Мазараттарда өсіп тұрған ағаштарды еш себепсіз кесу, шөптерді шабу мәкрух істерден саналады [1]. Өйткені өсіп тұрған жасыл желектер мен ағаштар өздеріне тән тілде Алланы ұлықтап мадақ айтады [2]. Осы жасыл желектердің Алланы зікір ету себебімен Алла Тағаланың марқұмдарға рақымдық етуін үміт етеміз.
Ибн Аббастан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатқан кезде: “Екеуі де азапталып жатыр, бірақ үлкен күнәнің себебінен емес. Олардың бірі кіші дәретті дұрыс сындырмағандықтан, ал екіншісі сөз тасығандықтан азапталуда” деп артынша сахабалардан жас құрма бұтағын сұрайды. Бұтақты екіге бөліп, бір-бірден екі қабірдің басына тіккеннен кейін «(Бұтақ) қурағанша, Алла олардың азабын жеңілдетуі үміт етіледі», – деген екен» [3].
Бұл хадистің түсіндірмесінде имам Қуртуби «(Бұтақ) қурағанша» сөзі әлгі бұтақ кеуіп кеткенше тәсбих жасайтындығына айғақ болады деген. Ғалымдарымыз бұл жайлы былай дейді:
«Қабірге тігілген ағаштың немесе қабірдің басында оқылған Құран Кәрім аяттарының қабірдегі кісілерге пайдасы тиеді. Тігілген бір ағаштың өзі, өлінің азабын жеңілдетері хақ болса, оқылған Құран Кәрім аяттарының қаншалықты пайдасы тиерін кім білсін [4].
Сондықтан қабір басындағы көк шөпті жұлуға, ағашты кесуге болмайды. Алайда мүрденің ішіндегі құрғап қалған шөпті жұлуға, ағаштарды кесуге рұқсат етіледі. Бірақ өртеуге болмайды.
Нұрсұлтан МАМЕТБАЙ,
Жамбыл облысы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Ибн Абидин, Роддул мухтар, 1/155.
[2] Әбу Сағид Хадими, Бариқату махмудие, 4/84.
[3] Бухари, Сахих, №216.
[4] Қуртуби тәпсірі, 10/267.