ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі мен «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйытқы болуымен Мәуліт мерекесінде 2 отбасыға баспана кілті берілді.
Өскемен қаласының тұрғыны жалғызбасты анаға «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында 466-баспана берілсе, ұзақ жылдар бойы дін саласында қызмет атқарып келе жатқан Зайсан ауданы Жарсу ауылының имамына 487-баспана тарту етілді.
2 отбасыға баспана сертификатын Мәуліт кешінде арнайы халық алдында ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы мен «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі Берік Кәдірұлы табыс етті.
«Мұқтаждарды қуанту, жақсылық жасау – Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ардақтаған ең сауапты істердің бірі. Отбасы үшін баспананың орны ерекше. Біз әрдайым мұқтаждарға қол ұшын беру бағытында нақты іспен айналысудамыз. Қайырымдылық акциясы өңірімізде жалғаса береді» деді Берік Кәдірұлы.
Мәуліт кешінде бұдан бөлек тұрмысы төмен, жалғызбасты және көпбалалы 10 отбасыға қаржылай қайырымдылық жасалды.