Әлбетте, Мәуліт мерекесіне қарсы шығуға қандай сенімнің итермелеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Рас, діни мәдениетімізге кейіннен енген ережелер мен рәсімдер «бидға» деп аталады. Жөн-жосықсыз бидға жасау шариғатта ауыр күнә саналады. Бірақ, әһлі сүнна сенімінде бидға Исламға қайшы (бидғат-ул харб) және қайшы емес (бидғат-ул хасана) болып екіге бөлінеді. Әсілі, Мәуліт мерекесінде екі дүниенің сәруары болған Мұхаммед (с.ғ.с) еске алып, оның (с.ғ.с) адамзат баласына қалдырған өнегесін қастер тұту сөлекет емес. Ал, бұл ұлық мерекенің тарихына келетін болсақ, зерттеушілер Мәуліт мерекесін дәстүрлі түрде тойлау Селжұқ түріктерінің көшбасшысы Мұзаферуддин Көкбөрінің кезінен басталғанын айтады. Мұзаферуддин Көкбөрі – Селжұқ түріктерінің Әрбил тайпасының Байтік руының биі. Ол Хақ тағаланың дініне ынты-шынтысымен берілген шынайы мұсылман еді. Алла Елшісін (с.ғ.с.) жан-тәнімен жақсы көретін. Оның (с.ғ.с.) сұлу сүннетінен үлгі алып, қайырлы-сауапты істер жасайтын Мұзаферуддин салдырған керуен-сарайларда жарлы-жақыбайлар мен міскін-ғаріптер қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып ас-су ішіп, құтты мейман болған. Ол сырқат жандар үшін емхана, жесір-жетім мен кембағалдарға арнап қамқорлық үйлерін салдырды. Шешесінен шақалақ кезінен айырылған тұл жетімдерге сүт аналар тауып берген. Мүгедектер мен зағип жандарға қамқорлық жасайтын қайырымдылық үйлерін ашып, әсіресе, қайыршыларға күндік ас-ауқатын беретін. Жас жеткіншектер біліммен көзін ашсын деп медреселер ашып, сауатты мамандардан мұғалімдер тағайындап, қаражатпен қамтамасыз еткен. Ғылыми пікірталас пен рухани сұхбаттарға көп көңіл бөлетін. Әрдайым өз жерінен өтетін мұсылмандардың қауіпсіздігіне кепіл болып, бейбіт өмір сүруге құмбыл тұратын. Мәуліт мерекесінде Көкбөрі қолынан келген бар қайырымды істерін жасаған. Ол іс-шараларды өзі атқарып, сырқаттардың көңілін сұрап, құлан-таза айығып кетуі үшін ақысыз емдеткен. Балаларды қуанышқа бөлеу үшін ойындар өткізетін. Ақындарға жүлде беріп, елге еңбегі сіңген атпал азаматтарға шүлен тарататын. Таңды таңға асырып, Алла Елшісі (с.ғ.с.) туралы уағыз-насихат айтып, көңілдерін бір тасытып, жұртты арқа-жарқа еткен. Мәуліт мерекесінде бүлдіршіннен бастап, жастар мен егде тартқан азаматтар, кәрі қариялар мен кембағал жандар, саудагерлер мен ұстаздар, діни қызметкерлер мен ел басшылары, түрлі саланың өкілдері бір жерде бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, бір-бірімен тонның ішкі бауындай біте қайнасатын. Иә, бір сөзбен айтқанда, Мұзаферуддин Көкбөрінің Хақ Елшісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жыл сайын Мәуліт мерекесін тойлау үрдісі қалыптасты.