сұрайды. Ол өзінің бұл өсиетін Алланың қаһарынан қорыққандығымен түсіндіреді. Алланың азабынан қорқып, күл болып кетсем, Оның алдына бармаймын, есеп бермеймін деп ойлапты.
Алла тағала ол адамның: «Мен өмірімде Құдайға арнап бір жақсылық жасағаным жоқ, Алланың алдына қай бетіммен барамын?!», – деп Алланың азабынан қорқыққандығы үшін оның күнәларын жарылқап, жәннатқа кіргізген екен.
Ислам дәуірінен бұрынғы замандарда болған бұл ғибратты қиссадан мақсат – Алланың мейірімін тану. Алла Тағалаға қалаған құлына Өз мейірімін төгеді. Ешкім Оған: «Ей, Алла! Сен неге бұлай жасадың?!», – деп қарсы уәжі айта алмайды. Алланың «Бол!» деген нәрсесі сол сәтте болады.
Егер Алла Тағаланың мейірімінен мақұрым қалғымыз келмесе, онда «Құдай үшін» деп басқаларға мейірімді болайық, балалардың басынан сипайық, «Құдайдан қайтады» деп қайырымдылық жасайық, мұқтаж жанға қол ұшын берейік, ағайынмен туыстық қатынасты үзбейік. Алла Тағала бізді мейірімі мен рақымынан үзбесін!
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы