Соңғы бір жылда әлеуметтік желіде елімізге белгілі өнер иелері мен блогерлердің, журналистер мен кәсіпкерлердің түрлі ұтыс лотореяларын ойнатуы қатты белең алып кетті. Мың теңге, он мың теңге салып, су жаңа көлік немесе пәтер ұтқысы келетін халық та конкурстардан жалықпайды. KazIslam тілшісі құмар ойынға кімдер құнығады, оларға шариғат не дейді деген сауалға психолог пен дінтанушы маманмен бірлесе жауап іздеді.
«Amanat Rehab» Құмар ойынға салынған адамдарды оңалту орталығының психологы – Аманжан Именжанұлы құмар ойынға құмартқандардың мақсаты ақша табу емес, өз эголарын қанағаттандыру дейді.
«Жеңіл ақша табуға көбінесе өзіне адамдардың назары, махаббаты мен жылулығы жетіспейтін жандар әуес келеді. Олар үшін ақша табу маңызды емес, сол жеңіл ақша табу кезіндегі процесс маңызды. Бір сәттік эйфория. Байқасаңыз, ұтысқа үнемі қатысатын адамдар өздерінің ұтылған сәттерін есте сақтамайды, тек ұтқан кездерін жаттап алады. Демек сол уақытша ләззат оның өзін бағалауына, «мен де бір нәрсеге жете аламын, менің де қолымнан бір нәрсе келеді» деген эгосын қанағаттандыруына ықпал етіп отыр»,-деді маман.
Сондай-ақ психологтың сөзінше адамның құмарлыққа салынуына ата-анасының тікелей қатысы бар.
«Бәріміз балалық шақтан екенімізді ескерсек, құмарлықтың түп-тамыры сонау бүлдіршін күннен бастау алады. Яғни отбасындағы ата-ананың қарым-қатынасы, балаға қаншалықты көңіл бөлетіні маңызды рөл атқарады. Сол себепті құмарлыққа салынған адамдармен жұмыс жасаған кезде, біз ол адамның ата-анасымен де бөлек терапия өткіземіз. Терапия кезінде емделушілерді ата-аналарына хабарластырып: «Мен сізді жақсы көремін» деген сөзді айтқызамыз, сол кездегі екі жақтың реакциясын көрсеңіз ғой. Ересек жігіттердің өзі сол сөзді қиналып, әрең айтады. Кейбірі көзіне жас алып жатады, тұтқаның ар жағындағы ата-аналары да кемсеңдеп тұрады. Неге олар үшін осындай қарапайым нәрсе қиын боп тұр, себеп тағы сол махаббат жетісеушілігі, өзіне деген сенімсіздік»,-дейді Именжанұлы.
Маңдай термен келмеген дүниенің қадірі болмайтыны тағы анық. Асыл дініміз исламда да құмар ойын ойнау харам болып есептеледі.
«Шариғатта нәтижесі немен аяқталатыны беймәлім нәрсеге ынтығып қаражат жұмсау немесе тер төкпей оңай жолмен дүние табу харам болып есептелінеді. Мысалы, құмар ойындарында салған ақшаң құмға сіңген судай құрдымға кетуі мүмкін. Яки, болмаса еңбек етпестен кенеттен мол қаражатқа ие болуың ғажап емес. Алайда, мұндай ойындар шариғатта құмарға жатқызылып, харам саналады. Лотерея ойыны да дәл құмар ойыны тәрізді десек қателеспейміз. Себебі, лотереяда да құмар ойындарындағы секілді қатысушылар жаппай ақша тігіп, ал ұтысқа тек белгілі біреуі ғана ие болады. Ұтысқа ие болмағандар ұтыстан құр алақан қалып, зиян шегеді»,-дейді Мұхан Исахан.
Ислам ғұламалары лоторея арқылы келген сыйлықтарды пайдалану да дұрыс емес екенін алға тартады.
«Шариғат бойынша құмар ойындарына тыйым салғандықтан, лотереядан ұтыс ретінде алған заттар мен бұйымдарды да пайдаланған дұрыс емес. Ғұламалар мұндай жолмен келген дүние-мүлікті жоқ-жітікке тегін үлестіргенді дұрыс санайды. Бірақ, шариғатта харам жолмен келген дүние-мүлікті кедей-кепшікке таратсаң да, одан сауап жинай алмайсың»,-деді дінтанушы.