Ақтөбеде теологияны таңдайтын түлектердің саны артты
…Діни білім алу десе, әлі күнге үрке қарайтындар арамызда аз емес. Бұған, бір жағынан, дүниежүзіндегі діни алауыздықтар һәм теріс ағымдағылардың лаңы әсер етсе керек. Сөйте тұра, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы бастаған талай ағартушылардың медреседе білім алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. «Асылды тот баспайды» демекші, дәстүрлі дініміз бен ділімізге сай, Шариғат талаптарымен қызмет ететін сол арнаулы оқу орындарының сабақтастық жібі бүгінге дейін үзілген жоқ.
Сабақ барысы: әлеуметтік пәндер де бар
Осыдан 12 жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен діни білім алуға құштар жастар шетел аспасын, алысқа ұзамай оқысын деген мақсатпен елімізде 9 медресе мен қарилар даярлайтын орталық ашылды.
Соның бірі – Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан жұмысын бастаған медресе. Әу баста 35 орынға шақталған оқу орны талапкерлердің көптігіне байланысты бірер жылда кеңейіп, Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылындағы басыбайлы ғимаратқа көшеді. Содан бері шәкірттерді сол жақтан қабылдап, оқытып келеді. Бұны бізге аталған мекеменің басшысы Әбдімүтәлі Дәуренбеков айтып берді:
– 2016 жылы оқу базасын кеңейтуге байланысты колледж статусын алдық. Бүгінгі таңда Ақтөбе медресе-колледжі – республикамыздағы колледж статусын алған 6 медресенің бірі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен жұмыс істейтін біз ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамытуға және кәсібін шыңдауға бағытталған діни білім беруді көздейміз. Мұнда дін қызметкерлерін, соның ішінде теологтар мен дінтанушыларды даярлаудың оқу бағдарламасын іске асыру арқылы ислам және иман негіздері оқытылады.
Алаңсыз білім алу үшін жатақхана, кітапхана, намаз оқитын орын, спортзал, барлық жағдай жасалған. Бұның бәрі жаны таза, көңілі пәк, шынайы мұсылман тәрбиелеу жолында қолға алынған, – дейді.
Бүгінгі таңда Ақтөбе медресе-колледжінде 17 ұстаз сабақ береді. Олардың арасында сағаттық жүйемен жұмыс істейтіндер де кездеседі. Барлығы 26 кадр болашақта дін жолында еңбек ететіндерге қызмет көрсетеді.
Ал мұндағы шәкірттердің саны – 63. 17-40 жас аралығындағы аталған ер адамдар 3 жылға жуық уақытқа созылатын оқу бағдарламасын аяқтаған соң, мешіттерде имам-молда бола алады, қалауына қарай білімін жоғары оқу орындарда жалғастыратын мүмкіндікке де ие.
Осы орайда «Ересек адамдар да медреседе оқи ала ма?!» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Әбдімүтәлі Дәуренбеков елдегі мамандардың тапшы болуы әрі атқарушы билік пен халықтың сұранысына байланысты бұл жағынан шектеудің жоқтығын алға тартты.
Өйткені ғибадат орнындағы діни қызметкердің орта жаста болғаны жөн: жұбайлардың некесін қидырғанда немесе садақаларда ақыл тоқтатқан, жауапты істің мән-маңызын түсінетін адамның сөз алғанын жамағаттың өзі құп көреді…
Оқу бағдарламасына келсек, шәкірттер ұзын саны 34 пәннен дәріске қатысады. Білім және ғылым министрлігінде бекітілген оқу жоспарына сай барлық арнаулы орта оқу орындарындағы Қазақстан тарихы, шетел тілі, мәдениеттану, философия, саясаттану, т.б. әлеуметтік пәндерден бөлек, жалпы кәсіптік – ахлақ, көне түркі тілі, практикалық араб тілі, сарф (араб тілінің морфологиясы), нахл (араб тілінің синтаксисі) пәндері бар.
Сондай-ақ, Ислам мен мәзһабтар тарихы, қазақ ойшылдарының өнегесі арнайы оқытылады екен. Каллиграфия, Исламның басқа дінмен қарым-қатынасы, діни психология қосымша түсіндіріледі.
143 жас қазір қайда жүр?
– Әлгінде айтқанымдай, жігіттер медресе-колледжде жатып оқиды. Барлығы тегін. Үздік оқығандарға Үкіметтен шәкіртақы беріледі. Мысалы, қазіргі уақытта 63 студенттің 44-і осындай қолдауға ие. Олар оқу үлгерімінің балдық көрсеткішіне қарай ай сайын 16-19 мың теңге аралығында алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – біздің тікелей құрылтайшымыз екенін айта кеткім келеді. Жергілікті кәсіпкерлер де көмектеседі.
Оқу орнымыз ашылғаннан бері 143 түлегіміз үлкен өмірге аяқ басты. Олардың басым бөлігі мешіттерде түрлі қызметтерді атқарып жүр. Әрі қарай шыңдалуды көздеп, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университетінде, Мысыр, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Татарстан мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындарда білімін жалғастырғандар да бар.
Мәселен, қазіргі кезде бірінші айтылған университетте 17, ал шетелде 9 түлегіміз білім алып жатыр. Саламат Әбдіжаппардың Біріккен Араб Әмірлігіндегі университеттің магистратурасында оқып жатқаны, Әділбек Оразбаевтың Түркиядағы Ислам шариғат институтын осы жылы қызыл дипломмен тәмамдайтыны – біз үшін үлкен жетістік. Біз осындай шәкірттерімізбен мақтанамыз, – дейді Әбдімүтәлі Дәуренбеков.
Жылдағы дәстүрге сай, жаз мезгілі ортасынан ауғанда түлектерді қабылдайтын медресе-колледж енді мектептің 9-сыныбын тәмамдағандарды да оқытпақ. Бірақ діни оқу орнындағы сабақтардың жартысынан астамы араб тілінде өтетіндіктен, емтиханға дейін қысқа мерзімді даярлық курсы ұйымдастырылады.
Карантинге байланысты қашықтан оқытуға көшкен медресе-колледждегілердің ендігі мұраты – еліміздің батысында орналасқан облыстар жастарының Ақтөбеде басын қосатын жоғары оқу орнын ашу. Одан бұрын атқарушы биліктің қолдауымен шаһардағы Оңтүстік-батыс 2 шағын ауданынан 5 гектар жер аумағының берілгені, ол жақта аталған мекеменің алып ғимараты салынатыны белгілі.
«Бұйыртса, медресе-колледжімізді Ақтөбе қаласына көшірмек ойымыз бар. Кешенде оқу базасын айтпағанда, жатақхана, асхана, мешіт, сауда павильондары бой көтермек. Бұған 7 миллиард теңге қажет. Барлық қаражат қайырымдылық негізінде, демеушілердің жәрдемімен жиналғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Қазіргі күні барлық құжаты дайын тұр», – деп жоспарымен бөлісті Ақтөбе медресе-колледжінің басшысы.
«Медресе» сөзінің өзі бізге араб тілінен енген. Қазақ тіліне тәржімалағандағы мағынасы – оқу дегенді білдіреді. Орта (сирек жағдайда жоғары) конфессионалдық мұсылмандық мектеп. Бұл арабтарда VII-VIII ғғ. пайда болып, Таяу және Орта Шығыс елдерінде IX-X ғғ. тарады» деп жазылған Уикипедия ашық энциклопедиясында.
«Шетелде білімін шыңдап жатқандар аз емес»
Ақтөбелік жастардың қаншасы діни оқу орындарында білім алып жүр? Аталған бағыттағы білім ордаларына қабылдану үшін қандай талаптар орындау қажет?
Жігіттер мен қыздарға ақысыз оқу жағынан қолдау бар ма? Осы және өзге де сауалдарды Ақтөбе облыстық дін істері басқармасына қарасты орталық басшысына қойған едік.
– Ақтөбе – еліміздегі діни ахуалы күрделі өңірлердің бірі. Әсіресе, Алға, Мұғалжар, Темір, Хромтау, Шалқар аудандары бұл жағынан ерекше көзқарасты қажет етеді. Сол үшін аталған аймақтарда дін мәселелерімен айналысатын орталық жұмыс істейді.
Облыста білікті мамандардың санын арттыру үшін медресе-колледж бен даярлық курсы қызмет етіп тұр. Соңғысы діни кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Нұр-Мүбарак» университеті мен Ақтөбе облысының әкімдігінің екіжақты меморандумына сәйкес өткен жылы ашылды.
Арнаулы діни курста «Нұр-Мүбарак» университетінің білікті оқытушылары, елімізге белгілі теолог-ұстаздар дәріс береді. Оқу ұзақтығы – 1 жыл. Қазіргі таңда Ақтөбедегі дайындық курсында 14 шәкірт ақысыз негізде оқып жатыр. Жатын орны мен тамағы тегін.
Дайындық курсына түсу талаптары мынадай: талапкер мектеп, колледж немесе жоғары оқу орнын бітіруі тиіс; діни білімінің болуы шарт емес, бастапқы деңгейден бастап оқытылады. Курстың бағдарламасында араб тілі, ислам құқықтары, сенім мәселелері, хадис оқытылады. Курсты ойдағыдай бітіргендер жоғарыда аталған университетке оқуға қабылданады. Әйтпесе діни жоғары оқу орнына бірден түсу, кім-кімге болсын, қиынға соғады. Бұл сол үшін жасалып отыр.
Сонымен қатар, былтыр облыс әкімінің қолдауымен 2019-2020 оқу жылында «Нұр-Мүбарак» университетіне білім алуға ниетті 8 жасқа грант берілді және осы университетте ақылы негізде оқитын 5 студенттің бір жылдық оқу ақысы қоғамдық қорлар арқылы төленді.
Ал Ақтөбедегі медресе-колледждің 2 түлегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен Мысыр Араб Республикасының әл-Азһар университетінде оқуын жалғастырып жатыр.
Бүгінгі таңда барлығы 153 ақтөбелік студент Қазақстандағы теологиялық оқу орындарында білім алуда. Жалпы, салыстырмалы түрде айтатын болсам, жыл өткен сайын діни білім аламын деушілер артып келе жатыр. Бірақ маман жетіспеушілігі әлі де өзекті, – дейді Ақтөбедегі «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист,
Ақтөбе