Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз адамдарды өзара ынтымақ пен татулыққа, бірлік пен сүйіспеншілікке шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 92-аятында:
إِنَّ هَذِهِ أُمَّتُكُمْ أُمَّةً وَاحِدَةً وَأَنَا رَبُّكُمْ فَاعْبُدُونِ
«Міне барлығың сенімі ортақ бір үмбетсіңдер. Ал Мен Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырған.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды:
لاَ تَبَاغَضُوا وَلَا تَحَاسَدُوا وَلاَ تَدَابَرُوا وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا
«Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!» – деп мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырған (имам Бұхари, Мүслим).
Мұсылман жамағатының бірлікте болуына ықпал ететін негізгі себеп – бір сенімде, бір мәзһабта болу. «Мәзһаб» сөзі «жол, бағыт, көзқарас» деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.
Мәзһабты бөліну емес, керісінше шариғат үкімдеріне әркім өз бетінше амал етпес үшін, бір жолды ұстану деп түсінуіміз қажет. Қазіргі таңда бүкіл ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Ол: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанып келді. Осы себепті де олардың арасында дін мәселесінде алауыздық орын алмай, бірлік пен ынтымақта болды.
Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Мужтаһид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал. Бұл төртеуі шариғат мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді. Біз ол төрт имамның ішінде имам Ағзам мәзһабында боламыз, яғни имам Ағзамның үйреткен шариғаты бойынша іс етеміз», – деп жазған.
Кейіннен ғана мәзһабты жоққа шығарып, жамағат арасында түрлі алауыздық салып, мұсылмандардың жік-жікке бөлінуіне себепші болған топтар пайда болды. Олар жамағат арасында күдікті ойлар салып: «Сен Құран, сүннетпен жүресің бе, әлде мәзһабпен жүресің бе?», «Мәзһаб имамдарының барлығы: «Хадис сахих болса сол менің мәзһабым», – деген. Ендеше, сахих хадиске амал етсең, мәзһабтан шыққан болмайсың», – деген сұрақтар қою арқылы өз қатарларына қосқысы келеді.
Діни сауаты жоқ кейбір жастарымыз осындай сөздерге алданып, сеніп, көптеген қателікке бой алдырды. Бүгінгі жұма уағызымызда мәзһаб төңірегіндегі кейбір маңызды сұраққа жауап бермекпіз.
Бірінші: Мәзһабпен жүресің бе әлде сүннетпен жүресің бе?
Бұл сұрақ арқылы «мәзһаб» ұтану сүннеттен тайғандай, жаңашылдық (бидағат) жолы етіп көрсеткісі келеді. Ал түптеп келгенде, бұл сұрақ жөнсіз, діни білімі жоқ, сауатсыз адамдарды шатастыру үшін қойылатын сауал. Мысалы, жоғарғы оқу орнының құрылымынан хабарсыз адамның, шала-шарпы білгенімен «университетте оқисың ба, әлде факультетте оқисың ба?» деген сұрағы сияқты. Екеуін екі бөлек көрсету әсте мүмкін емес. Мысырлық ғалым Мұхаммад Ғазали (1917-1996 ж): «Менен бір адам «Пайғамбарымызға ересің бе, әлде Әбу Ханифаға ересің бе?» – деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Әбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін. Әбу Ханифаның қадірлі болуы өзінің жеке басынан туындаған нәрсе емес. Тек оның айналысқан діни ғылымына және Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалдырған жолмен жүруіне ғана байланысты», – дейді
Шариғат үкімдерінің қайнар көзі Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағынасымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді. Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңнен талдап, аражігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَسْـَٔلُوٓاْ أَهْلَ ٱلذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
«Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп білім иелеріне жүгінуді бұйырған («Нахыл» сүресі, 43-аят).
Ана тілдері арабша әрі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды көзі көрген сахабалар және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділеріне жүгінген. Кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) секілді мужтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал «Мен мәзһабпен жүрмеймін, тек Құран мен сүннетке амал етемін», – деп өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін.
Физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып, есеп шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ол үшін ондай адам өзінің алдындағы білгірлерден де асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адамның ісі де бос әурешілік.
Сондықтан да мәзһабты Исламнан бөлек, Пайғамбар сүннетінен өзгеше жол деп түсіну қателік. Мәзһаб имамдары – Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет жолын бізге түсіндіріп, амал етуге оңайластырып берген үлкен мужтаһид ғалымдар. Құран аяттары мен хадистерді лайықты дәрежеде түсініп, одан үкім шығара алмағандықтан, біз сияқты қарапайым адамдардың мәзһаб ұстануы міндет.
Қисса
Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы Мұхаммед Бакирмен Медина каласында жолығып қалады. Мұхаммед Бакир Имамға: «Сіз Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дінін бұрмалап, хадистерін қиястан төмен санайтыныңыз рас па?» – деп сұрайды. Имам Әбу Ханифа: «Алла сақтасын, олай болуы мүмкін емес», – дейді. Мұхаммед Бакир оның жауабына қанағаттанбағанын сезген Имам: «Сізге сұрақ қойсам бола ма?» – дейді. Оның «әрине» деген жауабынан кейін Имам: «Әйел әлсіз бе, жоқ әлде еркек пе?» – деп сұрайды. Мұхаммед Бакир: «Әйел», – дейді. Имам: «Олай болса әйелдің атадан қалған мұрасының үлесі канша?» – дейді. Мұхаммед Бакир: «Ер кісі екі пай алса, әйел бір пай алады» – деп жауап береді. Әбу Ханифа: «Бұл ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзі. Егер мен дінбұзар болсам, қияс жолымен ер кісінің үлесін бір, ал әйел адамның пайын екі есеге арттырар едім. Өйткені, әйел адам әлсіз, табыс табу мүмкіндігі аз, ал ер кісінің әйел адамға карағанда күш-қуаты мол. Еңбек етіп, мол табыс таба алады. Бірақ аят пен хадис тұрғанда мен қияс жасамаймын», – дейді.
Одан кейін имам: «Намаз абзал ма, әлде ораза ма?» – деп екінші сұрағын қойды. Мұхаммед Бакир: «Намаз», – дейді. Әбу Ханифа: «Менің де пікірім осындай. Егер мен дінбұзар болсам, әйел адам етеккірден тазарғаннан кейін намазының қазасын өтеуге әмір беріп, оразаның қазасын өтеттірмес едім. Бірақ, мен қияспен өзгеріс еңгізе алмаймын», – дейді.
Осыдан кейін Имам Әбу Ханифа: «Зәр лас па, әлде шәует лас па?» – деп сұрайды. Мұхаммед Бакир: «Әрине, зәр лас» – дейді. Имам: «Егер мен атаңыздың дінін өзгерткен болсам, зәрмен былғанған денені бастан-аяқ жуындырып, ғұсыл алуды, ал шәует бөлінген адамға тек дәрет алуды бұйырар едім. Бірақ мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дінін өзгертуден аулақпын», – дейді. Бұны естіген Мұхаммед Бакир Имам Әбу Ханифаның зеректігі мен терең біліміне риза болып, ғалымды кұшақтап, маңдайынан сүйген екен.
Екінші, Мәзһаб имамдары: «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзһабым», – деген емес пе?
Мәзһаб имамдарының: «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзһабым»,-дегені рас. Алайда бұл сөз кез-келген қарапайым адамға емес, тек мужтаһид деңгейіне жеткен ғұламаларға айтылған. Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Ғабидин (Алла оны рақымына алсын): «Аталмыш сөз (Құран мен хадис) мәтінін терең түсінуші, оның ашық мағыналы және үкімі жойылғанын жақсы білетін ғалым адам үшін айтылғаны күмәнсіз. Егер мәзһаб ғалымдары қандай да бір дәлелді қарастырып, оның әлсіздігін анықтап, одан қайтып, кейін күштірек дәлелге сүйеніп, онымен амал етіп жатса, оны мәзһабтан деп тану дұрыс. Міне сол кезде ол мәзһаб ғалымының рұқсатымен жүзеге асқан болып есептеледі. Сол үшінде мазһаб имамдарының: «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзхабым», – деген сөзін, «Егер хадис амал етуге жарамды болса, онда ол менің мәзһабым», – деп түсінген дұрыс».
Бұндай сөзді айтушылар көбіне мағынасын өздері де түсінбейді. Оны қандай да бір хадис сахих болса болғаны, сонымен тікелей амал ете беруге болады деп пайымдайды. Ибн Ғабидиннің (Алла оны рақымына алсын) жоғарыдағы түсіндірмесіне қатысты Ханафи мәзһабындағы атақты муфассир, мухаддис әрі фақиһ болған атақты ғалым Шейх Абдулғаффар әл-Ханафи (һижри 1290-1349): «Қазіргі уақытта өзінің қате пікірін ғылыммен шатастыратындар көп. Мысалға кейбіреулер атақты алты сахих хадис жинағының бірін оқып, қандай да бір Ханафи мәзһабының пікіріне қайшы келетін хадисті тауып алады да: «Әбу Ханифа мәзһабының мына мәселеге қатысты пікірі дұрыс емес. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай делінген», – дейді. Бірақ ол кісі оқыған хадистің мәнсух (күші жойылған) не иснады жағынан одан да қуаттырақ хадиске қайшы келуі себепті амал етілмеуі мүмкін екенін білмейді. Бұл жөнінде қарапайым адам біле бермесі анық. Егер ондай адамдар осылайша оқыған әрбір хадисті амал етуге міндеттейтін болса, көптеген мәселелерде өздері адасып, сонымен қатар оларға сауал қойып келгендерді де адастырады», – деген.
Бұдан түсінетініміз – кез келген Имам Бұхари не болмаса Мүслим сияқты ғалымдардың хадис жинақтарын оқып алып, хадисте былай деп айтылған екен деп, оған амал жасауға асықпай, ғалымдардың түсіндірмесін білуіміз қажет. Кей адамдар оқыған хадисіне бірден амал етіп, оны іс жүзінде жүзеге асыруды сүннетке деген ерекше сүйіспеншіліктің көрінісі деп түсінуі мүмкін. Бірақ ондай адамдар сүннетке деген сүйіспеншілігі себепті емес, аталмыш салада маман болмауы себепті қателікке бой алдырады.
Имам Шафиғидің шәкірттерінің ішінде имамның өзі сахих екенін біле тұра, әдейі қабыл етпеген хадистеріне амал еткендер болған. Сондай шәкірттерінің бірі Әбу Уәлид Муса ибн Әбу-л-Жаруд есімді кісі еді. Ол:
أَفْطَرَ الْحَاجِمُ وَ الْمَحْجُومُ
«Қан алдырушының да, оны алып берушінің де оразасы бұзылды», – деген хадисті оқып алып, имамның ұстанған пікірін жоққа шығарғысы келеді. Имам Шафиғи болса аталмыш хадистің сахихтығын біле тұра қабыл етпеген еді. Оны үкімі жойылған хадистерге жатқызып, үкімінің жойылу себебін баяндап, оған дәлел де келтірген. Ол хадистегі үкімді Ибн Аббастан жеткен: «Пайғамбар мухаррам айында ораза ұстаған күйде қан алдырды», – деген хадис жояды.
Бұл айтылғандардан түйетініміз – хадис сахих болса да, оның сыртқы бейнесіне қарап бірден амал етілмейді. Әрбір саланың өз мамандары болғанындай, шариғат ілімінің де жылдар бойы қалыптасқан заңдылықтары мен оны зерттеуші мамандары бар. Ендеше біз де сүннетті түсінуде оны түсіндіруші білім иелерінің пікіріне арқа сүйеуіміз қажет.
Үшінші: Имамдар неге фиқһта Әбу Ханифа ал ақидада Матуриди ақидасын ұстанады?
Имам Матуридидің ұстанған жолы өзге, ал Ханафи мазһабы бөлек дүние деп қарауға болмайды. Имам Әбу Ханифа мен Имам Матуридидің өзара байланысын мына жайттардан нақты көруімізге болады:
– Ханафи мәзһабы делінген кезде, тек қана Имам Әбу Ханифаның пәтуалар жиынтығы дегенді білдірмейді. Ханафи мәзһабы Имам Әбу Ханифаның шариғат негіздеріне сүйенген осы мәзһабтағы басқа да ғалымдардың да үлесі қоса қамтылады.
– Имам Матуридидің тәлім алған ұстаздар тізбегі Имам Әбу Ханифаның атақты екі шәкірті Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед әш-Шайбаниге келіп тіреледі.
– Ханафи мәзһабының негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) әуелгіде кәләм яғни ақида ілімімен айналысып, үлкен мәртебеге ие болған. Адасқан топтармен пікірталастырып, олардың қателескен тұстарын дәлелдеген. Ғалымның «Фиқһ әл-әкбар», «Фиқһ әл-әбсат», «Әл-ғалим уәл-мутағаллим», «Әл-уасия» сынды еңбектері қалған. Кейіннен Имам Әбу Ханифа фиқһ саласына ауысты. Ал Имам Матуриди өз заманында имам Әбу Ханифаның қалаған негіздеріне сүйеніп, ақида ілімінің ары қарай дамуына үлкен үлес қосты.
– Имам Әбу Ханифа дүниеден өткеннен кейін, ол кісінің өмір сүрген дәуірінде болмаған кейбір адасқан топтар шығып, мұсылман жамағаты арасында өздерінің жалған пікірлерін таратты. Осы уақытта Имам Әбу Мансур Матуриди Имам Әбу Ханифаның ақида саласында ұстанған негізін басшылыққа ала отырып, өз еңбектерінде жалған топтардың қателіктерін айтып, адасқан тұстарын дәлелдеген.
Әлемдегі Ханафи мәзһабын ұстаушылар фиқһ саласында Имам Ағзам Әбу Ханифаға, ал ақидада имам Имам Матуридиге сүйенетіні осыдан.
Қадірменді жамағат!
Мәзһаб ұстану адасушылық емес, керісінше қажеттілік. Ешбір мәзһаб Құран мен хадистен, жалпы Исламнан бөлек, өз бетінше жол емес. Халыққа дінді ұстануға жәрдем беретін жеңіл де, жүйелі жол.
Бір мәзһабта болу бізді бөлінуден сақтап, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз мығым болуына ықпал етеді. Ал мәзһабты жоққа шығарып, өз бетімізше Құран және сүннетпен жүреміз деу – қателікке бой алдыруға, бөлінуге, адасушылыққа себеп болады. Сондықтан да бір мәзһабпен жүріп, араңдатушы топтардың бізді шатастыру үшін қойылатын сұрақтарына еріп кетуден, жалған пікірлеріне алданып, бөлінуден сақтанайық. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا
«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерді бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған.
Алла Тағала біздерге бірлік пен ынтымақ нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі